Әлімғазы Дәулетханның 75 жылдығына арналған ғылыми конференция өтті

Ғылым ордасында Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты мен Халықаралық Түркі академиясының ұйытқы болуымен тарихшы ғалым, қарымды қаламгер Әлімғазы Дәулетханның 75 жылдығына арналған «Рухани жаңғыру және түркі әлемі тарихының мәселелері» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. 

Тарихшылар мен зиялы қауым өкілдері бас қосқан айтулы шарада Әлімғазы Дәулетханның  азаматтық болмысы мен қайраткерлік қыры кеңінен айтылып, ел мен жер тарихынан сыр шертетін бес бірдей кітабының тұсауы кесілді.

Әлімғазы Дәулетхан  ел тарихының ежелгі және ортағасырлардағы өзекті мәселелеріне, тарихи тұлғалар мен тіл, діл мен дін мәселелеріне арналған ғылыми мақалаларымен,  қазақ тарихының көкейкесті тақырыптарын қамтыған  мазмұнды зерттеулерімен  Қазақстан халықтарының рухани өсуіне, ұлтаралық жарасымдылық пен бірліктің салтанат құруына сүбелі үлес қосып келе жатқан ғалым. Конференция барысында тұсауы кесілген «Зар заманның шерлі шежіресі», «Ли Бәй қазақ емес», «Өмірімнің өзегі – ел мен жердің тарихы», «Ежелгі түркілер», «Ұлы Хұн империясының тарихы» сынды  әр кітаптың арқалаған жүгі ауыр.  Қаламгер ғалымның шығармашылық жолын танытатын шоқтығы биік еңбектер қоғамдағы дау тудырған талай мәселенің ара-жігін ажыратуға  шамшырақ болатын құнды дерек пен дәйектерге толы.

– Біз Әлімғазы Дәулетханды тарихшы әрі әдебиетші деп қана емес, аудармашы деп те танимыз. Оның тарих ғылымына сіңірген ең үлкен  еңбектерінің бірі Түркеш қағанатының бүге-шүгесін анықтап бергендігі. Оның зерттеуіне дейін Түркеш қағанаты қазақ халқының ата-бабаларының мемлекеті ретінде қабылданған жоқ.  Бичурин мен Гумилевтің жазғандарында түркі тіліне байланысты терминдер, атаулар бұрмаланып кеткен. Әлімғазы Дәулетхан жан-жақты салыстыра сараптай келіп Түркеш қағанаты шын мәнінде қазақтың алғашқы ата-бабаларының мемлекеті болғандығын көрсетті.  Мұның барлығы кейінгі тарихшыларымызға бағыт-бағдар, үлкен өнеге деуге болады, – дейді тарих ғылымдарының докторы, профессор Талас Омарбеков.

Әлімғазы Дәулетхан 1943 жылы ҚХР ШҰАР-ның Іле  автоном облысына қарасты Күнес ауданының Түрген ауылында мұғалім отбасында дүниеге келген. Он жылдық мектепті ойдағыдай бітіргеннен кейін 1961 жылы Үрімжі қаласындағы Шыңжаң университетінің тарих-география  факультетіне түскен зерделі жас,  балалық арман жетегімен Қытай тілі-әдебиеті факультетіне ауысып, 1966 жылы аталған университетті үздік бітіріп шығады. Дайындық бөлімінде оқып жүргенінде сол жылдардағы Шыңжаңда шығатын жалғыз қазақ тіліндегі  «Шұғыла» әдеби журналына «Каникулда» атты тырнақалды әңгімесі жарияланыпты. Дәл осы шағын әңгіме оны үлкен шығармашылық әлемге жетелесе керек. Алайда, қуанышы мен қиыншылығы қатар өрілген тағдыр жолы оны сан сынаққа да алған. Студенттік кезеңі Қытайдағы «Мәдениет төңкерісімен» тұспа-тұс келген ол дүрбелең жылдары орын алған оқиғаларға қатысқаны үшін саяси қудалауға да ұшыраған. Соның бәріне қарамастан ата жұртына келіп ел мен жер тарихын зерделеген Әлімғазы Дәулетханов қоғамның сан саласында қажырлы қызмет етті.

Конференция барысында ел тарихына сіңірген елеулі еңбегі үшін Әлімғазы Дәулетханға Халықаралық Түркі академиясының күміс медалі табысталып,

Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының «құрметті профессоры» атағы берілді.

Арман ОКТЯБРЬ, «Егемен Қазақстан»

ПІКІР ҚАЛДЫРУ