Қонақ кәде

Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы шет елде тұрып жатқан қандастарын әрдайым назардан тыс қалдырған емес.

Елбасына және құзіретті мекемелерге шет елде  тұратын диоспаралар туралы мәселе көтеріп, алдарына ұсынып отырамыз. Біз үшін әрбір қазақ қымбат, “әр қазақ менің жалғызым” деген ұстанымды ұстанып келеміз. Жаhандану жағдайында, өзге елдерде өмір сүріп жатқан  этникалық қазақтардың басқа халыққа сіңіп кетуін болдырмау үшін, өсіп келе жатқан ұрпаққа ұлттық тәрбие беру, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптар, мәдениетке баулу және ана тілінде сөйлеп, оны еркін қолдана білу мақсатында қазақтардың Атажұртына оралуына, олардың қазақстандық қоғамға тез бейімделіп, үйреніп кетуіне және бас біріктіруіне жан-жақты жағдай жасаудамыз.

Елім деп еміренген, шетте жүрсе де Қазақ еліне өз үлесімді қоссам деген ниетте, Қытай Халық Республикасы Алтай аймағында тұратын, қазақтың қол өнерін сақтап, дамытып дәріптеп отырған ерлі зайыпты  Нәбижан мен Бағдаргүл қазақ қауымдастығына келіп өз ойларымен бөлісті. Қауымдастықтың қолдауымен кәсіптерін елге келіп дамытқысы келетінін, екі мемлекет арасына мәдени қарым-қатынасты нығайтып, қазақтың байырғы сырмақ басу, оны заманауи қалыпқа түсіріп, күнделікті тұрмыста қолданысқа енгізіп, бейімдеу бағытында атқарып жатқан жұмыстарымен таныстырды. Ұзақ жылдар бойы осы кәсіптің қыр-сырын меңгеріп, оқулықтар жазып, қазақтың інжу-маржан ұлттық құндылықтарын  көзінің қарашығындай сақтап, келер ұрпаққа аманаттамақ. Қазақ қауымдастығына қонақ кәдеге жерге төсейтін оюлы сырмақ сыйламақ ойын айтып, қауымдастық өз мұражайын ашса, оған да өздерінің үлестерін қосатынын айтып ағынан ақтарылды.

Төрағаның орынбасары А. Оспанов мырза “алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы ата келіп қол алатын” ата салтымызбен, келген қонақтарды жылы қабылдады.  Қауымдастықтың есігі келем деушілерге қашанда ашық екенін, қолдан келген көмегімізді аямай, жол сілтеп бағыт беруге, ақпараттық қолдау көрсетіуге даяр екенімізді айтып, келгендеріне алғыс білдірді.

ДҚҚ Баспасөз орталығы

ПІКІР ҚАЛДЫРУ