Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: АСТАНА КЕЛБЕТІ — ҰЛТ КЕЛБЕТІ

Астананың абыройы — қазақ руханиятының абыройы

Жаңа Астана — ежелгі қазақ жерінің төрі

Жаңа Астана — тәуелсіз Қазақстан үшін жарқын келешектің нышаны

Бүгін – Астана күні. Елорда мерекесі әрбір  қазақстан­дықтың жүрегіне қуаныш ұялатып, ертеңге деген сенім мен үмітін  шыңдай түседі. Қарыштап дамып , бой түзеп келе жатқан  жаңа Астананың бүгінгі келбетіне елімізде де, әлемде де сүйсінбейтін жан жоқ шығар. Елорда  келбеті  көпшілікті қарқын алған алып та сәулетті  құрылыстарымен ғана емес, соңғы технологиялар негізінде салынып  жатқан  иннова­циялық жобаларымен де  тамсандыруда. Сарыарқа төсінде қоныс тепкен   әз  Астанамыз бүгіннің өзінде  алып Азия мен еңселі Еуропаның шоқтығы биік қалаларымен иық теңестіріп, халықаралық алқалы жиындар мен басқо­су­лардың, әлемдік ірі оқиғалардың астанасына, барша ұлт пен ұлыстың басын қосқан бірлік мекеніне  айналған.  Мұнда дүние жүзінің көшбасшы­лары,әлемдік дін өкілдері бас қосып, пікір алмасады, тарихи маңызы зор шешім­дерді қабылдайды.

Бүгінгі Астана — тәуелсіз мемлекеттің елордасы ғана емес, ол қарыштап дамыған мемлекеттің, мәңгілік достық­тың сим­волы да. Қазақ Елінің заманауи Бас қаласының  әлем халық­тарына ұсынар ұлағатты  да ұтқыр  ұстанымы  мен  жүйелі   жетіс­тіктері аз емес.  «Алматы ақшамының» бүгінгі мерекелік санына  еліміз астанасының осы жеңісті жолдары арқау болады.

Нұрсұлтан  НАЗАРБАЕВ:

АСТАНА – ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНЫҢ ОРЫНДАЛҒАН Ү

МІТІ МЕН АРМАНЫНЫҢ КӨРІНІСІ

Астана сөзінің өзінде киелі ұғым бар. Ол біздің арман-тілегіміздің нақты жүзеге асуының белгісі. Бұл даланың көгінде талай ондаған жылдар бойы бостандық пен тәуелсіздік идеясы қалықтап жүрген, ол өз жеріне шексіз берілген адамдардан күш-қуат алған.

***

Астана егемен Қазақстанды өзгертудің нышанына айналуы тиіс. Қазақстанның елордасы Астана шағын провинциялық қаладан XXІ ғасырдың осы заманғы әкімшілік орталығына айналды.

***

Астана – бұл бүкіл қоғамның ереже-тәртібі мен салт-дәстүрі, мінез-құлық кұрылымдары қалыптасатын жер.

***

Жаңа Астана – ежелгі қазақ жерінің төрі.  Сондықтан мен Астананың дамуы – Қазақстанның дамуы деген қарапайым да ұғынықты өркендеу формуласын ұсындым.

***

Жаңа Астананың қаласы да, адамдарының санасы да жаңа болсын.

Аз ғана уақыттың аясында Астана қазірдің өзінде елдің осы заманғы ірі тез дамушы қаласына айналды. Ол еуразиялық кеңістікте үлгі тұтарлық астанаға айналып, елдің орнықты дамуын қамтамасыз етудің негізі бола алады.

***

Астана келбеті – ұлт келбеті. Астана – Отанымыздың жүрегі.

Астана біздің үмітіміздің символына, өз күшімізге деген сенімнің символына, болашақтың символына айналды.

***

Астана қазірдің өзінде жай елорда емес, ол енді еуразиялық интеграцияның елордасы ретінде көрініп отыр. Нақ осы Астана өңірлік даму бойынша жаңа идеялардың, көзқарастардың, нақты бағдарламалардың генераторы болуда.

***

Астана жаңашыл архитектуралық және ландшафтық эстетиканың өнегесіне айналды.

***

Астана бұл осы заманғы аса ірі геосаяси жоба, ол Қазақстан туралы түсінікті өзгертеді.

***

Елордамыздың аты халықаралық сөздік қоры­на тез-ақ енді, әлем картасында өзіне-өзі сенімді мемлекет пайда болғанын аңғартатын маңызды мағынаны ала келді.

***

Біз ғасырлар тоғысында тәуелсіз жаңа мемле­кет орнатып, байтақ еліміздің жол ортасынан бас қаламыз Астананы салдық. Бүгінде әлемдік қауымдастық үшін Қазақстан мен Астана атаулары егіз ұғымға айналып кетті. Бұл ұғым қарыштап даму мен өрісті өркендеудің өнегелі үлгісі ретінде орнықты.

***

Астана – біздің келешегімізге қатысты маңызды шешімдер қабылдайтын мемлеке­тіміздің саяси орталығы ғана емес, ұлттық рухымызды ұйытып отырған рухани ордамызға да айналып отыр.

***

Астана – біздің нағыз тәуелсіздігіміздің түйінді рәмізіне және қуатты факторына айналды, бұл арманға біздің халқымыз ғасырлар бойы ұмтылып келген еді.

***

Астана – Қазақстанның жаңаруының нышаны, оның көп ұлтты халқының жасампаз күш-қуатының куәсі.

***

Егер Астана елтаңбасына зер салар болсақ, онда бір ғана қаланың осынау елтаңбасына, ондағы бейнеленген таңба суреттер тәуелсіздік алған әрі әлемдік саяси, қоғамдық, әлеуметтік және экономикалық  даналық қазынасына қосылған Қазақстанның, біздің мемлекетіміздің бүкіл рухы мен ділін нышанды көрсеткенін аңғарасыз.          Астана елтаңбасында Қазақстанның барлық азаматының ақыл-парасаты мен ой-сезімі бейнеленген.

***

Астана – бүгінде тәуелсіздігіміздің, республикамыздың жаңаруының символы.

***

Астана – ұлттық байлық. Ол – жалпымызға ортақ табыс. Мерейтой халықты тұтастыратын, біріктіруге қызмет етуі тиіс. Ортағасырлық Бозоқ  қаласын Ақмоланың тікелей бабасы деп санауға болады. Ал оның ең соңғы ұрпағы қазіргі заманғы Қазақстан астанасы – Астана болып табылады.

***

Астана – жаһандық конфессияаралық үнқатысудың орталығына Әлемдік және дәстүрлі діңдер лидерлері съезінің орталығына айналды. Осынау бірегей форум түрлі халықтардың арасындағы өзара түсіністік пен әріптестікке қызмет етеді.

***

Астана – бұл осы заманғы Қазақстанды дамытудың, біздің ортақ табыстарымыздың, бақ-берекеміз бен сенімді болашағымыздың символы!

***

Бүгінгі Астана мен келешек Астана – бұл біздің стратегиялық ойларымыз бен ұмтылыс­тарымыздың ең басты жемісі.

***

Астананы көшіру Қазақстанды жаңа тәуелсіз мемлекет ретінде орнықтыруда зор рөл атқаратынына мен сенімді болдым.

***

Астана – Қазақстанның жаңаруының нышаны, оның көп ұлтты халқының жасампаз күш-қуатының куәсі.

***

Қала дамуының бір күні де менің көз алдымнан тыс қала алмайды. Өйткені, елдің астанасы барлық жағынан бүкіл өңірлерге үлгі болуы тиіс.

***

Астана шын мәнінде экономиканың, капитал өсімінің белдеу-полюсіне айналуға тиіс. Болашақ экономикасын қалыптастырудың бағыт­таушысына, бағдар көрсетушісіне айналуға тиіс.

***

Біз Астананың салынуын ешқашан тоқтатқан жоқпыз. Күн санап құлпырып, ажары айшықтанып келе жатқан елордамыз барған сайын өмір сүруге қолайлы, халыққа жайлы қалаға айналуда.

***

Енді елорданы халықаралық ауқымдағы инновациялық орталыққа айналдыруды қамта­масыз етуіміз керек.

***

Біздің міндетіміз – Астананы орман аймағы Ақкөлмен, Бурабай орман алқабымен біріктіру.

***

Астанада барлық интеллектуалдық әлеует қордалануы керек. Мен бұл үшін бәрін жасауға тырысамын.

***

Астанада енді халықты емдейтін үздік орта­лық­тардың бәрі бар. Жастар оқитын білім-ғылым ордаларының бәрі бар. Спортпен шұғылдану, тәнді шынықтыру, шымыр болу үшін барлық жағ­дай жасалған. Халық көңіл көтеру үшін баратын жерінің бәрі бар. Ойын-сауық мәселесі ойласты­рылған бұл жерде. Жылу бар, жарық бар. Транспорт жүйесі, жан-жақтан, Қазақстанның әр түкпірінен қалаға қатынау және Астананы әлемнің шартарабымен қосатын жүйе құрылды.

***

Астананың негізін-ұстынын қалап, елорданы құрудың негізгі барлық шараларын бітірдік деп санаймыз. Ендігі жерде тұрғындардың астаналық атына сай болуы, түрімен де, жан-дүниесімен де нағыз астана халқына айналуы, тәртібіміз де, жүріс-тұрысымыз да соған лайық болу мәселесіне көңіл аударуымыз керек.

***

Астана күн санап өсіп келеді. Ол – еліміздің қарқынды көркеюінің көрінісі. Дағдарыс тұсында да бір күн де Астананың құрылысын тоқтатқан жоқпыз. Осылайша, Сарыарқа төсінде сәулетті шаһар тұрғыздық.

   http://almaty-akshamy.kz/2017/07/05/%D0%BD%D2%B1%D1%80%D1%81% D2%B1%D0%BB% D1%82%D0%B0%D0%BD-%D0%BD%D0%B0%D0%B7%D0%B0%D1%80%D0%B1% D0%B0%D0%B5%D0%B2-%D0%B0%D1%81%D1%82%D0%B0%D0%BD%D0%B0-%D0%BA%D0%B5%D0%BB%D0%B1%D0%B5%D1%82%D1%96-2/a

ПІКІР ҚАЛДЫРУ