Қарлығаш Бекпатшақызы: Бала тәрбиесі –ел болашағының кепілі

Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы Астана және Ақмола облысының басшысы Қарлығаш Бекпатшақызының Астана қаласындағы Жамбыл Жабаев атындағы №4 мектеп-гимназиясында өткен Аналар форумында сөйлеген сөзі.

Армысыздар қымбатты қонақтар, ата-аналар, халықаралық форуымның ашылу салтанаты құтты болсын. Мен Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы Астана және Ақмола облыстық филиалының басшысы ретінде қатысып отырмын, атым – Қарлығаш Бекпатшақызы. Қауымдастық осы мектеппен тығыз байланыста. Өйткені бұл мектепте бірнеше шетелден келген балаларымыз бар. Атап айтқанда Қытай халық Республикасынан, Өзбекстаннан, Монголиядан көшіп келген қандастарымыздың балалары оқиды.

Шетелден көшіп келіп балаларымызды қайда орналастырамыз деген сұрақ туындағанда, «112-жылдық тарихы бар нағыз қазақы мектеп, егер ыңғайлы болса сонда беріңіздер» – дейміз.

Бүгінгі іс-шараға уақыт тауып келгендеріңізге көп рахмет!

Бала тәрбиесі, ұрпақ қамы баршамызға ортақ, бәріміздің үкілеген үмітіміз, осы кішкене балапандарымыз. Бүгінгі бала – ертеңгі азамат, бүгінгі алған білімі, алған тәрбиесі оларға өмірлік азық. Бүгінгі бас қосудың мақсаты да осыған келіп саяды. Сіздер болып біз болып, жақсымызды асырып, кемшілігімізді дер кезінде түзеп отырсақ, бала бойына біліммен бірге, тәрбиенің құнарлы дәнін еге алсақ, мақсатымыздың орындалғаны. Біздің де бүгінгі қоғамға қосқан үлесіміз болар.

Бала үшін отбасы, ата-ананың орнын ешнәрсемен толықтыра алмайсыз, сондықтан да баланың алғашқы ұстазы әке-шешесі десе керек. Бала дүние есігін ашқан күннен бастап әрбір ата-ана мықтап ойлану керек, өйткені балаға олай етпе деп айту үшін, ол кемшілік өз бойыңда болмасын.

Баяғыда бір ғұламаға бір кісі баласын жетектеп келіп, шағым айтыпты, «тақсыр мына балам тек бал жей береді, сіз ақылыңызды айтыңызшы» деп. Сонда ғұлама, «Қырық күннен кейін келіңіз» деп қайтарыпты. Айтулы уақыт келгенде әлгі кісі тағы келіпті, баласын жетектеп.

Сонда ғұлама, «Қарағым бал жеме, ал бара беріңдер» депті. Әлгі кісі күйіп кетіп, «ой, тақсыр осы сөзіңізді сол кезде айта салмадыңыз ба, несіне қырық күн күттік?» депті. Сонда ғұлама айтқан екен, «қалай айтамын? Ол кезде өзім де бал жейтінмін» деп. Біз де бір кезде жас болдық, алды-артымызды ойлап жатуға мұршамыз келмейтін, енді есейген кезде қай жерден қателік жібердім деп ойланамыз. Өз баламызға уақытымыз болмады, тәрбиені кішкене жіберіп алдық. Өтпелі кезеңде өмір сүрдік. Ендігі кезде немерелерімізге көбірек көңіл бөлуге тырысамыз.

Жастар айналайын, сіздерді жақсы түсінем, бәріне үлгергілеріңіз келеді және осыларды ешкімнен кем етпесем деп ойлайсыздар. Баланы тек тамақпен, киіммен қамтамасыз ету аздық етеді. Балаға мейірім керек. Жылу керек, көбірек сөйлесіңіздер, сырласыңыздар, қандай жағдайда да қолдау көрсетіңіздер. Әкемен баланың ортасына түсіп шыр-пыр болмаңыздар, ер баланы әкеге көбірек итеріп тастаңыздар, ер баланы ерше тәрбиелеу әкенің міндеті. Қыз баланы әрине әжесі немесе анасы өмірге баулысын. «Қыздың жолы жіңішке», «қыз қонақ», «тұзды төкпе, қызды сөкпе» деп жатады. Ұлмен қызға бір тәрбие, бір бағыт бере алмайсыз. Қалайда екеуінің де тілін табуыңыз керек, ол сіздің жүрегіңізден жарып шыққан жан балаңыз. Ол қазір бала болғанмен ертеңгі тұлға болып қалыптасуы үшін, бүгін тер төгесіз. Өз шамаңыз келмесе, тектілікке тәрбиелейтін, адамгаершілікке баулитын, дәстүрлі тәрбие, терең білім беретін орталықтар бар, соларға жүгінесіз. Бұл уақыт талабынан туындаған сұранысқа еге, қоғамға өте қажет, жоғалтқанымызды ортамызға қайта әкелген орталықтар. Сондай орталықтың бірі осы мектеп жаныныан құрылған Ата-аналар академиясы.

Бұл жерде тек баламен ғана емес, әке-шешесімен де бірге жұмыс жасаймыз, бала жүрегі өте нәзік, оның өз әлемі бар, сол әлемге ене алсаңыз баланың келешегіне де ықпал ете аласыз.

Сенім үлкен күш, үлкен құдірет, өзіңізге қалай сенсеңіз, балаңызға да солай сенім артыңыз. Тек беске оқу шарт емес, ең бастысы жақсы адам болып қалыптасуы керек. Өзіңіздің қарттығыңыз, балаңыздың келешегі жарқын болу үшін, тек сіздің емес, елдің қамын ойлайтын, азамат етіп қалыптастыруыңыз керек.

Осы мектеп ұжымына рахмет айта отырып, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы келешекте де сіздермен байланыста болып, үлкен жобаларды бірге атқара береді деп ойлаймын.

Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы

Астана және Ақмола облысының

басшысы Қарлығаш Бекпатшақызы.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ