ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Дүниежүзі қазақтарының IV құрылтайында  сөйлеген сөзінен

Астана қ., 2011 жыл 25 мамыр

Ардақты әлеумет!

[…] Еуразия төріндегі ұлан-ғайыр ата­жұрт­қа сіздер әлемнің 35 елінен келіп отырсыздар. Туған топыраққа сағыныш­тары­ңыз­ды арқалап жеткендеріңіз үшін шын жүректен алғысымды білдіремін.

Естеріңізде болса, 1992 жылғы тұң­ғыш құрылтайда: «Құрылтайға қатыс­қан қонақтар Қа­зақстанның гүлденіп-көр­кейгеніне таяу жылдарда куә болар», деп айтып едім. Сондағы тілегім Жаратқанға жеткендей, айтқаным келіп, Қазақстан аз уақытта әлемге та­нылған айдынды ел болды. Эко­номикасы қуатты, саясаты тұ­рақ­ты, жері дәулетті, елі сәулетті мемлекет ретінде ірге орнықтырды. Бүгінде бізді бүкіл әлем сый­лай­ды, бүтін дүние санасады. Біз мемлекетіміздің іргесін орнық­тырып, еліміздің шекарасын шегендедік. Қазақ жері татулықтың туын тігіп, ұлт­аралық, дінаралық келісімнің әлем үлгі тұ­татын айшықты мысалына айна­лып отыр. Қазақ халқы ұлысты ұйыстырушы ұлт ретінде өзге этностарды бауырына басып, даналығы мен дар­қандығын көрсете білді.

Биыл тәуелсіздікпен бірге атамекенге атбасын бұрған Ұлы көшке де 20 жыл толды. Бүгінгі құрылтай осындай мерейлі белеспен тұспа-тұс келіп отыр. Азаттықтың елең-алаңындағы күр­де­лі кезеңге қарамастан, көшіміз кө­лікті болды. Содан бері ұлы көш бір сәтке толастаған емес. Ат қазығын байлар атамекенге 20 жыл ішінде 300 мыңға жуық отбасы көшіп келді. Осылайша ел халқының саны 1 мил­лионнан астам қандасы­мыз­бен то­лық­ты.

Біз дүние жүзінде өз қандастарын еліне шақырып, қаражат бөлген үш-ақ мемлекеттің біреуіміз. Өздеріңіз білесіздер, ол – Израиль, Германия және Қазақстан. Үкіметтің тарапынан келген ағайындарға біраз көмек көрсетіліп жатқанын білесіздер. Менің Жарлығыммен 2008 жылдан бастап қандастардың жыл сайынғы кө­шіп келу квотасын 20 мың отбасыға көтердік. Елге ағылған ағайынның кө­шін жүйелеу мақсатында «Нұрлы көш» бағдарламасын қабылдадық. Оны ой­дағыдай  іске асыруға мемлекет қазы­насынан қомақты қаражат бөлінді.

«Нұр­л­ы көш» бағдарламасы ая­сында іргелі істер атқарылды.

Бірқатар облыс әкімдері көшіп келген қандастарға арнайы ауылдар салып, игілікті іс тындыруда. Жұмысқа бейімдеу үшін орталықтар құрдық. Шеттен келгендерге тіл үйрету шараларын қол­ға алып жатырмыз. Мен Шығыс Қазақ­стан, Оңтүстік Қа­зақстан, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облысындағы осындай елді мекендерді өзім барып көрдім. Келіп жатқан, қоныстанып жат­қан ағайынның қуанышында шек жоқ.

Бүгінгі алқалы жиында қандастары­мыз­ғ­а қолдау көрсетіп, қамқорлық жа­саудың нақты жолдарын айқындап алуы­мыз керек. Сондықтан, алдағы мақ­сат-міндет­терді бірлесіп белгілеп алғанымыз жөн.

Біріншіден, Парламентте «Халық­тың көші-қоны туралы» жаңа заң жобасы қаралуда. Кеңінен талқыланып, қабылданатын жаңа заң қандастарымыздың жағдайын жақсартуға септігін тигізеді деп есептеймін. Ол қандастарымыздың құжат тап­сы­руда, тіркеуге тұруда, азаматтық алуда кездесетін түрлі кедергілерді жоюы тиіс. Бұл орайда бір нәрсені қаперде ұстаған жөн. Соңғы кездері белгіленген квота толмауда. Туған елге табан тіреймін, көшіп келемін деушілерге қашанда есігіміз ашық екенін мен тағы да қайталап айтамын. Бұл орайда, қандастарымызды Отан­ға оралту жұмысын жүйелей түсу керек. Дүниеде жағдайдың әртүрлі екенін білесіздер. Біз дүниежүзілік дағ­да­рыстан өзге елдермен бірге шығып келеміз. Сон­дық­тан «келемін дегеннің бәріне қаражат, үй, жұмыс беріліп, то­лықтай  жағдай жа­салады» деп ойла­маңыздар. Біздің 20 мың отбасы деп отырғанымыз сондық­тан.

Ал бірақ өз бетімен көшіп келіп, ағайын болып, отбасымен қосылып, бас­қа жағдайлармен келсе, әсіресе, жас­тар оқуға келемін десе, оларға да ешқандай кедергі болмайды. Осыған байланысты біз «Нұрлы көш» бағдар­ламасының 2-ші кезеңінің жоба­сын қолға алуды жоспарлап отырмыз. Бұл кезеңде қандастарды жаңа өн­дірісті өңірлер мен ауыл шаруа­шы­лы­ғы­на кеңі­нен тартудың жолдары саралана­тын болады. Ол үшін келген маман­дарды қажет­тілікке байланысты қайта даярлап, қыс­қа мерзімде оқытумен қамтамасыз етеміз.

Мемлекет қандастарымызға қатыс­ты қамқорлығын жалғастыра береді.

Бағдарламаның еліміздің индус­трия­лық дамуымен байланысты екенін қаперден шығармағандарыңыз абзал.

Екіншіден, шетелден келген құрыл­тай қонақтарының басым көпшілігі –  60 пайызы жастар екен. Жастар – біздің болашағымыз. Біздің әлемдегі барша қазақ жас­тарының сапалы білім алуына тиісті жағдай жасауымыз қажет. Қазақстанда біз оны жүзеге асырамыз. Осыған байланысты Білім және ғы­лым министрлігіне қандастарымызға бөлінетін гранттық квотаны нақтылап, жастармен жүйелі жұмыс жүргізуді тапсырамын.

Қазір білектінің емес, біліктінің озатын заманы. Астанада әлемдік деңгейдегі Халық­аралық университет ашылғанын білесіздер. Кіріп-шығып, көріп те қайтар­сыздар. Бұл жоғары оқу орнында дү­ние­жүзінің ең білікті мамандары мен ға­лым­дары дәріс оқиды. Сондықтан, мен әлемнің әр қиы­рындағы қазақ жаста­рын атамекенде оқу­ға және Қазақ еліне қызмет етуге шақырамын.

Қазір жаңа дәуірге қадам басқан Қа­зақстанға отаншыл, білімді жас мамандар аса қажет. Жас қыздар мен жігіттер келіп оқитын болса, осында оқу бітіріп, мамандық алып, кейін ата-аналарын шақырып алатын шығар. Ол да қажет. Сондықтан, шетелдерде техникалық білім алған қазақ жастарын индустрия­лық өндіріске жұмысқа тарту керек. Қажет болса, оларға әлеуметтік қол­дау көрсетуді енгіземіз.

Үшіншіден, біз шеттегі қандастар­дың Қазақстаннан жан-жақты хабар алып тұруына көмектесеміз. Байланыс және ақпарат министрлігі «Каспионет» арнасының қазақтар тұра­тын елдерге таралуын қамтамасыз етуі керек. Сонымен бірге, ұлттық дәстүрі­міз бен тарихымыз туралы хабарларды арт­тыру жолдарын қарастыруды тап­сырамын. Бұған қоса, министрлік дү­ние­жү­зін­дегі қазақ жастарының байла­ны­сын ны­ғайту үшін арнайы веб-портал аш­қаны жөн.

Төртіншіден, қандастар тұрып жат­қан елдерде ұлттық өнердің кеңінен таралуына жағдай жасауымыз керек. Біз қазақтың қаймағы бұзылмаған көр­ші елдерде ұлтымыздың аса құнды рухани мұралары сақталғанын жақсы білеміз. Білім және ғылым министрлігі мен Мәдениет министрлігіне экспеди­ция­лар ұйымдастырып, осындай құнды мұраларды жинақтауды тапсырамын.

Бесіншіден, біз шет елдерде кіші құ­рылтайлардың тұрақты өткізілуін құп­тай­мыз. Осыған байланысты, бұл құ­рылтай­ларға «Самұрық-Қазына» ұлт­тық әл-ауқат қоры қолдау көрсететін болады.

Қадірлі қауым!

Қазақстан – дүниедегі әр қазақтың қастерлі құбыласы!

Қазақстан – әлемдегі барша қазақ­тың құтты қарашаңырағы!

Қазақ баласы дүниенің қай түк­пірінде жүрсе де тұтас қазақ халқының бір бөлшегі екенін біз еш уақытта ұмытпауымыз керек. Қазақтың абыройын асырып, мерейін тасытқан – ел тәуелсіздігі!

Сондықтан, біздің басымызға бақ болып қонған тәуелсіздіктен асқан ешқандай құндылық жоқ. Ендеше, тәуелсіздіктің 20 жыл­ды­ғына тұстас келіп, ақ түйенің қарны жа­рылған бұл той – біздің ұланасыр ұлы тойымыз.

Тойымыз тарқамасын, ардақты ағайын!

Еліміз аман, жеріміз тыныш бол­сын!

Алаштың айбыны, бар қазақтың ортақ Отаны – Тәуелсіз Қазақ елі мәңгі жасасын!

//Егемен Қазақстан. 2011 ж. 26 мамыр.//

ПІКІР ҚАЛДЫРУ