ДҚҚ танымал ғалым Ислам Қабышұлының қазасына орай туған-туыстарына көңіл айтады

Түркітану және моңғолтанудың көрнекті өкілі, Моңғолия Ұлттық Ғылым академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор, жазушы, шежіреші Ислам Қабышұлы 78 жасында өмірден озды.

Ислам Қабышұлы 1940 жылы Моңғолияның Баян-Өлгий аймағында дүниеге келген.

Ислам Қабышұлы  – «Моңғолдың құпия шежіресін» қазақ тіліне аударып, оны түркі шежірелерімен салыстыра отырып 50 жыл бойы зерттеген. «Қазақ қауымы», «Моңғолия қазақтарының тарихы», «Керейлер керуені» тарихи зерттеулері, «Ұрпағың үзілмесін» роман-трилогиясының және көптеген  әдеби еңбектердің авторы.

Ол түркітектес 230 миллион халықтың соңғы 2200 жылдағы тарихын саралап, «Тұран әлемі» атты еңбек жазды.  Осы еңбегі үшін оған «Әлем тарихшысы» атағы және  «Моңғолия ғылымына еңбек сіңірген қайраткер» атағы берілген.

Көрнекті ғалым, күллі қазаққа ортақ ғұламаның жарқын бейнесі оны білетін, оны танитын әрбір адамның кеудесінде мәңгі сақталады. Дүниежүзі қазақтар қауымдастығы да ғалымның артында қалған туыс-туған, ағайын-бауырына қайғыра көңіл айтады.

ДҚҚ Баспасөз қызметі

ПІКІР ҚАЛДЫРУ