Биыл Павлодарда білім алу үшін 150 шет елдегі қазақ жастары келді

Павлодар қаласындағы Достық үйінде «ҚР жоғарғы оқу орындарындағы мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша ашылған дайындық бөлімдері және қазақ жастары» атты кездесу өтті, деп хабарлайды pavlodarnews.kz сайты.

Шет елден келген қазақ студенттерімен кездесуге облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ернұр Дауенов, «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы» РҚБ-нің Павлодар облыстық филиалының басшысы Болат Заутұлы және облыс әкімдігінің Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының Көші қон бөлімінің басшысы Меруерт Есенбаева қатысты.

«Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы» РҚБ Павлодар облыстық филиалының басшысы Болат Заутұлы жыл сайын шет елден білім алуға келетін жастардың саны артып жатқанын атап өтті.

«Бұл шет елдерден келген студенттермен дәстүрлі кездесуіміз. Қауымдастықтың мақсат-міндеті шет елдегі қазақтарды жан-жақты қолдау болып табылады. Оған қоса, шет елде жүрген талантты қазақ жастарын елге әкеліп, елде қызмет еткізу, мүмкіндігі жоқтарды көшіріп әкелу, жастарына елімізде білім беру. Сіздер мемлекетіміздің қаржысымен тегін оқу құқына ие болдыңыздар. Жатақханаларыңыз тегін. Стипендия да қаластырылған. Жалпы, облысымызда 2014 жылы Сәуле Кісембаева ханымның ұйымдастыруымен шеттен келген жастарды жоғарғы оқу орынына түсу үшін кешенді тестілеуге дайындау бөлімі, яғни «Foundation» факультеті құрылған. Содан бері келушілер саны артуда. Былтыр 120-ға жуық студент келсе, биыл 150-ге жетіп отыр», – деді Болат Зауытұлы.

Өткен жылы Павлодар облысына «Foundation» факультетінде дайындалу үшін 116 шет елдегі қазақ жастары келген. Оның 95-і кешенді тестілеуге қатысып, 71-і ЖОО гранттарына ие болып, Астана, Алматы, Қарағанды және Павлодар қалаларының университеттеріне қабылданды. Тағы 10-ы колледж студенттері атанды. Павлодар облысының ішкі саясат басқармасының басшысы Ернұр Дауенов студенттерге кез келген тұрғыда көмек көрсетуге дайын екенін айтты.

«Мен бұл кездесуді көптен бері күттім. Басқармамыздың негізгі миссиясының бірі – елге оралған қандастарымыздың жергілікті қауымға бейімдеу бойынша іс-шаралар өткізу, бейімделу үдерісіне араласу, оны бақылау. Егер сауалдарыңыз, үндеулеріңіз, қиындықтарыңыз, тіл мәселесі және ар-намыстың қорлануы бойынша келіспеушілік туындаса көмек көрсетуге дайынбыз. Сіздердің толықтай қазақ тілінде білім алуға, қызмет алуға құқықтарыңыз бар. Осы тұрғыда келеңсіздіктер болып жатса, сол арада көмек көрсетеміз. Байланыс телефондарымыз бен электрондық поштамыз басқармамыздың сайтында көрсетілген. Жеке өзім әлеуметтік желілерде ашық екенімді, парақшама хат жолдап хабарласуларыңызға болатынын айта кеткім келеді», – деді Ернұр Дауенов.

Шара барысында облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы көші қон бөлімінің басшысы Меруерт Есенбаева жастарға көші-қон жөнінде кеңестер беріп өтті.

«Егер сіздердің арттарыңызда келеміз деп тұрған отбасыларыңыз болса, өңіріміз қабылдауға дайын екенін айтқым келеді. Мемлекет тарапынан арнайы квота қарастырылған. Көмектен құр қалмайды. Сондай-ақ бұрындары еліміз тек отбасыларды қабылдаған болса, енді жалғызбасты адамдарды да қабылдап, көмек көрсетеді. Сондықтан оқуларыңызды аяқтаған соң жалғыз қоныс аударып, еңбек етулеріңізге болады», – деді Меруерт Есенбаева.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ