Бадабер көтерілісіне қатысқан қазақ кім?

   Ауған соғысының аяқталғанына 15 ақпанда аттай 28 жыл толғалы отыр. Азабы мен зардабы, шығыны мен шатағы көп Ауған соғысының тарихы әлі де түгенделіп біткен жоқ. Қаншама адамның өмірін жалмаған бұл соғыстың бір қаралы беті – тұтқынға түскендер тарихы. Ауған соғысы аяқталғанда із-түзсіз жоғалғандар мен тұтқынға түскен әскери қызметшілер саны 417-ге жетті, кейін олардың 119-ы тұтқыннан босатылып, олардың 97 адамы отанына қайтарылды, ал 22-сі басқа елдерге кетті.

      Соғыс аяқталғаннан кейінгі 20-30 жыл ішінде тұтқынға түскендер мен із-түзсіз жоғалғандар туралы статистикалық деректерге өзгерістер ене бастады. Соңғы мәлімет бойын­ша іздеуде жүргендердің саны қазіргі таңда 264 адамды құрайды. Тұтқынға түскен кеңестік жауынгерлер түрлі бандалық топтардың қолында не­месе арнайы лагерьлерде азап­тал­ды. Соның бірі Бадабер лагері еді…
1983-1985 жылдары Ауғанстан шекарасынан 24 шақырым және Пешавардан оңтүстікке 10 шақырым Пәкістан аумағына қарасты Бадабер қышлағында ауған босқындарына арналған лагерь болды. Ол – ауған со­ғысында тұтқынға түскен кеңес әскерінің ерлігі көрініс тапқан жер. Осында «Әулие Халид ибн Ва­лид ұрыскерлерін дайындау ор­та­­лығы» ұйымдастырылды, мұн­да АҚШ, Пәкістан, Қытай және Египеттен келген әскери нұс­қаушылар басшылығымен бо­лашақ моджахедтердің оқу-жаттығуы өткізілді, олар Ауғанстанға қай­тып, онда кеңес әскерлерінің кон­тин­ген­тіне қарсы қарсылықты жал­ғастыру үшін дайындалды.
Барлығы лагерьде әскери істің 65 нұсқаушысы жұмыс істеді, олардың кө­бі Пәкістан мен Египеттен кел­­­гендер еді. Алтауы АҚШ аза­мат­т­ары болды. Лагерь әскери ба­за­сымен қоса 500 гектар жерді қам­титын аумақты алып жатты. Балшықтан жасалған үйлерден және шатырлардан басқа мұнда қару-жарағымен 6 қойма орны мен 3 түрме орналасты.Кеңестік әскери тұтқындарды бұл базаға, 1983-1984 жылдары америкалық нұсқаушылардың басшылығымен бүлікшілерге жүргізілген тәжіри­белік оқулар кезінде әкеле бастады. Оның алдында олар, негізінен, әр жеке бандалық топтың өздері жа­саған зындандарда ұсталды. Тұтқын кезінде шуравимен (кеңес­тік әскер) және Ауғанстан өкіметінің әскери тұтқындарымен барлық қарым-қатынасқа тыйым салынды. Олармен әңгімелесуге тырысқан кез келген адам қатты жазаланды. Кеңестік тұтқындарды ең ауыр жұмыстарда – тас қашау орындарында, оқ-дәрілерді тиеу және түсіру, балшықтан бекініс салу кезінде қолданды. Қандай да бір кішкене қателік немесе айып үшін оларды соққыға жықты. Кейбір куәгерлердің айтуы бойынша, түрме коменданты Абдурахман оларды қорғасын бауырлы қамшымен ұрып-соғыпты. Онымен бір мезгілде мод­жа­хедтер тұтқындарға Ислам ді­нін қабылдатты. Әртүрлі дерек бойынша, Бадаберде барлығы 40 ауған және14 кеңестік әскери тұтқындар болды.
Бірақ шыдамның да шегі бо­лады. Әбден азапталған әскери тұтқындардың ақыры өзіндік жос­парлары пісіп-жетілді. Олар ла­ге­рьдегі қару-жарақ қоймасын ба­сып алып, моджахедтердің бас­­­шылығынан Исламабадта ор­­наласқан кеңес немесе ауған елшілігінің адамдарымен кезде­суді талап ететін жоспар құрды.Жоспардың тағы бір – түрі қой­ма­дағы қолға түскен оқ-дәрі, қару-жарақ­пен қаруланып, қашып құтылу немесе радиостансаны басып алып, өздерінің орналасқан жерін көрсетіп, эфирге шығу болды.Олар мұның өте қауіпті екенін білсе де, солай жасауға мәжбүр болды. Өйткені абақтыдағы азап әбден жандарына батты. Кейбіреулерінің тұтқында жатқанына 3 жылдан асты, сондықтан оларға кері қайтудың басқа жолы қалмады.
Бадабердегі тұтқындар көтерілісі 1985 жылы 26 сәуір күні кешкі сағат 21.00-де басталды. Дәл осы жұ­ма күні лагерьдегі көпшілік мод­жахедтер мешітке кешкі намазға кетті.Тұтқындарды қарауылдауға тек екі дұшман қалды. Осыны пай­­даланып, тұтқындардың бірі оларды байлап, тұтқындар отыр­ған камералардың біріне қамап қойды. Оларды қарауылдауға ауған тұтқындарының бірі, бұ­рын­ғы «Царандой» (ауған елінің ми­лициясы) жауынгерін қойды, ал өздері сол уақытта, қару-жарақ сақталған қоймалардағы барлық құлыптарды бұзып, қаруланып, оқ-дәрілерді төбеде орналастырылған қосарлы зеңбірек қондырғысына және ДШК(станокты үлкен ка­ли­брлі) пулеметіне сүйреп жеткізді. Миномет пен РПГ (танкіге қар­сы ататын қол гранотометі) жа­уын­герлік әзірлікке келтірілді. Ке­ңес­тік тұтқындар мен олардың ауғандық одақтастары бекіністің барлық негізгі нүктелерін басып алды.Олар өздерінің шешімдеріне сенімді болды, өйткені тұтқындар дұшман аталған бүлікшілердің зорлық-қорлықтарына әбден тойған еді. Сондықтан олар ақырғы жаны қалғанша арпалысуға бел буды.
300-ге жуық адам, оның ішін­де АҚШ, Пәкістан, египеттік нұс­қаушылары бар, бүкіл база аяғынан тік тұрды. Олар батыл ұрыс жүргізу арқылы лагерьдегі ба­қылауды қайтарып алғысы кел­ді, бірақ олар барлық қару-жарақ түрінен атқыланған дүлей оқ пен отқа тап болып, ауыр шы­ғын­­­­дарға ұшырағаннан кейін арт­қа шегінуіне мәжбүр болды. Оқиға орнына «Ауғанстандағы Ислам қоғамы» партиясының көшбасшысы, дала командирінің бірі Бурханутдин Раббани келді, Бадабердегі база соның қарауында еді. Сағат 23:00-де Б.Раббани Халид-ибн-Ва­ли­даның моджахедтер полкын кө­­терді, бекіністі айнала қоршап, кө­терілісшілерге бекіністі беруін бұйрық етті. Тұтқындарды қор­шауға моджахедтермен бірге зең­бірекшілер, ауыр техника, Пәкістан әскери қызметкерлері қатысты. Әуеде Пәкістан әуе күштерінің ұшақтары қоршады. Б.Раббани егер көтеріліске шыққандар қар­сы­лықсыз берілсе, оларға жеке өмірін сақтап қалуға уәде берді. Бірақ олар үзілді-кесілді қарсы жауап берді.Тұтқындар КСРО, АДР, Қызыл крест және БҰҰ елші­лі­гінің өкілін шақыруды талап етті. Кеңестік тұтқындар, егер де олардың талаптары орындалмаса, қойманы жарып жіберуге уәде берді. Б.Раббани бұл талаптарды ысырып тастап, шабуылға шығуға шешім қабылдады. Көп ұзамай, екінші шабуыл басталды. Қақтығыс түні бойы жалғасты. Көтерілісшілердің күші сейіле бастады, бірақ моджа­хед­тер одан да қатты шығынға ұшырады.
27 сәуірде таңғы сағат 8-де кө­терілісшілердің берілмейтіні белгілі болды. Шабуыл кезінде Раб­бани гранатомет оғының жа­рық­шағынан сәл болғанда жан тап­­сыра жаздады, осы кезде оның оқ­қағары жарықшақтан ауыр жа­рақат алды. Б.Раббани аяусыз шабуылдап, лагерьді толық жойып жіберуге шешім қабылдады. Қалған шағын топ күштерімен кө­те­рі­ліс­шілерді баса алмаған соң олар ауыр артиллерияның реактивті қон­дырғыларынан дүркін оқпен атып тастады. Осы күні таңертең Пәкістан артиллериясы Бадабер бе­кінісін зеңбірек оғымен жаудыра бас­та­ды. Снарядтардың бірі тірі қалған кеңес жауынгерлері орналасқан қару-жарақ ғимаратына келіп түс­ті. Оның жарылысы сол жерде сақ­талған барлық оқ-дәрілерге серпіліс берді.Қуатты жарылыс Бадабер ба­з­асын жермен-жексен етті. Ке­ңес­­тік жауынгерлердің денелері қи­­­раған қару-жарақ ғимараты үйін­­­ділерінің астында қалды. Ал осын­­дай кескілескен шайқаста тірі қалып жараланған, контузия (снаряд соққысы) алып әлсіреген үш жауынгерді долданған бүлікшілер ғимараттың бір бұрышына сүйреп, оларды қол гранаталарын лақтырып жарып жіберді. Олардың бәрі жау қолынан бақилық болды. Кейбір мә­ліметтер бойынша, Бадабер бе­кінісін амалы қалмаған кеңестік тұтқындар өздері жарып жіберген делінеді.
Арпалысқан атыста 120 мод­жа­хед­тің, 40-тан 90-ға дейін Пәкістан армиясы жауынгерінің және 6 аме­ри­калық нұсқаушылардың көзі жо­йылды. Бадабер базасы түгел жо­йылды. Қару-жарақ қоймасы жарылысы нәтижесінде бүлікшілер 3 дана РСЗО «Град» (бірдей ат­қы­лай­тын көп діңді реактивті соғыс машинасы) қондырғыларын, 2 мил­лион патрон, 40 зеңбірек, миномет және пулемет, 2 мыңдай ракета мен снарядтар жоғалтты. Түрме кеңсесі де, ал онымен қоса, өкінішке қарай, тұтқында болған адамдардың тізімі де жойылды.
КСРО тарапынан болатын жа­за­дан қорыққан Пәкістан Бада­бер­дегі шайқас туралы ақпарат ашылып кетпесін деп бар әрекетін жасады. Бадабер журналистер мен дипломаттар үшін жабық болды. Ресми Пәкістан болған оқиға ту­ра­лы ешбір түсініктеме бермеді. КСРО аумағында да, дәлірек айт­қанда, билеушілер, өкінішке қарай, Пешавар түбінде болған оқиға туралы халық бұқарасы еш нәрсе білмесін деп бар күшін салды. Пе­­шавар түбіндегі оқиға туралы кешкі жаңалықтарда тек ақпараттық ха­бар­лама ретінде ғана айтылып өтті.
Бадабер лагеріндегі көтеріліске қатысқан тұтқындардың аты-жөні соғыстан кейінгі соңғы жылдары бел­гілене түсті. Олардың арасында кейбірі осы лагерде тұтқында бол­ды және көтеріліске қатысты деп саналса, баз біреуінің осы кө­те­рі­ліс­те жанқиярлықпен жан тап­сыр­ғаны нақты анықталды.
«Бадабер қырғынына қатысқан қазақ немесе қазақстандықтар болды ма?» деген сұраққа, бұл көтерілісте ерекше ерлік танытқан, сөйтіп, жат жерде жан тапсырған ақмолалық Н.Саминьнің тізімдегі аты-жөні толық дәлел бола алады. Сондықтан кіші сержант Н.Саминь 2003 жылы Президент Жарлығымен әскери боры­шын өтеу кезіндегі ерлігі үшін 3 дәрежелі «Айбын» орде­­німен мара­пат­талды.
Көтерілісшілер арасында бір тұтқынның қазақ ұлтынан бол­ғанын, осы көтерілістің тірі қалған куә­гері Носиржан Рустамов рас­тай­ды. Алдымен Н.Рустамовтың кім екеніне тоқталсақ, ол Ауған­стан­дағы әскери қызметінің се­гі­зінші күнінде тұтқынға түскен ин­тернационалист-жауынгер, ұлты өзбек. Бадабер лагерінде отырған тұтқын. Орыс тілін білмегендіктен, Носиржон тұтқын шуравилермен бірге отырудан бас тартып, басқа ка­мерада ұсталды. Бұл оның өмірін сақ­тап қалды. Тұтқындар көтерілісті бас­тағанда, Рустамов пен тағы екі тұтқынды қоршалған лагерь сыр­­тына шығарып, шұңқырға жа­сы­рып қойды. Сол шұңқырда олар көтерілісті аяқтаған жарылысқа дейін отырды. Көз жұмған қаһарман-жауынгерлердің дене қалдығын Рустамовтың өзі көмді. Осыдан ке­йін Рустамовты Джелалабад ла­ге­ріне ауыстырды. Ол тек 1992 жылы, кеңестік тұтқындарды босату мақ­сатымен Исламабадқа ресейлік де­легация құрамында генерал А.Руцкой мен Р.Хасбулатов келгенде ғана босатылды.
Өзбекстанға келгеннен ке­йін, ол ізденушілерге болған оқи­ға­лар­дың бейнебаянын қалыпқа кел­тіріп, көтерілістің кейбір қатысушыларын тануға көмектесті. Осы­лайша, Рустамовпен бірге тұт­қында Қанат атты қазақ болғаны туралы мәліметтер пайда болды. Лагерь тұтқындарына өздерінің азан шақыртып қойған аттарын атауға рұқсат берілмей, олардың мұ­сылман аттары болды, сондықтан Қанат­тың да басқа аты болған. Бі­рақ Носиржонда тұтқынның нақ­ты туған жері мен жылы, жасы, туыстары және тұтқынға алыну алдындағы өмірі жайлы басқа мә­лі­меттер жоқ. Қанат Бадабердегі жа­рылыста көз жұмып, бірақ оның де­несінің тұтас сақталғанын және Но­сиржон оны бөлек жерлегенін айтады.
Носиржон кейінгі жылдары Қазақстанға,Астанаға ерекше мис­сия­мен келіп кетті. Оның айтуынша, лагерьде сол көтерілістің барысында болған12 әскери тұт­қынның қа­та­рында Қанат атты қазақ та болған. Қанат деген кім? Ауған соғысында із-түзсіз жоғалғандардың 20 азаматы Қа­зақстаннан, олардың 8-і – қазақ ұл­тынан. Бірақ бұл сегіздің арасында Қа­нат атты қазақ жоқ. Сонда бұл кім болды?
Бадабер лагерінде із-түзсіз жоға­лғандардың мерзіміне қарай 3 қазақ жауынгерінің бірі болуы мүм­кін деп болжанды. Олар: Қуат Бекболатов, Тоқмұханбет Қара­балаев немесе Балағазы Жұмағұлов. Носиржонмен кездесуге хабарсыз кеткен жауынгерлердің туған-туысқандары келді. Бірнеше күн бойы Носиржон сұрастырып, біл­генін айтты, фотосуреттерді қарас­тырып, фотороботтар жасады, ол тұтқындарды тек осындай ке­йіп­те ғана есінде сақтады. Жас жі­гіттердің туыстары үміт артып келген фотоларыоның есіне ештеңе салмады. Дегенмен ұсақ-түйек мә­лі­меттер нәтижесінде, негізінен Ба­да­бер тұтқынының бет-бейнесі бойынша, құпия Қанаттың – осы үш азаматымыздың бірі екені жұм­бақ болса да анықтала түсті. Әлі то­лық құпиясы ашылмаған Бадабер кө­терілісінің қатысушыларын анықтау, ТМД жауынгер-интер­на­цио­налистер ісі жөніндегі комитет бас­шылығымен жалғасуда.
Қорыта айтқанда, ауған соғы­сы­ның азабы аз болған жоқ. Ин­тернационалист-жауынгерлердің базбіреуі ұрыс барысында қаза тап­са, кейбірі тұтқынға түсіп, зар­дап шекті. Тұтқындағы айуандық азап­ты көтере алмай, өздерін жарып жіберді немесе тұтқындағы қатыгез тәртіпке шыдамай қарсыласып, моджахедтер қолынан қаза тапты. Бадабер қырғыны – тұтқындардың тағдыры туралы ақпарат беретін нақты деректің бірі. Бұдан бөлек, әр бандалық топтың қолында азап шегіп, қаза болған және жер­лен­ген жері белгісіз болып қал­ған тұтқындар саны қаншама?! Мейірсіз кеңестік билік Бадабер ла­герінде өз жауынгерлерінің тұт­қын­да жатқанын білсе де, оларды моджахед тұтқындарға айырбастауға ынта танытпады. Егер де, КСРО би­лігі тұтқындар тағдырына алаң­­­дап, оларды айырбастауға және бо­сатуға әрекет жасағанда, Ба­да­бер қырғынындағы және басқа жерлердегі тұтқындардың көбі тірі қалар ма еді?! Бі­рақ ерлер ерлігі ешқашан ұмы­тыл­майды.

       Болат САЙЛАН, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, тарих ғылымдарының докторы, Ауған соғысының ардагері

        https://aikyn.kz/2017/02/03/2749.html

Пікір қалдыру