ЛАТЫН ӘЛІПБИІ – РУХАНИ ТҰТАСТЫҚ НЕГІЗІ

Қазіргі таңда елімізде қазақ тілін латын әліпбиіне көшіруге байланысты іс-шаралар жүзеге асырылып жатқаны белгілі. Сала мамандары, тілші ғалымдар, қоғам қайраткерлері келелі жұмысты тиянақты атқару үшін өз үлестерін қосуда. Өңірлер мен қалаларда тақырыптық талқылаулар ұйымдастырылып келе жатқанын да айта кетуіміз керек. Сондай маңызды жиын жуырда Алматы қаласындағы Достық үйінде өткізілді.

Аталған шараны ұйымдастыруға мұрындық болған А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты мен Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы. «Латын әліпбиі – әлем қазақтарының рухани тұтастығының негізі» тақырыбы бойынша талқыланған өзекті мәселелер аясында жаңа әліпбиге көшуді жүзеге асырудың нақты іс-қимылдары да қарастырылды.

Басқосуды А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, профессор Ерден Қажыбек жүргізіп отырды. Ал шараға Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті, академик Өмірзақ Айтбайұлы, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының бас директоры, академик Ғарифолла Есім, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Уәлихан Қалижан және т.б. қатысып, өз ой-пікірлерімен бөлісті.
Сөз басында Ерден Задаұлы халқымыздың тұтастығының негізгі кепілі – тіл екенін атап өтті. Қазіргі қолданыстағы кирилл әліпбиінің өзімізге түсінікті болғанымен, шет мемлекеттердегі қазақ қандастарымыз үшін қиындық тудыратынын, демек латын әліпбиіне көшу осы тұрғыдан тиімді екенін айтты. Дөңгелек үстелде ортаға салынған ұсыныстар Үкіметке, жауапты органдарға жолданатынын да жеткізді.
Академик Ғарифолла Есім латын әліпбиіне көшуге байланысты атқарылып жатқан жұмыстар барысына тоқталды. «Тіл-қазына» орталығында орфография, терминология, техника және ақпараттық топ құрылып, қызмет атқарып жатқанына назар аударды. Жоспарланған жұмыстар 2018-2020, 2021-2023 жылдар, сондай-ақ 2024-2025 жылдардағы кезеңдер бойынша атқарылмақ. Сонымен қатар орфографиялық жұмыс тобы әзірлеген ережелердің қолданыста қаншалықты тиімді екенін білу үшін сынақтан өткізіп көру шаралары ұйымдастырылған. Мұндай жұмыстар тамыз айында Қызылорда, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Қарағанды, Алматы, Астана қалаларында да өткізіледі. Ғ.Есім күн тәртібіндегі мәселелер аясында бірнеше ұсыныстарын ортаға салды. Нақты айтқанда, Түркі тілдер парламенті деген қоғамдық топ құруды ұсынды. Сондай-ақ дін жолындағы адамдарға да түсіндіру жұмыстарын өткізу керек екенін айтты. «Олар латын графикасын баяғы Рим империясынан қалған католиктердің қаріптері деп есептейді. Осындай ойдан арылтуымыз керек. Бұл – бір қарағанда жеңіл көрінгенімен, тынық мұхиты сияқты тереңдеу мәселе» деді академик. Сол себепті барлық ғалымдарды ауызбіршілікте жұмыс істеуге шақырды.
Айта кетейік, «Тіл-Қазына» ұлттық орталығын ҚР Үкіметі ағымдағы жылдың 31 наурызында латын әліпбиіне көшу алдында қазақ тілінің орфографиясы мен орфоэпиясын және т.б. мәселелерін біріздендіру мақсатында құрған болатын.
Жиын барысында «Тіл мәселесі – рухани жаңғырудың негізі» деген тақырыпта баяндама жасаған академик Өмірзақ Айтбайұлы жаңа әліпби жасаудың оңай шаруа емес екенін айта келіп, бір дыбысқа бір таңба бекітуді ұсынды. «Ахмет Байтұрсынұлы тілдің заңдылығын терең зерттеп, әрбір таңба мен дыбысты жүйеге келтірген. Қазіргі қолға алынған латын әліпбиін осы Ахаң көрсеткен әліпбиге негіздеп жасау керек» деген ойын білдірді. М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Уәлихан Қалижанұлы «Ұлттық әдебиет – рухани жаңғыру мәйегі» тақырыбында сөз қозғап, латын әліпбиіне көшу – ділі, ой-санасы, дәстүрі бір әлем қазақтарын бір-біріне жақындастырып қана қоймай, қазақтың әлемдік кеңістікке еркін енуіне мүмкіндік тудыратынын айтты.
Дөңгелек үстел аясында ғалымдар пікір алмасып, негізгі мәселелер мен оны тиімді шешудің жолдарын талқыға салды. ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының директоры Әлібек Асқаров жаңа әліпбиге байланысты бірқатар өзекті мәселелерді тілге тиек етті. Түркі халықтары мәдени орталығының жетекшісі Ахмет Дағдуран қазақ тілі – барлық түркі халықтарына түсінікті тіл екенін, латын әліпбиіне көшкен кезде бүкіл түркі халықтарына ортақ әліпбиіміз болатынын айтты. «Сонда барлық түркітілдес ағайындар Қорқытты, әл-Фарабиді, Мұстафа Шоқайды түпнұсқадан оқи алады. Менің ойымша, сол кезде 18 миллион қазақстандық қазақ тілін үйренеді» деді. ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті төрағасының орынбасары Ғалымжан Мелдеш жаңа әліпбиге көшу барысында атқарылған жұмыстарға тоқталды.

«Ұлттық комиссия құрылды. Төрт жұмысшы тобы іске кірісті. Олар күні бүгінге дейін бірнеше рет отырыс өткізді. Сырт көзге не тындырып жатқандары көрінбеуі мүмкін, бірақ толыққанды жұмыс жүргізілуде. Орфографиялық емле ережелерінің жобасы жасалды. Ақпараттық жұмыс тобындағы ІТ мамандары пернетақтаның жобасын жасап жатыр. Келесі жылдан бастап 1-сыныптың оқушылары латын әліпбиінде оқитын болады. 2020 жылдары мемлекеттік рәміздеріміз латын қарпіне көшеді. Қазір Елтаңбаның латын нұсқасындағы үлгісі жасалды. Оның бәрі кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Әрине, емле ережелері бекітіледі, нақты жолға түсеміз, кемшіліктерді түзетеміз. Латын графикасын ежелден қолданатын кез келген мемлекеттің тәжірибесін алайық. Олар күні бүгінге дейін реформа жасайды. Мысалы, Германия осыдан 4-5 жыл бұрын өздерінің бүкіл әліпбиін қарап, триграфтарын бір таңбаға ауыстырды. Біз күні кеше ғана жарлық шыққанына қарамастан, сынап жатырмыз. Бізге ауызбіршілік керек» деді ол. Ал қоғам қайраткері Асылы Осман болса, латын әліпбиіне көшу деген тіркестің қате екенін алға тартып, «Оны латын қарпіне негізделген қазақ әліпбиі деп атау керек» деген ойын жеткізді.

Сонымен, мамандар ұсыныс-пікірлерін ортаға салып, жаңа әліпбидің өзекті тұстарына назар аударды. Әрине, «көш жүре түзеледі» дегендей, алда әлі де талай атқарылар жұмыстар бар. Ең бастысы, латын әліпбиі қазақ тілінің өркен жаюына, тіл аясының кеңеюіне үлес қосып, мемлекеттік тіліміздің тұғыры биіктей түссе, нұр үстіне нұр. Жиынға қатысушылардың сөзінен аңғарғанымыз, барлық іс-шаралар жүйелі түрде әрі кезең-кезеңімен жүргізілуде. Ендігі мақсат – әліпбидің барлық өзекті мәселелерін ақылдаса отырып, оңтайландыра түсу, сондай-ақ тиімділігін барынша арттыру екені сөзсіз.

Әсел САРҚЫТ, “Ана тілі” газеті

ПІКІР ҚАЛДЫРУ