ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың  Дүниежүзі қазақтарының екінші Құрылтайында сөйлеген сөзінен

 2002 жыл 23  қазан

            Бүгінгі күн – жұмыр жердің бетіндегі қазақ атаулыға айтулы күн екені күмәнсіз. Төрткүл дүниеге тарыдай шашылған қандастарымыздың 400-ге жуық өкілдері әлем қазақтарының екінші құрылтайына жиналып отыр. Міне, көңілдері атажұрт деп алып ұшқан киелі Түркістан төрінде мәре-сәре күйге бөленген тамаша мерекенің куәсі болуда. Қуаныштарыңыз құтты болсын, бауырлар! […]

Атқарылған басты мәселелерді атап өтсек:

Бірінші міндет – Кеңес билігінен кейін тұңғыш рет өз мемлекетімізді құру болды. Тарихымызға  қанша үңілсек те қазақ елі өз тарихында да дәл бүгінгідей ауқымда, дәл бүгінгідей бүкіл дүниеге танымал мемлекет құра алған емес. Қазақтың осындай мемлекеттігі бүгін  бар.

Екінші. Тәуелсіздікті жариялау бар. Бірақ сол тәуелсіздікті сақтап қалу, оны нығайту одан да қиын. Біз сақтап та қалдық, экономикасын тұрақтандырып, нығайтып, дүниежүзіне сыйлы мемлекет бола да білдік. Қауіпсіздігімізді нығайту үшін өз әскерімізді құрдық. Шекарамызды анықтадық.

Үшіншіден. Біз саясатты өзгертіп, өркениетті елдер қатарына қосылуға қадам бастық. Демократиялық жүйеге бет бұрдық. Тарихында соққы мен жаншу астында тұншыққан қазаққа бас бостандығын әперіп, азат еттік, сөз бостандығын, бас бостандығын алып бердік.

Төртіншіден. Қазақстан экономикасын осы аз жылдың ішінде нарықтық экономика ретінде бүкіл дүниеге таныттық, олар бізді мойындады.

Бесінші. Ғасырлар бойы шешілмеген ұлы Қытай мемлекетімен шекара мәселесін шешіп, Достық шарт жасастық. Жаңа Ресеймен мәңгілік достық шартқа қол қойдық. Орта Азиядағы ағайын көршілермен достықты нығайттық. АҚШ-пен стратегиялық әріптес бола білдік.

Алтыншы. Ең асылы – біз көп ұлтты ел бола отырып, халықтар арасындағы достықты, тыныштықты сақтай  білдік. Қазақтың ауыз бірлігін де сақтап отырмыз.

Жетінші. Көне тарихымыздан бері тұңғыш рет өз Астанамызды, өз Елордамызды 4-5 жылда орнатып, бүкіл дүниені таң қалдырды.

Бұл жеті жетістік, тек қысқаша қорытынды. Осы жетеудің арасындағыларды ширатып айта беретін болсақ, өткен он жылда атқарылған іс ғасырға да, мыңжылдыққа да десек те,  біздің маңдайымызға сияды. Еліміз аман, жұртымыз тыныш. […]

Дүниеде қазақ деген ұлт біреу, демек оның ұлттық болмысы, салт-санасы, әдет-ғұрпы – барша қазаққа тән, оның ғажайып мол рухани қазынасы да бөліп-жаруға жатпайтын ортақ байлық.

Сондықтан сырттағы қазақтың әдебиеті, мәдениеті, өнері Қазақстандағы қазақтың әдебиеті, мәдениеті, өнері деген қолдан жасалатын шекара болмауға тиіс.

Тағдырдың жазуымен туған топырақтан шеттеп кетуге мәжбүр болған ата-бабаларымыз бен олардан тараған ұрпақ жасаған мол рухани қызынаны шашпай-төкпей жинап алуымыз, оны атажұртта және барша әлемге таныстыру аса маңызды шаруа. Тәуелсіздікке ие болған кезден бері қарай бұған назар аударыла бастады.

Қазақтар тығыз мекендеген Қытай, Өзбекстан, Ресей, Түркия, Моңғолия тәрізді елдердің халық арасындағы, мұражайларындағы қазақтың тарихына, мәдениетіне, әдебиеті мен өнеріне қатысты қазына-байлық барша халқымыздың игілігіне қызмет етуі керек.

Бұл орайда Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы қолға алып, жүзеге асырған істер кеңінен қолдауға тұрарлық.

Қазақстанмен шекаралас мемлекеттердің, олардың жергілікті басшылығының қазақ диаспорасына деген көзқарастары да көршілерге тән сыйластық рухына толы. Біз мұндай қарым-қатынас белгілерін қатты құрметтеп, мақтан етеміз…

Мен Елбасы ретінде Қазақстанның ішкі-сыртқы жағдайларына байланысты туындап жататын көптеген мұрат-мақсаттарды орындау мүддесіне сай Еуропа мен Азияның, Америка мен Африканың бізбен саясат пен экономиканың әр саласында ынтымақтастық орнатқан белді-белді елдеріне ресми сапарларға жиі-жиі шығып тұрамын.

Осындай сапарлар барысында қазақ диаспорасы бар елдерде өз ағайындарымызбен кездесу мүмкіндігін әркез пайдаланып жүрмін. Жүздесулер кезінде диаспора  өкілдері өздерін толғандырып жүрген мәселелерін алға тартады.

Әсіресе, олардың соңынан ерген  ұрпақтың атамекенде оқып, білім алуына, тіл мәселесіне қатты алаңдап жүргендерін қатты сезінемін. Бұл – өте-мөте зәру мәселе. Мұны ықтияттылықпен шешуіміз керек.

Сонымен бірге ата-бабаларымыздың бізге тастап кеткен ғажайып тарихи мұраларына жіті қарап, оны молайта түсу, әулие-әмбиелердің, ұлтымыздың зердесінде мәңгі ұмытылмас асыл перзенттерінің аруақтарына адалдығымызды сақтау қажет. Шығыстан батысына  дейін, түстігінен терістігіне дейін батырлардың ізі қалған шексіз-шетсіз қазақ жерінің қасиетін ортайтпай, оның қазынаға толы қойнау мен сулы да нулы өңірлерінің байлығын келер ұрпаққа бұзылмаған күйінде қалдырып кету де біздің ұрпақтың парызы.

Қазақстаннан сырт жерлерде тұратын отандастарға қамқорлық жасаудағы соңғы он жылда қол жеткен табыстарымыз аз емес. Алыстағы ағайынды ұшақпен көшіріп алатын ел Қазақстаннан басқа қайда бар! Әйтсе де бұл жетістіктеріміз бен табыстарымызға тоқмейілсіп, орта жолда іркіліп қалуымызға болмайды.

Біздің алдымызда жаңа міндет, биік мақстаттар тұр. Тәуелсіз Қазақстан мен шетелдегі қазақ диаспорасының арасындағы байланыс бұрынғыдан да тығыз, әрі барынша жемісті, нәтижелі болуға тиіс…

Дүниежүзінің түпкір-түпкірінен келіп, осы ділгер мәселені барынша жан-жақты талқылап, алға апарар адастырмас жолды бәріміз бірлесіп айқындап алуымыз керек. Бүгінгі кездесуді де соған арнағанымыз жөн.

Қазіқ Қазақстаннан сырт жерлерде тұратын қазақтардың саны бес миллионнан асады. Міне, осыны ойлағанда 40-тан астам шетелдерде тұратын, бүкіл дүниежүзіндегі қазақтың үштен бірін құрайтын бауырларымызды ертең, яғни елу жылдан кейін, жүз жылдан кейін не күтіп тұр деген сауал көкірегімізде еріксіз оянады. Бұл ретте күдік пен күмәннан гөрі ертеңгі күнге деген сеніміміз бен үмітіміз әлдеқайда басым.

Біз шетелдердегі ағайындарымыздың алдағы уақытта қазақ халқының құрамдас бір бөлігі ретінде өсіп-өркендей беретініне күмәнданбаймыз.

Қытайдағы бір жарым миллионнан астам бауырларымыздың бүгінгі таңдағы ұлттық өркендеу үрдісі жақсы. Ана тіліміздің бай, шұрайлы ортасы сонда қалыптасқан. Қазақтың ежелгі мәдениеті, сат-дәстүрі мен әдет-ғұрпы қаймағы бұзылмай сақталып отыр.  Қазақ халқының баға жетпес асыл мұрасы – ауыз әдебиетінің де басты бір бөлігі – Қытайдағы бауырларымызда.

Бұрынғы кезде алыс шетел саналып келген Моңғолия қазақтарының да ұлттық рухани өсіп-өркендеуі  белгілі бір дәрежеде жүріп жатыр. Моңғолияның, негізінен, қазақтар тұратын Баян-Өлгий аймағының құрылғанына 60 жылдан асты. Бүгінгі таңда Баян-Өлгий аймағы – қазақ халқының ана тілі ең таза сақталған, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, мәдениеті өзінің ежелгі бояуын жоғалтпаған өңірлердің бірі. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Баян-Өлгий аймағынан атажұртқа 60 мыңнан астам ағайындарымыздың қоныс аударуы жас мемлекетіміздің мәдени-рухани  тыныс-тіршілігіне, ана тіліміздің, ұлттық салт-дәстүріміздің жаңа деңгейге көтерілуіне өз ықпалын тигізгені анық.

Тағдырымыз да, тарихымыз да ежелден тамырлас Өзбестандағы бір жарым миллионнан астам қазақтардың өсіп-өркендеуі өз алдына бір шежіре. Қазіргі кезде Өзбекстанда 500-ден астам қазақ мектептері бар. Жақында ғана Өзбекстан Президенті Ислам Каримов екеуміз екі ел арасындағы Мәңгілік достық жөніндегі келісім-шартқа қол қойдық. Шекарамыз біржолата нақтыланып, белгіленіп бітті.

Болашақта екі ел арасындағы экономикалық-мәдени байланыс бұрынғыдан да кеңейе беретіні анық. Бұл байланысқа Өзбекстанда тұратын бауырларымыз да өз үлестерін қосады деп сенемін.

Біз Өзбекстандағы қазақтардың зиялы қауым – ғалымдарының, әдебиет пен мәдениет қайраткерлерінің қарымды да қабілетті үлкен тобының қалыптасқанын жақсы білеміз.

Қазақстанның Ресеймен шекарасы ұлан-ғайыр жерді алып, еліміздің шығысынан батысына дейін ұзына сонар созылып жатыр. Аманшылық болса, таяуда Ресеймен де шекарамызды анықтап бітетін ойымыз бар. Осы шекараға басым жердің көпшілігінің негізгі  тұрғындары – қазақтар. Олардың да сан ғасырлық тарихы, қалыптасу ерекшеліктері бар. Көршілес екі мемлекет өз тәуелсіздіктерін жариялағанымен, арадағы барыс-келісімізге шектеу жасалған жоқ. Бұл да біздің ең үлкен жеңісіміз, жетістігіміз.

Ресей қазақтарының мәдени-рухани өміріне ондағы қазақ мәдени орталықтары да үлкен ықпал жасап отыр.

Түркіменстанмен Қырғызстандағы, Түркиядағы, Еуропаның Германия, Швеция және басқа елдеріндегі қазақ мәдени орталықтары  да өздерінің шама-шарқынша игілікті істер тындырып келеді. […]

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы өзі құрылғаннан бергі он жылдың ішінде шетелдік ағайындармен өмірдің сан-салаларында қарым-қатынас орнату жөнінде көптеген игі шараларды іске асырды. Қауымдастықтың халықаралық байланыстарға ат салысуға, шетелдегі мемлекеттік мекемелермен, қоғамдық ұйымдармен тікелей жұмыс істеуге де мүмкіндіктері бар.

Қазақстан Республикасының Президенті ретінде шетелде тұрып жатқан қандас бауырларға екі нәрсе үшін өзімнің ризашылығымды білдіремін.

Біріншіден, атажұрттан алыс жүрсеңіздер де, қазатың тілін, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін ұмытпай, ұлттық сипатты жоғалтпай, бүгінгі рухани тірлігімізді төл қазына көріп, байытып, өздеріңіздің Отанға деген сағыныш сезімдеріңізбен ұлттық патриотизмге жаңа серпін беріп отырғандарыңыз үшін рахмет айтамын!

Екіншіден, қазақ халқының бойындағы ұлттық қасиеттердің бірі далалық кеңпейілділік, ақылға жүгінген шыдам мен сабыр болса, Сіздер сол қасиеттерді көтеру арқылы өздеріңіз қазір тұрып жатқан елдердің саяси тұрақтылығына, ұлтаралық келісіміне үлестеріңізді қосып жүрсеңіздер деп білемін және сол үшін Сіздерге өзімнің ақ алғысымды арнағым келеді.

Қай жерге барсам да, ешбір елден қазақ диаспорасы тыныштығымызды алды деген сөзді естіп көрген жоқпын. Бұл да ұлттық деңгейдегі естиярлықтың белгісі.

Қасиетті Түркістан жерінде өтіп отырған бүгінгі дүбірлі жиын – Қазақстан Республикасының, бүкіл қазақ халқының өміріндегі үлкен тарихи оқиға.

Бұл бас қосу – біздің еліміздің шын мәнінде тәуелсіздікке жеткенінің, өркениетті елге айналғанының бір көрінісі, ата-бабаларымыздың сан ғасырлар бойы аңсап өткен арман мақсаттарының жүзеге асуының айқын айғағы.

Бұл құрылтай – қазақ халқының жаңа мыңжылдықта біртұтас ұлт ретінде нық қадам басқанының белгісі. Біздің бәріміз үшін бұдан артық бақыт, бұдан артық қуаныш болуы мүмкін емес.

 

«Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы: 15 жыл». – Алматы, 2007. – 67–71, 76–78 б. кітабында толық басылып шықты

Пікір қалдыру