Ата жұртын аңсайтын қазақтың дарынды балаларына – даңғыл жол

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылдың маусым айында Астана қаласында өткен Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында шетелде өмір сүріп жатқан қазақ жастарын қолдау және Қазақстанда білім алуына жағдай туғызу мақсатында оларға бөлінген квотаны екі есеге көбейту мәселесін көтерген еді. Жақында ғана Елордада Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы мен Халықаралық бағдарламалар орталығы шетелде тұратын қазақ балаларын білім гранттарымен қамтамасыз ету туралы екіжақты меморандумға қол қойды.

— Шеттегі қандастар арасында дарынды жастар көп. Соларды еліміздегі жетекші жоғары оқу орындарына қабылдаумен қатар, меморандум арқылы шетелдерде де білім алуына мүмкіндік жасауымыз керек, — дейді Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков.

Елбасы тарапынан қолдау тауып отырған аталмыш бағдарлама ғаламдағы барлық қазақ жастарына ортақ. Тіпті мұнда Франция, Англия сияқты еуропалық дамыған елдерде тегін білім алу мүмкіндіктері қарастырылған. Қос тарап келісімімен жүзеге асқан бұл жолғы 10 мың білім грантын Ресейдің танымал оқу орындары бөліп отыр. Үміткерлерден құжат қабылдау, сынақ алу емтиханы үстіміздегі сәуір айының ортасында Шымкент қаласында өтеді. Бұл жолғы грантқа негізінен Қырғызстан мен Өзбекстандағы қандастарымызды көптеп тарту көзделіп отыр.

Елбасы өткен жылдардың бірінде «Нұрлы жол» атты халыққа жолдауында: «Мен, жастар біздің болашағымыздың тірегі дегенді әркез айтып келемін. Мемлекет жаңа буынның алдында барлық есіктер мен жолдарды ашты! «Нұрлы Жол», міне, біздің креативті ырғақты жастарымыздың күш-жігер жұмсап, құлаш сермейтін тұсы осы!» деген болатын.

Жаңа заман тәуелсiз ел мұраты — жастардың бiлiмi мен бiлiктiлiкке талпынып әрекеттенуiн, еңбектенiп өсуiн талап етiп отыр.

«Елiңнiң ұлы болсаң, елiңе жаның ашыса, азаматтық намысың болса, қазақтың мемлекетiн нығайтып, көркеюi жолында терiңдi төгiп еңбек ет.  Жердiң де, елдiң де иесi екенiңдi ұмытпа», — дейдi Елбасы бiр сөзiнде.

Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығының  жұмыс жоспарында   ата жұртын аңсайтын дарынды қазақ балаларын елге тарту. Мұндағы мақсатымыз қазақ диаспорасы балаларының білім, спорт,  мәдениет және  өнері бойынша танымдық қабілетін дамыту, әлемнің әр елдерінде тұратын қазақ жастарының достық байланыстарына ықпал ету, қазақ диаспорасы өкілдері арасында қазақ тілін меңгеру, мәдениетінің деңгейін көтеру және еліміздің тарихына, Қазақстанның қазіргі дамуына қызығушылықтарын арттыру болып табылады.

Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығы республика көлемінде филиалдарда жұмыстарды жоспарлауда. Бұл жоспарларды жүзеге асыруда түрлі саладағы министрліктер де қолдау көрсетуде. Бұған дәлел Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы Қазақстан республикасы Білім және ғылым министрлігімен қазақ диаспорасы балаларын қолдау мақсатында 2018жылы «Мекенім Қазақстан» халықаралық балалар құрылтайының 10-шы ауысымында шетелдегі қазақ диаспорасының балаларына  150 орын бөлінетінін хабарлайды. Аталған іс-шара үстіміздегі жылдың 27 шілде-10 тамыз аралығында «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығында   ( Ақмола облысы, Бурабай  ауданы)  өтеді. Бұл шараға қатысатын балаларды іріктегенде бұған дейін «Балдәуррен» орталығында болмаған, 12-17 жасар  (6-10 сынып білім алушылары)  оқу озаты және дарынды балаларды жолдау басты шарт болып табылады. Сонымен қатар ҚР білім және ғылым министрлігінің «Қазақ мемлекеттік  қыздар педагогикалық университетінің ректоры Г.Алдабергенова ҚР президенті Нұрсұлтан  Әбішұлы Назарбаевтың «Шетелде  тұратын отандастарды қолдаудың мемлекеттік бағдарламасы туралы  Жарлығының аясында  2017 жылдың наурызынан бастап, шетелдерде тұратын қазақ диаспорасының ерекше дарынды балаларын анықтау және оларға қолдау көрсету бағытында, дәстүрлі түрде өтетін Халықаралық Ы.Алтынсарин олимпиадасының өткізу уақытын айқындап, аталған олимпиада жеңімпаздары университетке оқуға түсу барысында таңдаған пәні мамандығына сай келген Университететің дайындық курсын толық аяқтаған шетел азаматтары оқуға түскен жағдайда әр бір оқу курсының оқу ақысына қатысты 50%-дан 75%-ға дейінгі аралықта жеңілдік беретін дипломмен марапатталатындығын айта келіп, университет пен Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы бірлесіп өткізу туралы ой қозғап, қажетті құжаттарды, ережелерін ұсынып отырғандығы үлкен жұмыстың бастамасы екендігін айқындауда. Мұндай жұмыстар басқа да жоғары оқу орындарында жүргізілуде. Солардың ішінде Атырау, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Қызылорда, Батыс Қазақстан т.б. облыстарда жақсы қарқын алған. Бұл жұмыстар арқылы Елбасымыздың шетелдердегі дарынды балаларды қолдауы туралы Жарлығының іске асуын байқауға болады.

Сонымен қатар қазіргі таңда Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Атырау облысындағы филиалының  басшысы Өтепберген Әлімгереев басқаруымен жүргізіліп жатқан жұмыстарын атап өтуге болады. Алтай мен Атырау арасын алып жатқан тәуелсіз Қазақстан қашаннан бері түстігі мен теріскейі, батысы мен шығысында талай елмен шектесіп, төрде басы, төскейде малы араласып жатыр. Қыз беріп, қыз алысқан ағайыншылығымыз тағы бар. Сол елдерде қанша қандастарымыз тұрып жатыр десеңізші? Солардың бірі – ежелгі көршіміз Ресей елі. Ресейде шамамен 1,5 миллиондай қазақ бар. Оның 200 мыңға жуығы Астрахан облысында. Бұл ретте Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Атырау филиалының да ықпалы мол.   Олар айтылған  облыстағы қазақтардың «Жолдастық» қоғамымен  бірлесіп, түрлі мәдени –көпшілік шаралардың өтуі, әсересе  жастардың араласына ерекше ден қояды.

Кейінгі жылдары екі облыс жастарының «Дос жүректі шекара бөле алмайды» атты этномәдени  фестивалін өткізу жақсы нәтиже беріп келеді. Соның жалғасы ретінде жақында Астрахань облысының Харабайлы ауданындағы Хошоеутово орыс орта   мектеп оқушыларының футбол командасы  (барлығы 20 бала) Атырау,Алматы  қалаларындағы әріптес футбол клубтары  аяқдопшыларымен кездесулер өткізді. Бір қуаныштысы – аталған осы мектепте 280 бала оқиды, соның 272-і қазақ балалары, яғни  98 пайызы ─ өзіміздің қаракөз қазақтарымыз. Бұл арада қауымдастық  филиалының ұстанымы ─ ойында оқушылардың жеңуі, жеңілісі емес, олардың тарихи Отандарына деген түсінігі мен сүйіспеншілігін арттыру. Келешекте елге оралып, тәуелсіз Қазақстанның нығаюы мен көркеюіне үлестерін қосуларына негіз болу.

Хошеутово ауылының балалары өте қабілетті және намысқой-ақ. Сол ерекшелік тарихи Отандарындағы кездесулерде де байқалды. Тіпті екі ойыншыны Алматының және Атыраудың футбол клубтары өздеріне  оқып, жаттығуға шақырды. Әрине, олардың келу-келмеуі келешектің ісі. Бірақ ондай қабілетті қандастарымыз көрші елдерде қаншама деңізші.

Осы орайда айта кететін жайт, елім деп көруге аңсап келген жеткіншектердің  жол, жатар-тұрар қаражаттарын көтерген,   көкірегі ояу, жаны жомарт жандар: Атырау инженерлік-гуманитарлық институтының ректоры Ихсанов Ерсайын Уалиханұлы, осы институттың проректоры  Омаров Батыр Даниалұлы, филиал басшысы Алимгереев Өтепберген өз отбастарына апарып, сонымен қоса Атырау қаласының көрнекті мәдени ошақтарын аралатып, футбол ойынына қатыстырғаннан кейін Алматы қаласына саяхатқа апаруы ата жұртым деп келген балалардың елге деген ықыласын арттырғаны аян. Мұндай қарекеттер басқа да жомарт жандарға үлгі болары хақ. Ендігі міндет ─ сол шеберлерді өз арамызға әкелу керек-ақ. Өйткені, әр қазақ жалғызымыз екені рас емес пе? Ал жалғызымыз өзге елде сұлтан болғаннан, өз елімізде ұлтан болсын. Ол ─ біз үшін абырой, зор мақтаныш. Бұл Атырау облысында жасалып жатқан жұмыстардың бастамасы жалғасын табары сөзсіз.

Сонымен қатар мемлекет басшысының  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Таяу жылдардағы міндеттер» тарауында: «Туған жерге деген сүйіспеншілік нені біл­діреді, жалпы, бағдарламаның мәні неде?

Бірінші, бұл білім беру саласында ауқымды өлкетану жұмыстарын жүргізуді, экологияны жақсартуға және елді мекендерді  абаттандыруға баса мән беруді, жергілікті деңгейдегі тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіруді көздейді…

Екінші, басқа аймақтарға көшіп кетсе де туған жерлерін ұмытпай, оған қамқорлық жасағысы келген кәсіпкерлерді, шенеуніктерді, зиялы қауым өкілдері мен жастарды ұйымдастырып, қолдау керек. Бұл – қалыпты және шынайы патриоттық сезім, ол әркімде болуы мүмкін. Оған тыйым салмай, керісінше, ынталандыру керек» делінген. Міне, осындай шараларды жүзеге асыруда Қазақстанның көркейіп, заман талабына сай дамуына , өз еліне деген сүйіспеншіліктерін еңбек нәтижелерімен бөлісуге, шеберлік-сыныптарын өткізіп, тәжірибелерімен бөлісуге дайын жандардың бар  екендігі жанға қуат беріп, қуантады. Жуырда Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары З.К. Тұрысбеков іс сапармен АҚШ-та болғанда, сондағы қазақ диаспорасының іскер, білікті мамандарымен кездескен.  Айта кетсек, Махмуд Сағындық, Шығыс Қазақстан облысының тумасы, физика-математика ғылымдарының докторы,АҚШ-да  докторлық дисссертациясын қорғаған, АҚШ-да Актуарилер Палатасының мүшесі, сол елде 20 жылдан астам еңбек етіп келеді. М.Сағындықтың пікірінше Қазақтандағы актуарилер іс-әрекеті дүниежүзілік стандарттарға сай еместігін алға тартып, осы саланың Қазақтанда өркендеуіне үлес қосуға дайын екендігі қуантарлық жағдай. Сол сияқты Жолдас Кульджанов, сегіз тілді меңгерген полиглот азамат, АҚШ-да ең үздік травматологтардың бірі, этникалық қазақ, Нөкіс қаласында туған. Дүниежүзінде белді травматологтардың бірі –Д. Кульджанов, Қазақтанның патриоты ретінде 2003 жылдан бері Қазақстанның Астана, Алматы, Семей, Павлодар, Ақтөбе, Шымкент қалаларында жүздеген операцилар жасап, Қазақтанның клиникалары мен ғылыми зерттеу орталықтарында шеберлік – сыныптарын өткізген және болашақта да өзекті жобаларды жүзеге асыруда ғылыми-әдістемелік көмек көрсетуге дайын екендігін естігенді адам бойын қуаныш билейді.  Ал Абылай Оспан деген 37 жастағы ғалым, IT саласындағы кәсіпкер, Арқалық қаласының тумасы, қазір Майямиде мекен етеді. Абылай Оспан  Қазақтандағы сандық индустрияның даму үстінде екендігінен хабардар және  «Сандық Қазақтан» бағдарламасымен толық танысып, оны тиімді іске асыруда бірнеше жолдарын ұсынбақшы. Сонымен қатар түрлі саладағы ғалымдар, іскер қандастарымыз басқада  алыс және  жақын шетелдерде де баршылық.

Осындай азаматтарымыздың білімділігі мен біліктілігі, өз еліне деген патриоттық сезімдері мен  іскерліктері өскелең ұрпаққа үлгі өнеге. Ал туған жерге деген сүйіспеншілі пен құрмет адам бойына ана сүтімен, бесік жырымен сіңетін дүние. Сондықтан осы аталған азаматтардың туған жерге деген сүйіспеншіліктері болашақ жеткіншектеріміз бен жастарымызға дарып жатса, қанекей…

Қорытындылай келе Ш.Айтматовтың «Туған жерді сүю дегеніміз – өмір бақи өз жерінде байланып қалу емес. Әлемге назар аудармай, табандап отырып алсақ, ақпайтын көл секілді өз-өзімізбен тұйықталып, әлемдік даму мен өркениеттен құралақан қалар едік. Десе де , жер шарының  қай ендігі, экватордың қай белдеуінде жүрсең де, қайта соғар, сағынышыңды  басар темірқазығың – туған жер атты ұлы ұғым біреу. Сонымен рухани байланысыңды үзбесең ғана, айдарыңнан жел еспек» дегендей елім, жерім деп жасаған азаматтықты ерлікке де теңеуге болады.

Мұхит Избанов,Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы  төрағасының бірінші орынбасарының кеңесшісі

Добавить комментарий