Беларусь азаматы Минскте қазақ салтымен той жасады

Бүгінде өткен жылы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Мен халқымның тағлымы мол тарихы мен ықылым заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете отырып, әрбір қадамын нық басуын, болашаққа сеніммен бет алуын қалаймын» деген ұлағатты ойы өзімізді қойып, өзге ұлттарға да айтарлықтай әсер еткені рас. 
Оған жуықта Беларусь елінің астанасы Минск қаласының «Журавинушка» мейрамханасында беларусь ұлтының азаматы Дмитрий Шапликоның үйлену тойын қазақтың салт-дәстүрімен өткізуі айқын дәлел бола алады. Тойдың иесі – Дмитрий Өскемен қаласында «Айтас.kz» акционерлік қоғамының жобалаушы-менеджері қызметін атқара жүріп, қазақтармен қоян-қолтық араласып, достасып, сыйласымы жылдан-жылға арта түскен. Осында қызмет ете жүріп, достарының үйлену тойларына қатысып, ұлтымыздың салт-дәстүріне ерекше қызыққан көрінеді. «Егер үйлене қалсам, Беларусьте қазақтың бай салт-дәстүрімен тойымды өткізсем-ау» деген арманда жүреді. Осы ой-арманын Беларусьте тұратын ата-анасына, өмірлік серігі болатын зайыбы Валерияға да айтып, рұқсаттарын алады.


Сонымен өткен айда Дмитрий Шаплико үйлену тойын қазақтың отау құру салт-дәстүрімен өткізді. Оның басы-қасында болғандар арасында «Айтас.kz» акционерлік қоғамының бас директоры Серік Толықбаев, Семей қаласынан ақын, бұлбұл көмей әнші Берік Омаров, Рәбиға Тоқсейітова, еңбек ардагері-құрылысшы Бақболат Сағымбайұлы, қоғамдық тілші Қайырхан Қазыбекұлы және бір топ Дмитрийдің қызметтес достары бар, олар арнайы шақырумен тойға қатысып, қызықтың куәсі болып қайтты. Бұлардың бәрі де ұлттық киімін киіп, қазақтың ұлттық салт-дәстүрін тойшыларға таныта білді. Дәстүр бойынша беташар алдында ұлтымыздың сүйікті әні «Гәкку» орындалып, шашу шашылып, қалыңдықты бүкіл қауым қошеметпен қарсы алысады. Келіннің бетін Берік Омаров ашып, тойдың сәнін келтіріп, беларусьтердің таңдайын қақтырып, қызыққа бөледі. Беташу сәтінде қалыңдықтың жеңгелері екі жағында қазақтың ұлттық киімін киіп, көпке ілтипат танытып тұрса, туыстарына қалыңдық сәлем берген сайын табаққа ақшалай көрімдік түсіп жатты. Беташардан соң сөз алған «Айтас.kz» АҚ-ның бас директоры С.Толықбаев жас жұбайларды шаңырақ көтеру тойымен құттықтап, арнайы сыйлығын тарту етті.
Бір қызығы қазақ дәстүрімен Валерияның анасы – құдағиға бешпент пен шапан жауып, бас киім сыйлады. Құдағи тойшылармен бірге қазақтың «Қара жорға» биін келістіре билеп, қонақтарды риза етті. Ал дастарқанға жайғасқан соң, ас алдында ұландық Бақболат қария жастарға бата беріп, ақ тілек тіледі. Батадан соң новосібірлік Людмила Чубик бәйбіше қазақтың шашу ырымын жасап, халқымыздың ерекше бір салтын беларусьтерге танытты.
Жалпы, той иесі Дмитрий жастығына қарамастан бас директордың пайымдауынша, ұжым ішіндегі үдік қызметкер, міндетін абыроймен атқаратын, қарапайым, ұлттар достығын құрметтей білетін, мінезі кең, еңбекқор азамат. Ол сол мінезін өз тойында да таныта білді.
– Мен, – дейді ол, – бүгінгі тойыма қатысып, қызығымды бөліскен қазақстандық достарыма дән ризамын. Қазақстанда еңбек етіп, суын ішіп, топырағын басып жүрген соң Беларусьте қазақтың үй болу, неке қию салт-дәстүрін танытқым келді. Өйткені, қазақ халқы – өте бауырмал, ақ көңіл, қонақжай халық. Қазақстандағы қаншама ұлт өкілдерімен қоян-қолтық араласып, тату-тәтті өмір сүріп, еңбек етіп жатыр. Осының бәрі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың кемеңгер басшылығының арқасы болса керек. Қазақ мемлекетінде еңбек еткеніме мақтанамын.
Шыны да солай. Осындай азаматтар көбейіп, ұлтымыздың әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін дәріптей берсе екен деп тілейік.

Мәуітқазы Зүкенов,
ардагер журналист, “Дидар” газеті

ПІКІР ҚАЛДЫРУ