Шетелдегі қандастар құрбан айтты қалай қарсы алады?

 Күллі мұсылман қауымы үшін аса қастерлі саналатын мерекелердің бірі – Құрбан айт екені баршаға аян. Бұйырса алдымызда айтулы мереке. Осыған орай, Қытай мен Моңғолияда тұратын қазақтардың Құрбан айт мерекесін қалай өткізетіні жайлы білген едік.
 Моңғолия қазақтары қалай атап өтеді?

        Жанарбек Ақыби, блогер: Моңғолия қазақтарында ислам дінінің қайтадан жанғыруы – 1990 жылы Сайран қажы Қадырұлының бастамасымен кең қанат жайған еді. Алғашқы ресми турде құрбан малы да 1990 жылдары шалынған. Сол кезде Моңғоляның Араб елдеріндегі жауапы елшісі Сайранның жан-жақты ойластыруымен ауқатты мүсылман елдері малы көп Моңғолияда құрбан шалу идеясын мықтап жаңғыртып, шетелдегі мұсылман елдерінің назарын Моңғолияға аудартты. Шет елдегі мұсылмандар тапсырысымен құрбандық малды «аманат құрбан» деп атасақ, қазіргі таңда 15 мыңдай «Аманат құрбан» шалынса, Моңғолиядағы қазақтар өздері 15 мыңдай құрбан шалады. Әр жылы жобамен 30 мыңдай құрбан шалынады деп долбарлап есептеп отырмын. Мысалы Х.Жексенбайдың айтуынша Цэнгэл сұмындағы халық 800-дей құрбан шалса, Цэнгэл мешіті 30-100-дей құрбан шалатынын айты.

       Алтай сұмын имамы А.Қаныбектің айтуынша Мешіт әр жылы әр қалай, 200-1000 дай құрбан шалса халық 300-ден астам құрбан шалады екен.

       Ал шетелден тапсырыс алып, аманат құрбан шалатындардың құрбан санын атасақ, «Білге тегін» орта мектебін қаржыландыратын «Мүфтият орталығы» 5000 құрбан шалса, «Руқани хор» 2000, Түрік колледжі 2000, «Орталық медіресе» 2000-3000, «Сүлеименшілер» 3000-ға тарта құрбан шалып жүр. Бұның сыртында Түркиядан және Қазақстаннан келіп шалатын жеке адамдар құрбандық мал санын одан әрмен көбейтеді екен.

       Моңғолия ислам дін орталығының төрағасы Батырбекке хабарласқанымда: «Дархан аймағында жүрмін, Энхбатыр атты монгол азаматы «Халал» орталығын ашыпты соған «халал» сертификатын беру үшін тексеруге келгемін, қазір сонда жүрмін. Биылдан бастап Дархан аймағындағы мұсылмандар шағын намазханасы бар, бастығы Моңғол азаматы «шошқаны қойып жылқыны да кіргізбеймін» – деп ашқан бұл жерге құрбандарын шалатын болады» – дейді. Сөзін әрі жалғастырған Х.Батырбек «Төраға орталық Ислам одағына қарасты 45 мешіт, әр бірі ең азы 30-дай құрбан шалса, бізде жылында 1200-дей құрбан шалынады» – дейді.

     Моңғолия қазақтарында құрбан айттың алдында бір күн бұрын Арапа күні «Адақ құрбан» шалу дәстүрі қалыптасқан. Оны Моңғолия қазақтыры «Шек» деп атайды. Шек куні Ата-баба әруақтарына арнап құрбан шалады. Ал қалған айттың үш күні қарбалас әр ауылда ең алдымен айттың бірінші күні үлкен қара шаңырақтағы ата-апалар бастап құрбан шалса, айттың екінші куні аға-әпекелер құрбан шалады. Ал айттың үшінші күні іні-қарындастар құрбан шалу дәстүрі қалыптасқан. Сонымен бірге ауқатты жанұялар үйдегі әр адам сайын бірнеше құрбан шалу да етек алып келеді. Моңғолия қазақтары қой-ешкіні бір адамға, сиырды 7 адамға бағыштап құрбан шалады.

       Моңғол елінде ресми құрбан айтта барлық БАҚ арқылы хабарланып, 3 кун мұсылмандарға айтшылауға еш бір кедергі жасамайды.

      Азтахан Мұқанұлы басқаратын «Мұфтият» орталығының ұймдастыруымен Моңғолиядағы қазақтар шоғырланған Бай-Өлке аймағының орталық алаңында 10 шақты киіз үй тігіліп, айтта шалынған құрбан еттерінен барша халыққа дәм ауыз тигізу дәстүрі қалыптасқалы да 10 жылдың жүзі болды. Сонымен бірге М.Азатхан төраға өздеріне «жан-жақтағы әлем мұсылмандар елінен келген тапсырыс «Аманат құрбандарын » Мұфтиятқа қарасты әр жердегі 15-тей мешітке бөліп беріп, құрбан шалдырып, басқаларға да шамамызша қарайласып келеміз» – дейді.

       Моңғолия ислам дінін жандандырушы Меккеде Моңғолия қажыларын ертіп барып, қажылық парызын өтеп жүрген Сайран қажыға хабарласып, құрбан жайлы әнгімелескенімзде мына мәліметті растап отыр:

        «Моңғолия қазақтыры 70 жыл бойы социализм кезінде дінді жауып, діни іс-қимылға қатаң тыйым салып, қадағаласа да жасырын намызын оқып, құрбан шалуды жалғастырған әр өлкеде бірен саран ақсақалдар болды. Мысалы, кей бірін атап өтсек Ойғыр өлкесінде Дәуіт,Уланқұстан Сахария, Алтайда Мұқтархан,Сақсайдан Тәйжі, Ногонурдан Сайханмәди т.б ақсақалдарымыз қандықол коммунистер кезінде де дінді жалғап, құрбан шалып келгендерін құрметпен еске аламыз».

       Сайран қажы сөзінің соңында: «Айттарыңыз қабыл болсын, барша мұсылмандар! Барлықатрыңызға Моңғолия қазақтары атынан жалынды сәлем жолдаймыз!!!» деп ыстық ықыласын білдірді.

Қытай қазақтары қазақтары қалай атап өтеді?

       Ырысбек Дәбей, ақын: Алтайдың арғы бетінде балалығымыз өтті. Әйтеуір заманға көңіліміз толмайтын «ауруымыз» бар ғой, сол «сырқатымыз» бойынша айтсақ, бұрынғы Құрбан айт керемет өтуші еді. Айт мерекесі таяп қалғанда үйдегілер жаңа киім алып беріп, өздері оны-мұны пісіріп, аула сыпырып қызу дайындық басталатын. Қазіргі балалардың жаңа жылды күткеніне жарай жағдай жасағанымыз секілді, үлкендер сол кезде дәл сондай көңіл-күй сыйлайтын. Енді ойласаң, соның бәрі дәстүрлі мерекені ұрпақ санасына сіңіру үшін атадан балаға ауысып келе жатқан үрдіс секілді.

      Бірақ сол үрдістен көз жазып қалған сияқтымыз ба деп те ойлайсың кейде. Жаңа жылға дайындалғандай бүкіл қазақ неге Құрбан айтқа дайындалмайды? Сол мерекенің мән, маңызына бас қатыратын қазақ қанша өзі? Кейде ойыңа келеді осы нәрселер.

        Айт күндері қырық қанша түтіні бар алақандай ауылды және сондай көрші қыстақтарды үш күнде түгел сүзіп шығу үшін «көлігің де» зырлап тұруы керек. Сол үшін бір апта бұрын шайтанарбаның «денсаулығын» дұрыстап тексеріп алушы едік баяғыда. Әйтпесе мұқым бала жарысып, үй қыдырғанда жолда қаласың. Дүниенің қорлығы сол. Ес біліп, етек жапқаннан бастап, әкең айт намазына сүйрейді. Бір-екі жыл да оны да өздігімізден өтейтін, қазіргілердің тілімен айтқанда асқан намазхан болып шықтық.

      Құрбанға шалынған малдың қанын қақ маңдайға бір сүйкеп, түннің бір уағында үйге оралатын біздерге одан артық мереке, мейрам болмайтын. Үйге келген соң күні кешке дейін жинаған «олжаңды» ортаға төгіп, отбасындағы басқа тентектермен қызу бәсекеге түсесің. Сол үшін де жылына бір рет келетін айтты асыға күтіп, зу ете қалатын үш күнмен қимай қоштасатын едік. Мерекенің ұлысы – айт күндері еді. Жас өскін қай мерекені жақсы көріп, асыға күтеді? Түптің түбінде ұлттың да мерекесі, мейрамы сол болып қалады деп ойлаймын.

        Тоқтар Жетпісбай, журналист: барша мұсылмандар үшін мән-маңызы аса зор, өнегесі өзгеше Құрбан айт мейрамның қытай қазақтары үшін де орны ерекше. Әр отбасында Ұлы Жаратушы Иеміз – Алла разылығы үшін құрбандық шалып, оны кедей-кепшік, жетім-жесірлерге, мұқтаж жандарға қамқорлық ретінде үлестіріп берсе, бір жағынан көрші-қолаң, туыс-туғандарға ауыз тигізіп құрбандық етінен дәм татқызады.

      Қытайда қазақтар мекен еткен Шинжаң өлкесінде айт келерден бір ай бұрын айтқа деген дайындық жұмыстары басталып кетеді. Яғни, құрбандыққа шалынатын малды алдын ала сайлап алған отағасылар бір ай бойы сол малды бордақылап күтімдесе, әйелдер жағы бір апта бұрын айттық дастарханға түрлі бауырсақ, тәтті-тәрмегін түгендеп қызу дайындықта болады.

       Айт болған күні әр ауылда айт намазы оқылып болысымен құрбан шалынады. Әйелдер жағы дастарханын жасап болғанша құрбандықтың бір бөлек еті қазанда қайнап айттап келетін кісілерге дайын тұрады. Бұл күні тіпті, елдімекеннен алыс таудың қусында мал бағып жүрген отардағы жалғыз қара қостың да шаңырағына шаттық ұялап, Алла разылығы үшін мал шалынып, бала-шағасы жақсы киімдерін киіп, отбасымен бірге қасиетті мерекені қарсы алады. Жақынғы жылдардан бері қытай мемлекетінің «Қытайдағы аз ұлттардың мәдениетін қорғау және қолдау» саясатының пайдасы да тиді, аталмыш мейрамды тойлауға мемлекеттен арнайы қаржы бөлумен қатар үш күндік демалысты да жолға қойып отыр.

        Осыған орай түрлі мерекелік шаралар ұйымдастырылып келеді. Сондағы бір айта кетерлік бірнеше жылдан бері қытайдағы қазақ тіліндегі телеарналар қызықты концерттік бағдарламалар ұйымдастырып, оған қазақ елінен де әншілерді қонаққа шақыруды дәстүрге айналдырған.

Пікір қалдыру