ДҚҚ шеттен келген қазақ ақындарына қатысты жаңа жоба бастады

Бұл жоба көптен бергі көздеген мақсаттарымның бірі еді.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Адам баласы шексіз зерденің ғана емес, ғажайып сезімнің иесі. Қазақ «Туған жерге туыңды тік» деп бекер айтпаған. Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады…

Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмірбақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды…» – деп атап өткеніндей туған жерге сағыныш ет жүректі пенденің жүрек түкпіріндегі лүпілі, ал оның ақындар санасын бұлқындырып, жыр болып өрілмеуі мүмкін емес. Сол тұрғыдан қарағанда шетелден келген, туған жері жаттың меншігінде қалған қазақ ақындарының шер-шемені айтпаса да түсінікті. «Ауылдың шаңын аспанға көтеріп, шалғынына аунап өскен қазақ баласы үшін туған жердің орны тіпті бөлек. Ауылың аттам жерде болса, аунап-қунап қайтарсың, алыста, оның үстіне замана сызықтарының арғы жағында болса қайтерсің. Оны Жайырды елу жыл жырлаған Жәркен ақын біледі. «Туған ауылымнан боз жігіт кезімде кетіп, қысқа уақытта қайырылып бара алмай, қатты зарыққан адаммын. Жақының, туыс-туғаның жаныңды аңсатпай тұра ма?.. қамыққан жүректі қақ жарып жыр жазған сәттер аз болған жоқ»,- дейтін «Жайырдан өзге жауы жоқ» Жәркен ақынның «жауыр болған» сағыныш дерті бізге де жөргегімізде жабысарын ойламаған да едік.

Туған жер тақырыбында ғасырлар бойы бабаларымыздан қалған өлең-жырлар, ән-күйлер аз емес. Арысы Алаш гимніндей естілетін «Ағажай, Алтай» әнінен басталатын сағыныш әндер сарыны тәуелсіздік алған жылдары Моңғолияда туып-өскен ақын Мұрат Пұшатайұлының «Ел көшкенде» әнімен жалғасын тапты. Жасыратыны жоқ, Туған жер тақырыбы қозғалғанда алыстан келген ағайынның ерекше елеңдеп тұратыны анық.

Сағыншқа өртеніп өткен ақынның бірі Төлеген Айбергенов екені әмбеге аян. Оразақын Асқарұлы, Несіпбек Айтұлы ағаларымыздың да әуенінің басы осы еді. «Жыр аққуы» атанған Марфуға Айтхожинаның «Туған жерін аңсамайтын жан бар ма?» дейтін әні де сол сағыныштың шері.

Әсіресе, Тәуелсіздік жылдары елге оралған ақын-жазушылардың бұл тақырыпқа қалам тербемегені кем де кем. Кеше ғана арамыздан өткен әнші, сазгер Ермұрат Зейіпханұлының «Күнес-ай» әні де бұл күнде талай көңілді толқытқан сағыныш сазы еді. Осылайша ұрпақ жаңғыртып жалғасып келе жатқан бұл сағыныш ешқашан басылмайтын емсіз дертке ұласқанын ақын жүрегі ғана сезер.

Осыған орай шетелден келген қазақ ақындарының сағынышынан туған «Жыр арқауы – Туған жер» деген атпен топтама өлеңдері Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығының www.kazak-alemi.kz ақпараттық порталында осы аттас айдармен жарияланып, межелі мерзімде жинақталған шығармалар топтама кітап болып жарық көретін болады.

Бұл жоба аясында шығармалар жинастрып, арнайы кітап құрастырып, шығару еріккеннен қолға алынған шаруа емес. Бүгінгі таңда еліміздің барлық жоғары оқу орындарында диаспоратану деген пән жүргізіледі. Бұл шетелдегі қазақ өмірін, оның ішінде әдебиетін елімізде танытудың ұтымды жолдарының бірі. Біз құрастырып, шығарып отырған бұл кітап аталған пәннің дайын материалдарының бірі болатыны анық. Сондықтан алдағы күнде шетелден келген қазақ ақындарының осы тақырыпқа лайықты өлеңдері болса толық өмірбаянымен қосып t.talapbek@mail.ru електронды мекен-жайына жіберулеріңізді сұраймыз.

Ескерте кетейік, жобамыздың алғашқы ақыны жақында ғана туған күні өткен, танымад ақын Серік Қапшықбайұлы. Серік ақынның өлеңдерін мына жерден оқуға болады.

Жоба жетекшісі Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы «Атажұрт» баспа орталығының Бас редекторы, ақын Талапбек Тынысбек

ПІКІР ҚАЛДЫРУ