Өзбекстанда тұратын қандастар Елбасы мен Елорданы мерекемен құттықтады

Қазақстан  Республикасының Президенті,

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының төралқа 

төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев мырзаға

Жоғары мәртебелі Нұрсұлтан Әбішұлы!

 Сіз Тәуелсіз Қазақстанның Елордасы әсем де, арайлы Астана қаласының 20 жылдығы мерекелік тойымен Өзбекстандағы бір жарым миллоннан астам бауырларыңыздың атынан құттықтауға рұқсат берсеңіз және олардың Сізге деген жалынды сәлемін, ыстық ықыласы, ізгі ниеті мен ақ тілегін қабыл алыңыз.

Егемен Қазақ елінің жүрегі Астананың бұл торқалы тойы Сіздің мерейтойыңызбен тұспа-тұс келіп, Астана күнімен қатар атап өтілуі еліміздің беделін биіктетіп, абыройын асырып, тамырын тереңдетеді.

Бұл салтанатты мереке Ата жұртымыздың тұғырлы және әл-ауқатын, оның озық демократиялық үлгідегі зайырлы мемлекеттігі мен көп ұлтты халқымыздың тыныш-татулығын, береке бірлігін және ынтымақтастығын, сонымен қатар Елордасы – Астанамыздың әсемділігін, ерекшелігін және оның бас жаратушысы болған Сіздің мерейіңіз бен беделіңізді барлық әлемге паш етіп асқақтата бермек.

Осындай еліміздің елеулі, халқымыздың сауаттылығын, тұрмысының мамыршылдығын, жастарымыздың жарқын болашағын қамтамасыз етудегі игі істердің басында өзіңіздің тұрғандығыңыз Қазақстанның, жалпы қазақ халқының бақыты екендігі даусыз.

Біз Сізді ата-бабаларымыздың сан ғасырлардан бері асқақ арманы тәуелсіз қазақ мемлекетінің негізін қалаған, оның жаңа тұрғыдағы бас қаласы – Астананы дүниеге әкелген, сонымен қазақ халқының болашағын айқын көрсетіп, оның ізгі үміт армандарын жүзеге шығарып, қазақ елінің әлемдегі атақ-даңқын асқақтатып, ең биік деңгейге көтере алған аса көрнекті мемлекет қайраткері ретінде білеміз және ардақтаймыз.

Біз Сіздің бауырлас Өзбекстандағы қандастарыңызға бауырмалшылдығыңызбен ынта-ықыласыңыз айрықша екендігін жақсы білеміз. Әр сапар Өзбекстанға келгеніңізде мемлекеттер арасындағы достық пен өзара ынтымақтастық тиімді қатынастарының және де тереңдеуіне, тарихи қалыптасқан өзбек-қазақ мәдени-әдеби рухани байланыстары одан әрі дамуына, екі ел арасындағы экономикалық және әлеуметтік жүйенің өрістеуіне үлкен үлес қосып келесіз.

Сондай-ақ, Сіз жастарымыздың Қазақстанда білім алуына және болашақта олардың қазақ қоғамының белсенді азаматтары болуына барынша жақсы жағдай жасап келесіз. Бұл үшін Сізге ризашылығымызды білдіре отырып, өз кезегінде біз – Өзбекстандағы қандастарыңыз қайда болсақ та, халқымыздың ежелгі қасиеттерін ардақтап, өткен тарихымызды құрметтеп, ұлттық мәдениетіміз бен салт-дәстүрлеріміз, ана тілімізді көзіміздің қарашығындай аялап сақтаймыз және әрі қарай дамыта беретін боламыз. Біз көрші елде болсақ та Төле би мен Әйтеке би сүйегі жатқан киелі топырақта солардың аруағын қастерлеп, ғұмыр сүріп келе жатқандығымызға, қасымызда әйгілі Ата-жұртымыз тәуелсіз Қазақстан барлығын және оның Сіздей бірегей және қамқоршы Елбасшысы тұрғандығын мақтан тұтамыз.

Аса құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы!

Тәуелсіз мемлекет және оның елордасы Астана қаласы Сіздің жолбасшылығыңызда гүлденіп, абаттанып, жаңа үлкен белестерден аса берсін!

Ізгі тілекпен,

Өзбекстан қазақ ұлттық мәдени

орталығы төрағасы                                              Серікбай Назарұлы Үсенов

ДҚҚ баспасөз қызметі

ПІКІР ҚАЛДЫРУ