ДҚҚ Төрағасының бірінші орынбасары Астанада шеттен келген қандастармен кездесті

Кездесуге әлемнің 10 елінен 40-қа жуық қандасымыз қатысты. Оның ішінде Моңғолия, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркия, Қытай және тағы басқа елдер бар.

«Бар қазақтың бір ғана отаны бар, ол – Қазақстан. Біздің бүгінгі санымыз – 16 миллион. Оның 12 миллионы – елімізде, қалған 4 миллионы шетелде тұрады. Жалпы 44 мемлекетте қазақтар бар, негізгі шоғыры Қытай, Өзбекстан және Ресейде орналасқан. Елбасының тапсырмасына сәйкес, біз шетелдегі қандастарымызға қолдау көрсетіп қана қоймай, олармен тығыз қарым-қатынас орнатуымыз керек. Бүгінгі шара – соның дәлелі», – деді Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков.

Кездесу барысында шеттен келген қандастарымыз өз ойларын ортаға салып, ұсыныс пікірлерін, мұқтаждықтарын айтты.

“Біздегі ең басты мәселе – тіл мәселесі болып отыр. Қырғызстанда бірде-бір қазақ мектебі жоқ. Ресейде, Өзбекстанда, Моңғолияда, Қытайда қазақ тілді мектептер бар. Ал 30 мыңға жуық қазақ өмір сүріп жатқан Қырғызстанда қазақ мектебі демей-ақ қояйық, қазақ тілін үйрететін үйірме жоқ. Осының салдарынан біздің ұрпақ қырғыз тілін оқып не қазақ емес, не қырғыз емес болып өсіп келеді. Осы мәселені шешіп беру жағын қарастырсаңыздар екен” – деді Қырғыз елінен келген қандасымыз.

Сонымен қатар, Зауытбек Тұрысбеков білім беру жобасы аясында қандастарымызға еліміздің көрікті және тарихи жерлерін көрсетіп, отанға деген сүйіспеншіліктерін арттыру бағытындағы шаралардың ұйымдастырылатынын айтты.

«Бізде Назарбаев Университетімен қатар, оның мектептері бар. Қазақстан бойынша 20 Назарбаев зияткерлік мектебі (НЗМ) жұмыс істейді. Олардың білім беру жүйесі үздік, яғни халықаралық стандартқа сай екені де белгілі. Қазіргі таңда НЗМ-мен келісім жасап жатырмыз. Сол келісім негізінде келесі жылы 4 мың қандасымыз, яғни оқушылар Қазақстанға келіп, НЗМ-де оқитын болады. Осы жоба аясында әлемнің түкпір-түкпіріндегі бауырларымызды қамтитын боламыз. Ондағы мақсат – білім беруден бөлек, оларды өзіміздің қазақ балаларымен таныстырып, жақын араластыру. Осыған ұқсас бізде жыл сайын 150 шетел қазақтарының балалары Ақмола облысындағы «Балдәурен» жазғы лагерінде демалады», – деді Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков.

Өз кезегінде Зауытбек Қауысбекұлының бұл пікірі шеттегі қандастарымызға үлкен қолдау болатынын, ұлттықө руханиятымызды, қазақ тілін меңгеру, атажұртпен араластық пен ұрпақ сабақтастығы мәселелерінде өзекті екені айтылды.

Сонымен қатар, кездесу кезінде Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы түсірген «Алыстағы ағайын» деректі фильмінің тұсаукесері өтті.

Онда ХХ ғасырдың 30-50 жылдары Алтайдан Анадолыға дейін жалғасқан тағдырлы көштің барысы мен қазіргі Түркияда тұрып жатқан қандастарымыздың өмірі баяндалады.

«Тарихи фильмдегі оқиғаны бастан-аяқ баяндаушы Түркия қазағы Мансұр Тәйжі ақсақал бүгінде 75 жаста. Алтай көшін оның әкесі бастап барған, ол кезде ақсақал 7 жаста болған. Өзінің айтуынша, Алтай қазақтары 9 айдың ішінде 3 мыңнан астам шақырымды жаяу бағындырып, Гималай тауын басып өтіп, Түркияға жеткен. Фильмді күні кеше ғана бітірдік. Шетелде тұратын қазақтардың тағдыры әртүрлі. Ал, мына қазақтардың бастан кешкені – бөлек әңгіме. Тарихи туынды архив материалдарымен құнды. Осы мақсатта біз Қытай, Ұлыбритания архивтерімен бірлесіп жұмыс істедік. Отандастарымызды қолдауға бағытталған жұмыстар мұнымен бітпейді», – деді Зауытбек Тұрысбеков.

Оның айтуынша, «Алыстағы ағайын» фильмінің АҚШ-та тұратын қазақтардың тағдырына арналған бөлімі қазір дайындалып жатыр.

“Қасиетті қазақ елі” өнер фестивалі Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы және «Отандастар» қорының ұйымдастыруымен өтіп жатыр. Бүгін фестивальдің салтанатты ашылу рәсімі Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында өтеді.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ