Жанат Сейдуманов: қазақ кітабы араб әлеміне шықты

  Ұлттық кітапхана – қазақ руханиятының рухани ошағы. Күнделікті басылымдардан бөлек, сан мыңдаған кітап кітапхана қорында жинақтаулы тұр. Рухани байығысы келген әрбір азамат Ұлттық кітапхана есігін қағатыны анық. Одан бөлек Ұлттық кітапхананың ең үлкен құндылығы – сирек қолжазбалар қоры. Қордағы ең көне кітаптардың бірі – XII ғасырдан қалған Құран. Ұлттық кітапхана басшылығы бүгінде араб әлемімен тығыз қарым-қатынас жасай бастады. Оған себеп: сирек қордағы араб қарпімен жазылған қолжазбалар екені даусыз. Жуырда ғана Әбу-Дабиде іссапарда болып қайтқан кітапхана директоры Жанат Сейдуманов соңғы жаңалықтарымен бөлісті.

      – Араб әлемі қазақ кітаптарын тани бастады. Бұған дейін араб елдері қазақ кітабынан хабарсыз болған ба?
– Ұлттық кітапхана біраз уақыттан бері араб әлемімен жұмыс істей бастады. Мұндағы мақсат – қазақ әдебиетін, қа­зақ руханиятын араб дүниесіне таныс­тыру. Алғаш біз наурыз айында Кувейтте болдық. Сол елдің ұлттық кітапхана­сы­мен арнайы келісімшартқа отырып, екі- жақты ынтымақтастық жасайтын болып келістік. Осы кезден бастап, араб әлемі бізді қызықтыра бастады. Не себепті десеңіз, қазақ әдебиетінен мүлдем бейха­бар. Қазақтың классикалық әде­бие­тін танытуымыз қажет емес пе?! Жалпы, араб халқы кітапты үлкен құн­дылық деп бағалайды. Кувейтке сапа­рымыз бары­сында он шақты қазақ кіта­бын апарған едік. Одан бөлек Кувейт­ке барған қазақтың іскер азаматтары да елу шақты қазақ кітабын ала барған екен. Бас-аяғы елу-алпыс кітапты Кувейттің ұлттық кітапханасына тарту еттік. Қазақ кітабын неге көп апармадық? Оның себебі, араб әлемінің сұрайтыны – ағылшын тіліндегі жинақтар. Өкінішке қарай, ағылшын тіліне аударылған нұсқалары жоқтың қасы. Әрі оларды қызықтыратын дүние­лер­дің көбі – қазақтың тарихына, мәде­ние­тіне қатыстылары ғана. Екіншіден, араб әлемі көбінде поэзияға жақын. Қа­зақ ақындарының өлең жинақтарын көбі­рек сұрағанымен, тағы да аударма мәселесі жанды қинайды. Ақындардың өлеңдері араб, ағылшын тіліне аударыл­маған. Осының бәрін ескере отырып, біз арнайы меморандумға отырдық.
       – Аударма мәселесімен кім айналы­са­ды? 
– Аударма мәселесі түйткілді дүние­лердің бірі болып тұр. Ұлттық аударма бюросын ашу мәселесі де Үкімет тара­пынан көтерілген болатын. Бұл жылдам шешіле қоятын шаруа емес. Поэзияны да, прозаны да аудару үшін арнайы мамандар керек. Араб тілін білетін мамандар көп. Сөзбе-сөз аудару да жеңіл. Мағынасына қарай аударма жасау екінің бірінің қолынан келе бермейді. Мәселен, Абайдың өлеңдерін жолма-жол аударып бере алмаймыз ғой. Сол секілді, ақындардың өлеңдерін аудару мәселесі күн тәртібінде тұр. Қазақ поэзия­сын араб тілінде сөйлету үшін шеберлік керек. Қазір бұл мәселе бойын­ша арнайы келісімдер жүріп жатыр. Әуе­лі прозадан бастайтын болып келістік.
       – Қаламгерлерді іріктеу белгілі бір категория бойынша жүзеге аса ма?
– Классикалық әдебиет өкілдерін, қазіргі заман жазушыларының тізімін арнайы дайындап қойдық. Біріншіден, арнайы жинақ етіп шығару жоспарда тұр. Ол жинаққа жазушылардың бір-бір шығармасы ғана енеді. Аудармаға кететін шығынды әріптестеріміз өздері көтеретін болды. Әрі кітаптың таралымын да өздері реттемек. Жинақ мың данамен шығарылатын болса, оның таралуы да әріп­тес­тер тарапынан жүзеге асырылады. Кувейт­­тен кейін Мысырға арнайы іссапар­мен барып қайттық. Мысыр елімен де біздің ерекше байланысымыз бар. Онда біздің бабаларымыздың ізі қалған. Сұлтан Бейба­рыс бабамызды еске алмау мүмкін емес. Бабаларымыз қалған аяулы мекенде қазақ кітап орталығын аштық. Ол жақта қазақ­стан­дық студенттер өте көп. Мысырға екі жүздей кітап апарған едік. Әлі де сұраныс түсіп жатыр. «Қазақ газеттерін, жаңа шыққан кітаптарды алып келсеңіздер» деген ұсыныс тастауда.
      – Қазақ тіліндегі кітаптарға сұраныс бар ма?
– Қазақ студенттері көп оқитын болған­дықтан, Мысырға қазақ тіліндегі кітаптарды көбірек жібердік. Елін, туған жерін сағынған жастар қазақ кітаптарын оқып, мауқын басады деген ниеттен туды. Кувейтке қазақ тіліндегі кітаптарды жіберу мүмкін емес. Он­дағы оқырмандар тілді білмейді. Сол себепті де, ол жаққа көбіне фотоальбомдарды жіберу­ге тырыстық. Қазақстан, Алматы туралы фотошежіреге толы жинақтарды алып бардық. Сәуір айында Алматыға Кувейт­тен арнайы делегация келді. Он төрт адамнан құралған делегациямен Ұлттық кітапханада бас қосып, кітап төңірегінде пікір алмастық. Екі ел арасындағы байла­ныс­тар құр сөз жүзінде қалмайды. Іспен де дәлелдесек деген ниетіміз бар. Оның бір дәлелі – делегацияның келуі. Бұдан бөлек арнайы қазақ мәдениетіне қатысты кітап көрмелерін ұйымдастыру. Жыл сайын Бірік­кен Араб Әмірліктерінде дүниежүзілік кітап көр­месі өтеді. Сәуір айында өткізілетін көр­ме он күнге ұласады. Ең үлкен кітап көр­ме­сі Германияның Франкфурт қаласында өт­кізіледі. Одан кейінгі үлкен көрменің бірі – Әбу-Дабидегі кітап көрмесі. Оған қаты­сушылардың тоқсан пайызы – араб әлемі. ТМД елдерінен Қазақстан ғана бар. Көрмеге қатысқанымыздың арқасында биыл Дубай­дың көпшілік кітапханасында қазақ кітабы­ның орталығын аштық. Екі жүз елудей кітап тапсырдық. Дубайда қазақ азаматтары өте көп. Екі ел арасындағы достық-ынтымақтас­тық қарым-қатынас өте жоғары. Осы жолғы сапардағы тағы бір үлкен жетістігіміз – Жұма әл-Мәджет кітапханасымен байланыс орнат­қанымыз. Жұма әл-Мәджет – Арабия­да­ғы беделді, өте бай кісілердің бірі. Көпшілік кітапхананы өзі қаржыландырады. Кітап қоры өте мол. 800 мыңға жуық кітабы бар. Орталықта болып, қазақ кітаптарын арнайы сыйға тарттық. Алғаш барғанымызда көзіміз жеткен бір дүние – бірде-бір қазақ кітабының болмауы. Өзбек, тәжік, түркімен тіліндегі кітаптар бар. Ақсақалмен кездесіп, бір сағаттай тілдесіп қайттық. Жасы сексенге келсе де, әлі де тың. Ол кісімен ортақ келі­сім­­ге келдік. Ол – Сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар қорындағы араб әліпбиімен жа­зылған кітаптарды аудару. Өздеріңіз біле­сіз­дер, Ұлттық кітапхананың сирек қол­жа­з­балар қорында араб, шағатай, көне түркі тіліндегі кітаптар өте көп. сирек қорда отыз мыңдай басылым бар. Отыз мыңдай басы­лым­ның ішінде бір мыңдай қолжазба бар. Солар­дың арасында 173-тейі араб қарпінде басылған.
      – Араб қарпінде басылған қолжазбалар Ұлттық кітапхананың сирек қолжазбалар қорына қалай келген?
– Әр жылдары сақталып қалған кітаптар. Ре­волюция жылдарында қолдан-қолға кө­шіп жүрген. Жекелеген азаматтар кезінде кітапханаға алып келіп өткізген. Сирек кі­таптар мен қолжазбалар қорындағы қол­жаз­балар десе, бірден Құран деп ойлайды. Араб қар­пімен басылған қолжазбалардың бар­лығы дерлік Құран кітаптар емес. Олардың арасында басқа да қолжазбалар бар. 173 кітаптың 39-ы ғана Құран екен. Қалғанын есептей беріңіз. Осы қолжазбаларды реттеу үшін арнайы мамандар шақырдық. Қазір сирек қолжазбалар қорында араб тілінің мамандары жұмыс істеуде. Солардың бірі – Ықтияр Палтөре. Осы кісілердің арқасында, жаңа деректермен қауышып жатырмыз.
        – Араб әлемі әйгілі Отырар кітапханасын біле ме екен? Сұрап көрдіңіз бе?
– Өкінішке қарай, Отырар кітапханасы туралы білмейді екен. Әйгілі Александрия кітапханасы секілді әлемге танымал Отырар кітапханасының болғанын айттық. Қазақ­стан туралы, қазақ тарихы туралы айтқанда, таңданыстарын жасырмады. Тарихқа, мәдениетке қатысты фотоаль­бомдарды апа­руы­мыздың да себебі – осы. Өйтке­ні жал­пылама мәліметтері болға­ны­мен, нақты Қазақстан туралы көп біле бермейді.
      – «Қолжазбалардың көшірмесін көрсет­тік» дейсіз. Қолжазбадағы таңбалар ол кісі­лер­ге таныс па?
– Сирек кітаптардағы араб қарпін еркін оқи алады екен. Тіпті қолжазбаларды көр­ген­де таңғалды. Әрі бұл қолжазбалардың көпшілігі ХVІІІ ғасырға тиесілі. Сондықтан мұндағы жазбаларды оқу ауыр тимеуі мүм­кін. Ең қызығы, бізде сақталған қолжаз­ба­лар олардың өзінде жоқ екен. Біз кездескен екі ақсақал да араб мәдениетіне айрықша еңбек етіп жатыр. Жеке өз қаржыларын шығарып, үлкен кітапхана ұстап отыр. Біз­дің сирек қордағы кітаптарды зерттеп-зер­делеп, сақтауымыз қажет. Оны нақты зерттеу үшін қомақты қаржы керек. Оған біздің қаражатымыз жете бермейді. Сол себепті де, арнайы келісімге отырдық. Олар бізге қажетті техникалық құрал-жабдық­тар­мен қам­­тамасыз етуге көмектесетін болды. Екін­ші жағынан, қолжазбаларды реттеп, рестав­ра­ция жасау үшін мамандар қажет. Оларда ондай мықты мамандар жетерлік. Келешекте біздің мамандар барып, тәжірибе алмасып қайтатын болды.
        – Кітап көрмесіне апаратын кітаптар қа­лай іріктеледі?
– Араб әлеміне дейін де Мәскеуде, Франк­фуртта өткен көрмелерге жиі қатысып жүрміз. Көрмеге қажетті кітаптарды іріктеу қиындық тудырмайды. Мемлекет басшы­сы­ның еңбектері, фотоальбомдар, тарихи шежіре кітаптарды жиі апарамыз. Қандай кітаптарға сұраныс болатынын жақсы біле­міз. Елбасының кітаптарын көп сұрай­ды. Қазақтың тарихына қатысты фотоаль­бом­дар көбірек қызықтырады. Алдағы 12-14 мау­сым­да Ұлттық кітапханада Халықаралық әдеби Биеннале өтеді. Оған бірнеше мем­ле­кеттен өкілдер келеді. Бұл «ЭКСПО – 2017» көрмесі аясында өткізіледі. Бұған өзіміздің қаламгерлерімізді де шақырып отырмыз. Қазақ әдебиетінің өкілдері туралы, қазақ әдебиеті туралы өзге елдер біле берсін, қазақ мәдениетімен жақынырақ таныссын деген мақсатымыз бар. 12 маусым күні түнгі сағат 10-да «Қоғамның рухани көкжиегіне жазу­шылардың ықпалы. Әлемнің тұрақты дам­уы» атты ғылыми практикалық конференция өткізіледі деп жоспарлап отырмыз. Мұнда мәдениет және тарих байланысы қамтылады.
      – Араб әлемінен бөлек, сирек қордағы өзге де қолжазбаларды зерттеу-зерделеу жұмыс­тары қолға алынды ма?
– Көне түркі, шағатай тіліндегі жазбалар да сирек қорда жетерлік. Одан бөлек өзге елдерде де біздің тарихымызға, мәдение­ті­міз­ге қатысты көне жазбалар бар емес пе? Сондай құнды жәдігерлерді іздеу үшін де бірқатар жобаларды қолға алдық. Бір жігітіміз қазір Үндістанда жүр. Құдай қаласа, екі-үш айда қазақ оқырманы жақсы жаңа­лық­тармен қауышады деген үміттеміз. Сон­дай-ақ сирек қолжазбалар қорында әлі белгі­сіз болып жатқан тарихи дүниелер бар. Оны да зерттеп-зерделеуіміз қажет.
      – Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: руха­ни жаңғыру» мақаласында аударма мәселесіне де айрықша тоқталғаны белгілі. Қазақ әде­бие­тін араб тіліне, ағылшын тіліне аудару үшін нақты жобалар қолға алынды ма?
– Аударма мәселесі – өте күрделі дүние. Қазақ әдебиетін араб тіліне аудару қажеттігін жаңа айтып өттім. Әдебиетіміз әлемге таны­лу үшін қазақ тілінде ғана шығару аздық етеді. Қазақ әдебиеті шетелге танымал емес. Мұхтар Әуезовтің, Ілияс Есенбер­линнің бірлі-жарым шығармалары болмаса, көп­шілігі аударылмаған. Абайдың «Қырық бес» қара сөзі араб тіліне тәржімаланған. Өлең­дері толығымен жеткен жоқ. Есенбер­лин­нің «Көшпенділерінің» бірінші томы ғана араб тілінде шыққан, қалған екі томы оларға жетпеген. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» бірнеше шет тілінде жарық көргенімен, ұлы жазу­шының шығармалары толығымен әлем­ге танылды деп айта алмаймыз. Бізге клас­сиканы өзге тілге аудару қажет. Арнайы тізім дайындадық. Ол тізімде классиктерден бө­лек, бүгінгі заман әдебиетінің де өкілдері енгізілді.
         – Тізімге енген жазушылардың арасында кімді атап айта аласыз?
– Дулат Исабеков, Бексұлтан Нұржекеев, Смағұл Елубаев және көптеген жазушы­ла­ры­мыздың кітаптары еніп отыр. Елу-алпыс қалам­гердің шығармаларын іріктеп отыр­мыз. Бұл кісілердің шығармалары кезінде орыс тілінде шыққанымен, шет тіліне көп аударылған жоқ. Араб тілінде мүлдем жарық көрмеген. Қазақ поэзиясы да көпке таныс емес. Мұның бәрі бір күнде аяқталатын шар­уа емес. Алла бұйыртса, осы жобаларды қол­ға алдық. Нәтижесін уақыт көрсетеді. Кітап – ұлы құндылық. Бұл құндылықтан ешқашан бас тарта алмаймыз. Әлем қазақ әдебиетіне енді-енді көз тігіп отыр. Араб әлеміне, ағыл­шын әлеміне танылатын лайықты дүниелер қа­зақ әдебиетінде жетерлік. Тек, іске сәт дейміз.
        – Әңгімеңізге рақмет!

       Сұхбаттасқан Гүлзина БЕКТАС

    https://aikyn.kz/2017/05/24/14373.html

Пікір қалдыру