Этномәдениет Ертістен басталады

Pavlodarnews.kz ақпараттық агенттігі жаз айларын Павлодар облысында өткізудің жеті себебін ұсынады.

Бірінші себеп – Ertys Promenade

Павлодар жағалауындағы жаңа сахнада әр демалыс күндері Отандық және шет елдік әртістер өнер көрсетеді. Облыстық мәдениет басқармасының хабарлауынша, Павлодарда өнер көрсетуге ресейлік поп-орындаушы Сати Казанова және молдавандық Дан Балан келісімін берген. Қазақстандық әртістерден көрермендер Меруерт Түсіпбаева, Ринат Мальцагов, Роза Мұқатаева, Қайрат Нұртас, «Жігіттер» тобы және өзге де жұлдыздарды тамашалайтын болады.

Екінші себеп – Павлодардағы Гагарин саябағында орналасқан этноауыл

Этноауылға келгендер тіл үйірер қымыз, бауырсақ пен палаудан дәм татып, жергілікті шеберлер жасаған бұйымдарды көрсететін және дәстүрлі әнімен, биімен, ойындарымен қуантатын 26 ерекше киіз үйді көре алады. Этноауыл 30-қыркүйекке дейін жұмыс жасайды.

Үшінші себеп – «Ұлы дала елі» этнофестивалі арқылы қазақ даласының өткеніне көз жүгірту

Осы жылы дәстүрлі этнофестиваль 3-5 тамыз аралығында өтеді. Ұйымдастырушылар өткен жылғы фестивальге қатысушылар саны бойынша рекордтың жаңартылатындығына сенімді. Былтыр 70 мың қонақ келген болатын. Бұл жолы да қатысушылар мен көрермендерді тосын сыйлар күтеді.

Төртінші себеп – Сұлтанмахмұт Торайғыровтың туған жері

Биыл атақты қазақ ақын-демократының туылғанына 125 жыл толып отыр. 14-шілдеде Баянауыл ауданының Торайғыр ауылында ақынның мерейтойын кең көлемде атап өтпек. Бұл жерде сіздер көркі көз талдыратын Торайғыр және Жасыбай көлдерін көріп, Баянауыл тауларына шығып, ұлттық парктің табиғатына тамсануларыңызға болады. Ақынның өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін Сұлтанмахмұт Торайғыровтың музейіне кіруді естен шығармаған жөн. Осы жазда сізде Торайғыровқа арналған республикалық ақындар сайысы қатысушылардың шығармашылығына қанық болудың мүмкіндігі бар.

Бесінші себеп – сакралды жерлерде болып, Естай Беркімбайұлының 150 жылдығын тойлау

21-шілдеде ақын, әнші, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген өнер қайраткерінің мерейтойына орай Екібастұздың Қаражар ауылында үлкен той дайындалуда. Бұл жерде сіз өңірдің қасиетті жерлерімен таныса аласыз. Атап айтқанда, Исабек Ишан кесенесінде болып, Әулиекөл жағасындағы ортағасырлық қаланың орынын тамашалап, Естайдың ғашығы Қорланға арнаған аңызға айналған шығармаларын тыңдай аласыз.

Алтыншы себеп – Мәшһүр Жүсіп кесенесі

Павлодар облысы 28-шілде күні Баянауыл ауданы Жаңажол ауылдық округі Ескелді елді мекенінде барлық қонақтарды күтеді. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының 160 жылдығы – Ертіс өңірі үшін маңызы бар оқиға. Мәшһүр Жүсіп кесенесі – Павлодар облысындағы ең танымал қасиетті орын. Әр қонақ ғасырға жалғасқан қазақ ақыны, ойшыл, тарихшы және шығыстанушысының тазалығына ой жүгірте алады.

Жетінші себеп – Мұса Шормановтың кесенесінің ашылуына куә болу

15-қыркүйекте Павлодар облысында мерейтойларды тойлау циклі аяқталады. Баянауыл ауданының Сәтбаев ауылында қоғам және мемлекет қайраткері Мұса Шормановтың 200 жылдығын атап өтеді. Мерейтойда көрермендерді бәйге және өзге де қызықты шаралар күтеді. Сонымен қатар, сіз Мұса Шормановтың кесенесін ашу сынды тарихи сәттің куәгері бола аласыз. – Биыл Ертіс өңірінің күнтізбесі керемет шаралармен толтырылған, – дейді облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ернұр Дауенов. – Олардың басым бөлігі «Ұлы дала елі» мен этноауыл тәрізді «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында іске асырылады. Біз барлық қонақтарды, саяхатшыларды, жерлестерімізді және Ертіс өңірінде болмаған жандарды шақырамыз. Ең алдымен «Павлодарға кетудің жеті себебі» жобасының авторы Әнуар Нұрпейісовты Ертіс өңіріне келіп, жаңа себептерді түсіруге шақырамын.

Добавить комментарий