Жыр кеші жаңа форматта өтті

Алматы қаласында «Алатау» дәстүрлі өнер театрында 15 қазан күні Қазақстанда тұңғыш рет театрландырылған поэтикалық жыр кеші өтті.

Кеште ақын Мағиза Құнапияқызы мен Қайрат Құлмұхамедтің өлеңдеріне қойылған «Өлең сөздің патшасы» атты поэтикалық сахналанған қойылым көрсетілді.

Кеш шымылдығын ашқан Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Бақыт Беделхан алдағы уақытта осындай кештер жалғасын табатынын, бүгінгі үлкен кеш нар тәуекелдің кеші екенін, жыр кеші деген әшейін сахнаға шығып өлең оқу емес, оны сахналанған көрініске айналдыру, халыққа жеткізу керек екендігін тілге тиек етті. Алдағы уақытта Жазушылар одағының жанынан «Сөз патшасы» атты поэтикалық театр ашылатынын, ақындардың шығармашылық кештері осындай форматта өтетінін хабарлады.

Кешті Ғабит Мүсірепов атындағы Жастар театрының актерлары Бейбіт Қораманов пен Сәния Ерзатқызы жүргізді. Кешке танымал тұлғалар, өнер қайраткерлері және жыр сүйер қауым қатысты. Театрландырылған бұл өзгеше кеш көрермендердің көңілінен шықты. Әр көрініске ризашылықпен шапалақ ұрған көпшілік қауым осы кештің ерекшелігін сезінді.

Кеште сөз алған Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Алматы қаласы және облыстық филиалының директоры Айбөпе Мақұлбекова ханым  ұйымдастырушыларға рахмет айтып, ақындарға арнайы Алғыс хат табыс етті.

ДҚҚ Баспасөз орталығы

ПІКІР ҚАЛДЫРУ