Серік Қапшықбайұлы. Қаратаудың бұлағы

Серік Қапшықбайұлы 1934 жылы Шынжаңның Толы ауданында дүниеге келген. 1955 жылы Шынжаң Институтының филология факултетін бітірген. Еңбек жолын «Шынжаң Оқу-ағартуы» журналынан бастайды. 1957 жылы елде жүргізілген «стиль дұрыстау» қозғалысында оңшыл-ұлтшыл атанып, 1979 жылға дейін қуғын-сүргінде болады.
1980-1984 Шағантоғай аудандық 1-ші Орта мектепте ұстаздық және оқу ісі бойынша басшылық қызметте;
1984 жылдан 1994 жылға дейін «Тарбағатай» журналында Бас редактор қызметін атқарады.
Ақынның «Өмір ойлары», «Жылдар арасында», «Ерікті сөз» жыр жинақтары мен «Зардап», «Жоқ» атты прозалық шығармалары, «Жалғыз тікен», «Сұлусарының шоңғалы», «Табиғат» атты пьесалары бар.
С.Қапшықбайұлы Қытай Мемлекеттік сыйлығының иегері. Қытай Жазушылар одағының және Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Оның есімі қытайда жарық көрген «Әйгілі адамдар» энциклодедиясына енген.
Отанына оралғаннан кейін ақынның «Тас», «Жылқы ішінде ала жүр», «Күншығыс» қатарлы өлең, дастандар жинағы, «Бала», «Жер басып жүргендер», «Жүрек тұстан», «Салмақ түскенде» қатарлы прозалық кітаптары жарық көрді. Серік Қапшықбайұлы 2018 жылы 15 қаңтарда дүниеден өтті.

Қамығу
(Алтынеміл)

Атапты «Алтынеміл» деп,
Тарих қойып атыңды.
Басында айдар желпілдеп,
Сарбаз жортқан қатулы.

Салт-сарыннан аумаған,
Сан өмірге кез келіп.
Тағдырыңа таң қалам,
Сұр топырақ, боз көбік!

Кез болып ем мен-дағы,
Асыр салған шағымда.
Шіренді ойдың арманы
Үзеңгісін ауылда.

Сорғамын қан шиеңді,
Жартасыңды сүйгемін.
Қан сойылдар сүйеулі
Қасында жаттым іргеңнің!

Суығыңның куәсі
Боламын кейбір кезімде.
Ыстығыңның ұясы –
Күлсем менің көзімде.

«Бұрыл, қалқам, жалт қара,
Сезіміңді бер тәтті!
Қолаң шашың арқаңда,
Тау мойылы сияқты.»

Қырыңнан сай жағыңа,
Осы әнді айтып түсіп ем.
Жолықтым сол аруға,
Орманыңның ішінен.

Қурай сынып ізімде,
Жүрек қанбай талықты.
Жапырақтың жүзінде
Алтын күлкім қалыпты.

Тарынам бойым іркулі,
Содан бастап олақпын.
Сол бір алтын күлкімді,
Сол орманға жоғалттым.

Өріне өкпе білдірдім,
Өмір деген шіркіннің.
Жоғалтып ап мен жүрмін,
Қоңырауын күлкімнің.

Құштым сені мекенім,
Құшағыммен мен өрттей.
Ойынымды көтердің,
Ойнағыма бүлк етпей.

Күндер өтіп күліскен,
Күллі өмірдің бәрі өтіп.
Тағдырымнан жүруші ем
Бір көруді дәм етіп!

Кешегідей мен тұрмын,
«Алтынеміл» қырыңда.
Ап еткеннен ұмтылдым,
Тоғайыңның шуына.

Ұмытпай-ақ келіппін,
Тілін, нілін аяулым!
Суыңдағы көбіктің,
Шөбіңдегі бояудың.

Шерт, жапырақ, сырыңды
Қалай айтсам ұғарсың!
Қызығына бұрынғы,
Енсін жүрек, жұбансын!

Жұбануды тәңірім,
Сирек берер адамға.
Бір алданыш табуым
Мүшкіл болды маған да.

Мұнда жаным қамықты,
Созсам қолым жетпедің…
Өкініш қана қалыпты,
Басқа нәрсем жоқ менің!

Қиядағы ұшпадан,
Құлаған тас сайыңа,
Сені ғана ұқсатам,
Жастығымның жайына.

Сонау асыл күнімде
Не білмедім, не білдім.
Жапа-жалғыз, түбінде,
Тастайтынын өмірдің.

1980 жылы, қазан.

Еренқабырға
(поэмадан үзінді)

Шақырасың жүректі,
Қай тұста еді сорабың.
Иіскеп көкжиекті,
Езу тартып қоямын.

Абыржыған ой қағып,
Шертем дейді не сырын?
Жүр аша алмай сол ғарып,
Жүрегімнің есігін.

Ұлы тауым дәм тартып,
Кетіп барам бойыңа.
Жаңылғанды аңғартып,
Түсір менің ойыма.

Өзім қонақ болған соң,
Именермін аз ішіп.
Шешемдей бол сонда сен,
«Тойып же, – деп, – тауысып!»

Азан айтып тұрса шал,
Мен бұйығып ерінсем.
Сәріде оят, малға сал,
Әкемдей бол менің сен!

Май айында майлық боп,
Маужырайын көкекте.
Сары күнде қалғып кеп,
Жығылайын төсекке.

Адам атша тістейді,
Қапы соқса бармағын.
Алай-дүлей түстерді,
Көрсетіп жүр арманым.

Тұсынан жел кеуденің,
Кеулегені сол шығар.
Кей төбеге белбеуін,
Ұмытады қойшылар.

Мен де ұмытып кетейін,
Өлеңімді төбеге.
Қасына кел екеуің,
Жел соқ, жаңбыр себелеп…

Өмір жазған арнауын,
Бояуым деп жүріппін.
Сол бояуға бармағын,
Малып алған жігітпін!

Сындыр, сынсын мүйізім,
Мүйізсіз де кім едім?!
Сал азапқа күндізім,
Сал азапқа түнегім!

Саған қидым еркімді,
Ей, көк дауыл, жалындым.
Кетір менің кейпімді,
Бұзба сиқын тауымның!

Ей, жебір құрт, жалындым,
Ақ та емес, көк те емес,
Тасын теспе тауымның,
Мені мүжі, мені тес.

Жалшыдай жалғыз тамшыны,
Менің-ақ жөн ғой ішкенім,
Аштық, зорық сар суы,
Буыныма түс менің.

Сусын бермей сұраған,
Жетімдей етіп қағынды.
Қағыр жылдар қуараң,
Шөлдетпе менің тауымды!

Елірем атың аталса-ақ,
Айқайлаймын: ей, өмір!
Жау шапқандай жастық шақ,
Отқа күйді неге бір?!

Әуезін төгіп әніңнің,
Күйіңді шертіп тағы да,
Ей, жас тағдыр, жалындым,
Оралшы менің тауыма!

Есіркеме мені артық,
Мен де көрем күнімді.
Кейде аламын құлатып,
Кейде туым тігулі!

Жабысып
Шоқы, ұшпадан,
Жыл сайын бөртіп шөп өссе.
Ұлы таудан ұстаған,
Менің қолым емес пе!

1984 жыл, маусым.

Шын

Сығалағам ежелде,
Қалың тоғай ішінен,
Жапырақтың өзенге
Айтқан сырын түсінем.

Түйе келе жатқанда,
Жайылып қырдың үстінен,
Шырмауықтың ақ талға
Шаққан мұңын түсінем.

Басып тұрған тұтасып,
Менің сондай мұңымнан,
Қойдан тартқан ұқсатып,
Өзің едің суырған.

Сол қолыңды сіліксең,
Тұр едім мен өлгелі…
Жүрегіме бір тікен
Белгілі еді енгені.

Күбір еткен бір үнің,
Қымбат еді жанымнан.
Көзіңнің сал деп қиығын,
Құдіретіңе жалынғам.

Есімде қайран ауылым
Бәрі түгел жадымда,
Анау сенің қайыңың,
Мынау сенің талың ба?

Қарап өткен өмірге,
Шомыламын елеске.
Шұңқырайған көңілде
Тағдыр жатыр емес пе?!

1980 жылы, маусым.

Қаратаудың бұлағы

1
Көтерсем деп арқалап,
Беліңнен қатты қысады.
Бадамымен қалқалап,
Қаратаудың құшағы.

Сол бір ойды мағлұм,
Сақтап тұрды ол жалғыз-ақ.
Жартасы мен жарының
Көлеңкесі салбырап.

2

Қаперіне не келсе,
Соған бұлақ асыға,
Ұрып басын кедейше,
Тағдырының тасына.

Құлап жатыр әдепкі
Қуарған бір далаға.
Мен білмеймін не өтті,
Осы екі арада?

3

Бұлдыраған сілемі,
Қалып артта жабырқау.
Сырқырап сай сүйегі,
Күрсінеді Қаратау.

Қабағына тас болып,
Түйілген бұлттар ызбары.
Дала жаққа жас төгіп,
Телміреді құздары.

1981 жыл

Тау

Ей, туған тау!
Ұқсайсың сендер мүлде,
Шаттығыма, мен шеккен қасіретіме.
Дайынмын көтеруге басыма мен,
Немесе әлім жетпей сүйретуге.

Ағаштың жемісіне
Құс шоқыған,
Айтатын дәру үшін менің дұғам:
Мен жеймін жан жемесе аузыма сап,
Өлмеймін аштан соны тамақсынам.

Ай нұрына мұнарттап тұлғаң енген,
Қуысыңды күйедей түнек көмген.
Жұмсақ – күнгей,
қытымыр – сұр теріскей,
Ащы аяз, кәрлі күннен туған денең.

Нарт гүлдер қапталыңда талмаусырап
Сүйеніп қурайларға көзін ілген.
Жұп-жұқа жапырағыңды,
Дүйім жылдар
Сабалап мұз-бұршақпен, жатыр желмен.

Дірілдер сол жапырақ жай әншейін,
Тарыдай бір жәндіктің тескенінен.
Бара жатыр қақырап қалың жартас,
Сезілмес морттығымен, Сескенумен.
Серейіп төбелер тұр төңіректе
Тәкаппар,
Танған жоқсың ережеңнен!

Қаптаса
Текшелерден кетіп сиық,
Бұтаққа, шөп-шалаңға қайыршылық.
Шөлдетіп қағыр жылдар
Өтсе сонша,
Емізер сүтті жылдар құтын құйып.
Мен тұңғыш шыр еткенде
Еніп үйге,
Сүйіп едің кенеліп көзің жұмып.
О, Туған тау,
Ұмытпан осыныңды,
Тұрсам да сәлдемді орап намазға ұйып.
Болсам дағы он қатын алған патша,
Болсам дағы қайыршы кенеп киіп!

1983 жылы

Пікір қалдыру