Елшіліктердің елімізге құрметі қандай?

«Елдестірмек елшіден…» деген мақал тегіннен-тегін айтылмағаны белгілі. Екі мемлекеттің арасын жақындататын бірден-бір құрал – елші және елшілік. Ол Отанының мүддесін қорғап қана қоймай, өзі қызмет атқаратын мемлекеттің заңдарына бағынып, халқы мен тіліне, салт-дәстүріне құрмет көрсетуі қажет екені айтпаса да түсінікті. 

Өкінішке қарай, еліміздегі кей мемлекеттердің елшіліктері қазақ тілін білмейтіні немесе оған шорқақтау екені жасырын емес. Оларға телефон шала қалсаңыз, көбі өз ана тілінде және орысша ғана ақпарат бере алатынын айтады. Осы орайда мына нәрсені айта кеткен жөн. Қазіргі таңда Қазақстан халқының 83,1 процент қазақшаны жетік біледі. Бұл – ресми статистика. Ендеше дипломатиялық корпус өздері қызмет ететін мемлекеттегі негізгі халықтың ана тілінде қызмет көрсету тиіс екенін қайталап айтудың қажеті шамалы.

Кез келген ақпаратты іздеу үшін интернетке жүгінеміз ғой. Әсіресе шетелге шығу үшін елшіліктердің сайттарын жиі ақтарамыз. Сондықтан олардың ресми сайты – мекеменің заманауи келбеті іспетті. Ал Қазақстандағы шетелдік дипломатиялық корпус өкілдерінің басым бөлігі бұл тұрғыда ұятты болып тұр.

Шетелдік елшіліктерге тиесілі кей сайттардан қазақша сөзді емге таппайсыз. Мысалы, Ұлыбританияның Қазақстандағы елшілігі орыс және ағылшын тілімен шектеліпті. «Тұманды Альбионның» әлемдегі бүкіл өкілдіктерін бір доменге жинаған. Алайда бұл қазақша ақпарат таратпауды ақтамайтыны анық. Салыстырып қарасақ, ағыл­шын­дардың Өзбекстандағы дипло­матиялық корпусы өзбекше сайрап тұр. Олардың Әзербайжандағы елшілігі де жергілікті ұлттың ана тілінде мәлімет таратады.

Германияның сайтында да мем­лекеттік тілімізде еш ақпарат жоқ. Салыстырып көру үшін олар­дың Өзбекстандағы елшілігінің сайтын ашқан болатынбыз. Он­да орыс, неміс тілдерімен бірге өзбекше де бүкіл ақпарат ұсы­ныл­ған. Соған қарағанда, Ташкенттегі немістердің жергілікті ұлттың тіліне құрметі жоғары болғаны ғой, сірә?!

Қазақ халқы Екінші дү­ние­жүзілік соғыс кезінде «тоғы­зын­шы территорияға» жер ауда­рыл­ған немістерді құшақ жая қарсы алып, барымен бөліскені тарихтан мәлім. Сол кезден бас­талған достық қатынас бүгінге дейін жалғасып келеді. Қазіргі таңда Қазақстан мен Германия арасындағы әріптестік нығайып, қанат жайған.

Сондай-ақ, қазақ пен неміс халық­тары­ның қатынасы туралы сөз бол­ғанда ең әуелі қазақ әдебиетінде ойып тұрып орын алар Герольд Бель­гер­дің есімі еске түседі. Көзі тірісіне Гераға қазақ тіліне құрметін «Қазақ тілі үшін барымды беруге дайынмын. Менің рухани тірегім Абай Құнанбайұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Мұхтар Әуезов. Қазақ тіліне үңілген сайын тереңдей түстім», деп айтып отыратын. Сөйткен Герольд Бельгердің атажұрты бүгінде елшіліктерінің сайтында қазақ тілінде ақпарат таратуға құлықты емес.

Оңтүстік Корея елшілігі де сай­тында қазақ тіліне орын бер­ме­ген екен. Бұл елді ерекше атауы­мыздың өз себебі бар. Кеңес Одағы тұсында корей­лердің Қазақ­станға күштеп қоныс аударыл­ғаны мәлім. Сол заманда өз­дерін пейілі дархан қазақ халқы­ның бауы­ры­на басқанын корейлер әлі күн­ге аузының суы құрып әңгі­мелейді. Талай тағдыр тауқы­метін көрген ата-бабаларымыз тағдырлас халықтың қайғы-қасіретін тереңінен түсінді.

Қазіргі таңда Қазақстандағы корей диаспорасы тату-тәтті өмір сүріп, жергілікті ұлт­пен етене араласып кеткен. Мем­лекетіміздің даму жолында тер төккен корейлер жетерлік. Бес дүркін Олимпиада чемпионы Нелли Кимнің ел спорты үшін сіңірген еңбегі орасан. Мәнерлеп сырғанаушы марқұм Денис Тен Сочи Олимпиадасының қола жүлдегер атанды. Жамбылдың жампозы Алексей Ни талай жыл ауыр атлетика құрамасын баптап, Көк байрақты көкте жел­бі­ретуге мол үлес қосты. Бұлар­дың бәрі – Қазақстандағы корей диаспорасының өкілі. Өкініш­ке қарай, осындай тарихи байланысқа қарамастан Оңтүстік Корея дипломаттары сайттарында қазақ тіліне тілімдей «жер» тауып бере алмапты.

Қазақстан және Қытай арасын­дағы қарым-қатынастың тамыры тереңге кеткен. Онда мил­лионға жуық қандасымыз тұра­ды. Елімізде қытайлық компания­лар кәсібін жүргізіп отыр. Сауда-экономикалық байла­нысымыз жылдан жылға нығайып келеді. Осыған қара­мас­тан Шы­ғыс­тағы көршіміздің диплома­тиялық сайты орыс тілімен шектелген.

Сайтын қазақша сөйлетуді жөн көрмеген елшіліктер тізімі мұнымен бітпейді. Испания, Израиль, Жапония секілді азуын айға білеген мемлекеттердің Қазақстандағы өкілдігі сайттарында да Абай мен Шәкәрімнің тілінде жазылған мәлімет жоқ. Солтүстіктегі көршіміз Ресейдің елшілігі де өз ана тілімен шектелген. Иран, Сауд Арабиясы, Үндістан, Пәкістан секілді ынтымақтастығымыз жарасқан мемлекеттердің дипломатиялық корпусы да қазақшаны қа­тыр­маған. Тіпті, түбіміз бір деп есеп­тей­тін Түркия, Вен­грия және Қыр­ғызстан елші­лік­тері де сайт­тарын орысша сөй­летіпті. Бауырлас халық­тың дипломат­тардың ана ті­лі­мі­зге құрметі осындай болса, мұхиттың ар жағындағы Бра­зилия, Канада секілді мемлекеттерден қазақша мәлімет сұрау ұят секілді.

Алыстан ат терлетіп келген шетелдіктерден қазақшаға судай ағып тұруды талап ете алмаймыз. Алайда жергілікті ха­лықтың тілін жетік меңгерген маман жалдап, сайттағы қате­лерді түзету немесе қазақша қызмет көрсету қиын шаруа емес. Ендеше, елшіліктердің бұл әрекетін бейқамдыққа балаймыз ба, әлде қалай? Қазақстанда дипломатиялық қызмет атқарып жүргендер «тоғызыншы терри­торияның» негізгі түп қазығын құрайтын халықтың дәстүрі мен тілін құрметтеуі тиіс емес пе?!

Тағы бір айта кетерлігі, Қа­зақ­­стандағы кейбір елшіліктер бос орынға үміткерге орыс және сол елдің тілін білуді талап етеді. Ал еліміздегі халықтың 80 пайы­зы сөйлейтін қазақ тілін білуі міндетті емес. Парадокс.

Қазақ тіліне қырын қарай­тындар саны мұнымен аяқтал­майды. Елімізде жұмыс істеп жүрген кейбір халықаралық ұйым­дар да жергілікті халық­тың ана тілінде ақпарат тара­туға асығар емес. Мәселен, ЮНЕСКО-ның Қазақстандағы өкіл­ді­гінің сайтында ағылшын және орыс тілдерінде ғана мәлі­мет­тер бар.

Әйтсе де, халықаралық ұйым­дар ішінде қазақшаға судай ағып тұрғандары жетерлік. Мы­салы, Халықаралық түркі акаде­мия­сы­ның қазақша нұсқасынан қажетті мәліметтің бәрін табуға болады. БҰҰ-ның негізгі сайты да Абай мен Шәкәрімнің ана тілінде сөй­лейді.

Қазақстандағы шетелдік елші­ліктердің бәрі мемлекеттік тілге шорқақ деуден аулақ­пыз. Кей елдер қажет мағлұмат­тардың бәрін қазақ тілінде тізіп қойған. Мә­селен, Фран­ция елшілігі сайттарында мем­ле­кеттік тілімізге ойып тұрып орын беріп, сапалы әрі мазмұн­ды мәлімет таратады.

Абайдың тіліне америка­лықтар да бейім. Сайттарында дүркін-дүркін қазақша мә­лімет таратады. АҚШ-тың Қазақ­стан­дағы Төтенше және өкілетті ел­шісі Джордж Крол мырза­ның елімізге деген ықы­ласы өте жоғары. Ол өзі бас болып мере­ке­лерде ана тілі­мізде құттық­тау жол­дайды. Елі­міздегі бастама­ларға әр­дайым қолдау көрсетіп жүретін тәжі­рибелі саясаткер.

Бауырлас әзербайжандар да ана тілімізге ерекше көңіл бөлген. Айта кетерлігі, олардың сайттары әзербайжан және қазақ тілінде ғана жүргізіледі екен. Осыдан-ақ бауырлас мем­лекеттің елімізге деген ыстық ықыласын аңғару қиын емес. Өзбекстан елшілігінің сайты да қазақшаға судай ағып тұр. Талай мәрте тілдік түйткілді басынан өткерген Латвия және Бельгия елдерінің дипломатиялық сайты қазақша сөйлейді.

Елшіліктің қызметі сай­тын­дағы мәліметтің қазақша тара­луымен бағаланбайтыны белгілі. Олардың мақсаты – екі мемле­кетті жақындастырып, өзара ықпал­дастықтың көкжиегін кеңейту. Алайда осы әріптестік сол мем­лекеттің негізгі құн­ды­лық­тарын құрметтеуден бастала­тын еді ғой?! Ендеше, «то­ғы­зыншы территориядағы» шетел­дік дипломатиялық корпус өкіл­дері ана тілімізге қырын қара­майды деген үміт басым. Осы мәселені Қазақстанның Сырт­қы істер министрлігі өз на­зарына алып, шетелдік диплома­тия­лық корпус арасында қазақ тілінің қанат жаюын қадағалайды деп сенеміз.

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»

ПІКІР ҚАЛДЫРУ