Атажұрт пен алыстағы ағайын арасындағы алтын көпір

«Біз-тығырықты тар заманда тарыдай шашылып кеткен қандастарын Атамекенге жинаған үш елдің біріміз.»

Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы

Төрағасы Елбасы Н.Ә. Назарбаев

 

Біз, біздің замандастар бақыттымыз. Астанамен бірге өстік, бірге дамыдық, көңіл көкжиегіміз бірге көркейді. Көз алдымызда әсем ғимраттар көтерілсе, бас қаламызбен бірге біз де әлем қазақтарымен бас қостық. Дүниежүзі қазақтарының 4-ші және 5-ші құрылтайы Астана қаласында өтті. Соңғы құрылтайға әлемнің әр түкпіріне тарыдай шашыраған қандастарымыз – 39 елден қазақ диаспорасының өкілдері қатысты. Дүбірлі той маусымның 22-25 күндері Астана қаласының Тәуелсіздік сарайында өтті. ЭКСПО-2017 аясында өткен құрылтайға келген қонақтар Астананың сұлу бейнесіне тамсанып, үлкен әсермен елдеріне қайтты.

Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы Төреғасы Елбасы Н.Ә. Назарбаев құрылтайдың шешімімен қауымдастықты Алматыдан Астанаға көшіру туралы қаулы қабылдады және осы құрылтайда Төреғаның бірінші орынбасары болып З.Қ. Тұрысбеков сайланды.

Жаңа басшымен бірге қауымдастықтың жұмысы да жаңа бір белеске көтерілді. Тәуелсіздік алған жылдардан бері көшіп келген қандастарымыздың саны бір миллионан асса, Тұрысбеков мырза алдына үлкен мақсат қойып, келер құрылтайға дейін, Алла бұйыртса, бір миллион қазақты елге көшіріміз деп отыр. Бұл сөз жәй негізсіз айтылған сөз емес, соңғы кездері көптеген шетелде тұратын қандастарымыздың нақтылы беріп отырған ақпараттарына сүйеніп айтылған сөз.

Осы орайда Тұрысбеков мырза еліміздің бірнеше аймақтарынан жер телімдерін алып, сол жерлерге тұрғын үйлермен бірге кәсіппен айналысатын жағдай жасамақшы. Елге келген бетте дайын үй болса, келмей тұрып қай аймаққа орналасатынын шешіп, алдын ала бәрін даярлап, отбасын көшіріп келсе деген мақсатта жұмыс істелініп жатыр. Бұл үлкен жоба, үлкен мақсат, игі тілектен туындаған жақсы ниет. Және бұл бір күнде іске асатын, бүгін бастап ертең аяқтайтын шаруа емес. Үлкен қажыр-қайратпен, табандылықтың арқасында бірнеше жылға созылатын жоба. Обылыстарда қала маңынан ауылдар тұрғызып, сол үйлерге алыстағы ағайындарды шақырып орналастырып жатсақ. Жұмыс пен үй мәселесі шешілсе неге көшіп келмеске?! Ұрпақ қамын ойлап ел басына күн туғанда кету де батылдық, уақыт жетіп елге егелік ету керек болған кезде қайта келу де ерлік. Өйткені адам орнығып қалған жерін тастап, бәрін басынан бастау оңай шаруа емес.

Тәуелсіздік алған жылдары көшіп келген қандастарымыз бүгінде бір қауым ел, өнерде де, ғылымда да, кәсіпте де өздерін көрсетіп, елге үлес қосқан қаншама қандасымыз ортамызда жүр. Бір баланың дүниеге келгенен бастап, балабақшаға барып, одан мектепті бітіріп, жоғары оқуға түсіп, еңбек жолын есептейтін болсақ, қаншама қаражат. Қазіргі таңда елге көшіп келгісі келетіндердің басым бөлігі білімді жастар. Қазақ баласы білімге ынтық, қабылдау қабілеті өте жоғары, ақылдың кені десек те болады. Осы бір кезеңде қауымдастық өз тарапынан, Республика бойынша облыстармен тығыз байланыс орнатып, әсіресе солтүстік аймақтарға орналастыру үшін бар күшін жұмылдырып отыр. Ұлы істер қашанда осындай кішкене шаруалардан басталған және бұндай істер айқайлатып істегенді көтермейді. Үлкен істер үндемей істелінеді. Жұмыстың басым бөлігі жастармен болып отыр. Мектеп оқушыларын жаз айларында демалыс орындарына шақырсақ, оқуға түскісі келетін жастарды дайындық курстарына орналастырып, жоғарғы оқуға түсіп кету жағын да бақылап отырмыз. Жас кәсіпкерлерге де қолдау көрсетіп, өз кәсіптерін дамытуға бағыт бағдар берудеміз.

Қауымдастық үлкен құрылтайды бес жылда бір өткізсе, әлем қазақтарының кіші құрылтайы жыл сайын, қазақтар көп шоғырланған шет мемлекеттерде өткізеді. Биылғы кіші құрылтай Мәскеу қаласында өтеді деп жоспарлануда. Құрылтайдың мақсаты осы өлкеде тұратын қазақ диаспорасы өкілдерімен ынтымақтасып, тығыз қарым-қатынас орнату.

Ресей Федерациясында тұратын этникалық қазақтар бірнеше аймаққа шашырап орналасқан. Мысалы қазақтардың басым үлесі Астрахан облысында тіркелген. Ол өңірде Рессей қазақтарының 23,7% өкілі тұрып жатыр. Шекаралас аймақтардағы қандастарымыз тілін, дінін, салт-дәстүрін берік ұстанған, дейтұрғанмен оқулықтар, ұлтық дүниелер сұранысқа ие. Құрылтай кезінде этнос аралық жағдайлар, қазақ диаспорасы өзара іс-қимыл жасау жүйесін жолға қою және диаспораларды қолдау жүиеге қойылмақшы.

Қандастарымызбен мәдени орталықтар мен бірлестіктер ақылы байланыс орнатып, ғаламтор арқылы қазақ тілін, тарихы және мәдениеті туралы ақпарат алмасуды жолға қою. Дәстүрлі, әлеуметтік қарым-қатынастар, мерекелік рухани іс-шаралар өткізу арқылы, жастардың келешегін қазақ елімен тығыз байланыстыру көзделіп отыр.

Елге ел қосылса құт болар, Атажұрт деген аса киелі ұғым. Қазақтың кең байтақ дарқан даласы, дүбірлі тойға толса, алыстағы ағайындар сыртта жүрсе де ел деп елеңдеп, өз үлестерін қосып, ұрпақтарына қазақ деген елі барын таныстыра бермек.

Елбасы төрағалық ететін Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы әлем қазақтарының қара шаңырағы, әрі екі ортада алтын көпір.

 

Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы

Астана филиалының басшысы Қарлығаш Бекпатшақызы.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ