ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың  Дүниежүзі қазақтарының бірінші Құрылтайында сөйлеген сөзінен

Алматы қ., 1992 жыл 29 қыркүйек

            […] Бүгінгі құрылтайдың басты мақсаты – бүкіл әлемдегі қазақ қауымының болашағы жөнінде ойласу, ұлтымыздың тарихындағы осынау ерекше белестің тұсында ендігі тағдыр-талайымыздың қалай өрлейтінін талқылау. Қазақ диаспорасының қалыптасуы – зерделі жанды таң қалдыратын құбылыс. Әрбір үш адамның біреуі атамекеннен жырақта жүрген қазақтан басқа халықты атау қиын шығар. Қазір әлемнің 40-тан астам елінде төрт жарым миллиондай қазақ өмір сүріп жатыр. Қытайда, Моңғолияда қазақ ұйысып отыр, ағайындарымыз Түркияда, Иранда, Ауғанстанда көп, Еуропада да аз емес. Америкада, Канадада, тіпті алыстағы Австралияда да бар. Әрқайсысының тағдыры, тұрмыс халі әртүрлі. Құбатөбел күн кешіп жүргендері де баршылық, дәулеті асып тұрғандары да табылады. Бірақ бәріне тән, бәріне ортақ нәрсе – сағыныш, атамекенді аңсау. Шетелдік сапарларға шаққанда отандастарымыз іздеп келіп, ой-арманын, мұң-мұқтажын айтып жатады. Сырласа қалсаң, сай-сүйегің сырқырайды, арман-тілектерін тыңдасаң, жан-жүрегің елжірейді.

Шеттегі қазақтардың халықтың дәстүрді сақтауы сүйсінтеді, тәнті етеді. Өткен жылы Түркияға сапар кезінде Стамбул әуежайында жиналған ағайындардың «Ақсарбас!», «Ақсарбас!» – деп қол жайып, бірден үш ақсарбас шалғаны бізді қатты тебірентті. Мұндай ықылас-пейілді мен күні кеше Германия мен Францияға барған сапарым кезінде де көрдім.

Атамекеннен алыстағы бауырларымыздың ана тілін қадірлеуі, қандай жағдайда да ұмытпағаны – біздің ұлт болып мақтан тұтар нәрсеміз. Не мектебі, не кітабы, не теледидары, не радиосы тіпті, кейде қазақ көршілері де жоқ жердің өзінде ұл-қызымен қазақша сөйлесетіні қуантады. […]

…Біз қазір Тәуелсіз  Мемлекеттер Достастығындағы республикаларда тұратын бауырларымызды да отандастар деп санаймыз. Қазір «таяу шетелдер» деп аталып жүрген бұрынғы Кеңес Одағы республикаларында 1989 жылғы санақ бойынша 1 миллион 600 мыңнан астам қазақ тұрады.

Өзбекстандағы, Түркіменстандағы, Қырғызстандағы қазақтар ана тілін, ұлттық мәдениетін, әдет-ғұрпын жақсы сақтаған.

…Көптеген қалаларда қазақ мәдени орталықтары құрылып, талай-талай игілікті шаруа атқаруда. Атамекеннен алыста, туған жерден жырақта ұлтының болашағын ойлап, қазақ мәдени орталықтарын ұйымдастырып, бауырларымызға қанатымен су сепкен қарлығаштай рухани қазына жеткізіп жүрген абзал азаматтардың талайы, олардың игілікті ісіне түсіністікпен қарап, қазіргідей қиын кезде тиісінше қолдау көрсетіп отырған туыстас елдер үкіметтерінің, жергілікті әкімшіліктер басшыларының біразы осы Құрылтайдың қадірменді қонақтары болып отыр. Орайлы сәтті пайдаланып, біз сіздерге шынайы ризашылығымызды білдіреміз, ақ алғысымызды айтамыз.

Қадірлі отандастарымызға басын ашып айтар тілектің бірі – халқымыздың «Кісідегінің кілті аспанда» деген даналық сөзін ұмытпау. Бұл сөз Қазақстан мен қазақ диаспорасы арасындағы қарым-қатынасқа тікелей қатысты.  Халықаралық уағдаластықтарды мойындап, мемлекеттердің бір-бірінің ішкі ісіне араласпау саясатын қолдайтын өркениетті ел ретінде Қазақстан да отандастарының мұң-мұқтажын олар тұрып жатқан елдердің басшылығымен екі жақты келісім арқылы ғана қанағаттандыра алатынын түсінуге тиіссіздер.

Қазір біздің ұлтымыздың алдында тұрған ең басты міндет, ең қиын міндет – Қазақстанның егемен мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуының негізгі бағыт-бағдарын дәл айқындап, сол мақсатқа неғұрлым тезірек жетудің жолында аянбай еңбек ету. Экономикалық дәулетіміз артпайынша, рухани сәулетіміз де артпайтынын анық ұғынуымыз қажет. […]

Бүгінгі қиыншылығы мол заманда көңілімізге медеу болар бір жай – қазақтардың өз атамекенінде бас тоғыстыруы, әртүрлі себептерге байланысты туған жерден үдіре көшіп кеткен  туысқандарымыздың өз еліне қайта орала бастауы. Біздің бәріміз сарыла күткен ұлы көштің алды атамекенге жетті. Мен бұл арада алдымен көршілес елдерден соңғы жылдарда көшіп келіп жатқан туысқандарымызды айтып тұрмын.

Баспасөз бетінде республиканың Министрлер Кабинетінің шетелдердегі отандастарымызға қосымша жеңілдіктер жасау жөнінде қабылдаған қаулысы жарияланды. Оның бұлжытпай орындалуын назарда ұстайтын боламыз.

Республикамыздың Парламенті «Көшіп келу туралы» Заң қабылдады. Мемлекетіміздің егемендігі мен өзіндік сипатына нұсқан келтірмеу мақсатында жаңа заңда сырттан көшіп келу тәртібі бұрынғыдан әлдеқайда қатайтыла түсті. Сонымен қатар, ол Заңда сыртта жүрген отандастарымыздың елге оралуына байланысты көптеген жеңілдіктер жасау көзделген. Мұндай артықшылық «Азаматтық туралы» Заңда да айрықша ескерілген. Егер өздеріңіз тұратын елдің заңы бойынша қос азаматтыққа рұқсат етілген болса, ендігі жерде сіздер республикаға көшіп келмей-ақ Қазақстанның азаматтығын ала аласыздар.

Алдағы қабылданатын бірқатар заңдарда да шетелдік отандастарымыздың мүдделері жан-жақты ескерілетін болады. Қысқасы, тәуелсіз Қазақстанның кең құшағы сіздерге әрқашан ашық, бауырлар!

Қазақ үшін басқа елге көшу тұрмақ, басқа ауылға көшудің өзі қиын. Оның үстіне шетелдегі ағайындардың басым көпшілігі Қазақстанда тумаған, өскен ортасы, алған тәрбиесі басқаша. Оның бәрін жақсы түсінеміз. Сондықтан да дүниежүзіндегі қазақтар қай елде жүрсе де өзін Қазақстанның өкілі сезінетіндей, қазақ азаматы сезінетіндей жағдай жасау – біздің болашақтағы мәртебелі міндетіміздің бірі. Қазақ азаматы қай жерде де өз ұлтының озық дәстүрлерін, тілін сақтаса, асыл қасиеттерін ардақ тұтса, атамекенге деген сезімін әлпештей білсе, туған халқы алдындағы перзенттік парызын өтеп жүр деп білеміз. Сіздердің рухани талап-тілектеріңізді қанағаттандыруға, қазақ мәдениетінің хал-ахуалынан хабардар болуыңызға, ұл-қыздарыңыздың ана тілін үйренуіне қолдан келгенше қамқорлық жасауды республика үкіметі алдағы кезде назарда ұстамақ.

Осы Құрылтайдың барысында құрылған әлем қазақтарының орталығында бұл орайда көп міндет жүктелмекші. Ол ұлт өмірін жан-жақты зерттеп, қазақтардың әлеуметтік-экономикалық, мәдени, рухани тыныс-тіршілігіндегі ең өзекті деген мәселелерді терең талқылай отырып, тиісті орындарға нақты ұсыныстар жасауы керек. Ұлт бірлігін нығайтудың ұйытқысы болуы керек. Шетелдердегі қазақтардың өзіндік ерекшеліктері, талайғы тарихы арнайы зерттеуді қажет етеді. Бізде жер бетіндегі қазақ ұлтының тарихы кешенді түрде зерттеу арқауы болып көрген емес. Жалпы, бізде қоғамды дамытудағы тап күресінің орны тым асыра бағаланатын да, ұлт идеясының мән-маңызы кемітіліп көрсетілген.

Қазіргі Қазақстанның жан-жағында ежелден қазақтар мекендеген өңірлер көп екені бәрімізге белгілі. Қазақ диаспорасы тек эмиграция негізінде жасалған емес, оның өзгелерден түбірлі айырмашылығы  да осында. Бүгінгі орайлы сәтті пайдаланып, мен біздің халқымыздың атынан шетелдердегі отандастарымызды қиын кезде бауырына тартқан, қамқорлық көрсеткен барша елдердің басшыларына шын жүректен шыққан алғысымды айтқым келеді.

Қазақстан Республикасы буына жаңа беки бастаған жас мемлекет. […] Тәуелсіз Қазақстан дәулетіне сәулеті сай қуатты мемлекетке айналар. Қазақ халқы әлемдік өркениетке қазіргіден гөрі қомақты үлес қосар. Даламызда да, қаламызда да шадыман тұрмыс. Шат тірлік орнар. Бұйыртса бүгінгі Құрылтайға қатысқан қадірменді қонақтарымыздың өзі туған Қазақстанымыздың гүлдеп-көркейгеніне таяу жылдарда-ақ куә болады деп кәміл сенеміз.

Біз ұлы жолға шықтық, арманды сапарға аттандық. Қолымызда – тәуелсіздіктің көк туы, елтаңбамызда – бас халықтың басын біріктірер киелі шаңырағымыз, арманымызды алға апарар қанатты пырақтарымыз бар.

Үлкен жолдың үстінде бізді ата-бабаларымыздың аруағы желеп-жебеп жүре берсін!

«Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы: 15 жыл». – Алматы, 2007. – 53–59,66 б. кітабында толық басылып шыққан

Добавить комментарий