“Қасиетті қазақ елі” фестивалі аяқталды

Астанада ҚР Қоғамдық даму министрлігі, «Отандастар қоры» және Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы мен Астана қалалық әкімдігінің ұйымдастыруымен «Қасиетті Қазақ Елі» атты xалықаралық өнер фестивалі өтті. Фестиваль аясында жыр мүшәйрасы, терме сайысы өтіп, қолөнершілердің үздік туындылары жиылған жұртшылыққа көрсетілді.

Өнер фестиваліне еліміздің түкпір-түкіпірінен келген отандастарымыздан бөлек, Германия, Франция, Иран, Ауғанстан, Моңғолия, Ресей, Қытай және тағы басқа елдерден 50-ге жуық өнерпаздар қатысты.

Шетелдегі дарынды қазақтардың қолөнерді, сөз өнерін, термешілік дәстүрді меңгерудегі шығармашылық шеберлігіне баса назар аударуды мақсат еткен ұйымдастырушылар, фестиваль арқылы олардың отансүйгіштік, рухани, ұлттық нақышта жасалған бұйымдарын, кәдесыйларын, өлеңдер мен орындаушылық шеберлігін қалың елге насихаттауды мақсат етті.

Фестивальдің марапаттау рәсімін ҚР Қоғамдық даму министрі Дархан Калетаев құттықтау сөзімен ашып берді. Ведомство басшысы шара қонақтары мен шетелден келген отандастарымызға аталмыш фестивальдің «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, Елбасының тапсырмасына сәйкес құрылған «Отандастар» қорының бастамасымен өтіп жатқанына тоқталды. Белгілі қоғам қайраткері, саясаткер Нұртай Әбіқаевтың басшылығындағы қор жұмысы шетелдегі және елге оралған қандастарымызға жан-жақты қолдау көрсетуге бағытталған.

Министр Дархан Калетаев ҚХР-нан келген отандасымыз, ақын Жұматай Көксубайға фестивальдің бас жүлдесі мен 400 мың теңге көлеміндегі ақшалай сертификатты табыстады.

«Жыр мүшәйрасы» аталымының жүлдегерлерін құттықтау салтанаты «Отандастар қоры» АҚ Президенті Нұртай Әбіқаевқа тапсырылды. Аталым бойынша 3-орын – ҚХР-ның азаматы Алаш Тұрсынәліұлына, 2-орын – Монғолия азаматы Нарқұлан Райханұлына және 1-орын – түркістандық Шынарбек Жомартұлына салтанатты түрде табысталды.

«Елбасы V дүниежүзі қазақтарының құрылтайында шетелдегі қандастарымызға қолдау көрсететін қор құруды тапсырған-ды. Көп ұзамай Президент тапсырмасымен «Отандастар» қоры өз жұмысын бастап кетті. Бүгін, міне, аталмыш қордың ұйымдастыруымен алғашқы ауқымды шара өтті. Одан бөлек, Елбасы шетел қазақтарына арналған бағдарлама жасаудың қажеттігін айтқан-ды. Қазір осы бағытта жанды жұмыстар жүргізілуде. Ендігі мақсат – сырттағы қандастарымызға қолдау танытып, олардың ұлттық мәдениетіміз бен дәстүрімізді дамытуына жағдай жасау», – деп шараның мән-маңызына тоқталған Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков «Қолөнер» аталымының жүлдегерлерін марапаттады. Аталым бойынша 1-орын жүлдесі – Монғолиядан келген ақсақал Хайып Қабылға, 2-орын жүлдесі – ирандық қандасымыз Нарғыз Тінейге және 3-орын жүлдесі – ресейлік отандасымыз Артықбай Смағұловқа табысталды.

«Терме өнері» аталымының жүлдесін Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев салтанатты түрде табыстады. Аталым бойынша 1-орынды ҚХР-нан келген Нұржігіт Есхат, 2-орын өзбекстандық Мәмбетназаров Жанғарға, 3-орын астаналық Арман Қалелбекұлына бұйырды.

Фестивальдің бір ерекшелігі – жыр, терме және қолөнер додасына тек шеттен келген қандастар ғана қатысты.

«Бүгін міне, Тәуелсіз қазақ елінде, Астананың төрінде, Сарыарқаның өрінде Ұлыстың ұлы тойы болып жатыр. Ақындардың сөз саптауын, термешілердің мақамын, қолөнершілердің шеберлігін сарапқа салатын халықаралық өнер фестивальі елімізде алғаш рет өткізілуде.

Осынау дүбірлі доданың өтуіне ұйытқы болған «Отандастар қоры» мен Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығына, Астана қалалық әкімдігіне және барлығына басшылық жасап жатқан Дархан Қалетаев басқаратын Қоғамдық даму министрлігіне алғыс айтамыз. Әлемнің түкпір-түкпірінде шашырап жүрген қандастарымыздың басын бір арнаға тоғыстырған бұл шара алдағы уақытта дәстүрлі түрде өткізілмек. Бұл бәріміз үшін үлкен қуаныш.

Осы өнер фестивалінің аясында өткен мүшәйраға келіп түскен 40-қа жуық ақынның өлеңімен таныстық. Оның ішінде қазақтың шұрайлы тілін қаз-қалпында сақтаған жыр дүлдүлдерінің бар екеніне куә болдық. Мені бір қуантқаны – бүгінгі бәйгеге қатысып отырған ақындардың ішінде нашары жоқ. Барлығы да талантты. жүген үзген жүйріктер, шылбыр үзген дүлдүлдер! Дегенмен, біз мүшәйра шартына сәйкес саралауға тырыстық. Бұл тұрғыда географиялық жағы да ескерілгенін айтуға тиіспіз. Мәселен, Моңолиядан бір топ арынды ақын қатысса, ең таңдаулылары ғана жүлдеге лайық деп танылды. Өйткені, Иран, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркия, Германия секілді алыс-жақын шет елдерден ат арытып келген қандастарымыздың да еңбегін ескеру қажет болды. Мұның бәріне түсіністікпен қарайсыздар деген ойдамыз. Дегенмен, «жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» демекші, кіл мықтының арасынан ең мықты деп танылған 11 ақынға ғана жүлделер табысталады.

Төрткүл дүние құлақ түрген бүгінгі дүбірлі додаға қатысқан барша қандастарымызға алғысымыз шексіз. Қазақтың жыр бәйгесі тоқтамасын! Ақындарымыз аламанда қашан да алда келе берсін! Бәріңізге Ақ жол тілейміз», – деп жүрекжарды лебізін білдірген Қазылар алқасының төрағасы, елімізге белгілі ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Халықаралық Есенин атындағы сыйлық – «Алтын күз» орденінің иегері, «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары Қазыбек Иса мүшәйра мен термешілерге, қолөнер шеберлеріне Арнаулы жүлделерді салтанатты түрде табыстады.

Таңжарық Жолдыұлы атындағы арнайы жүлдені ақын Оразай Жеңісұлы, Қажығұмар Шабданұлы атындағы жүлдені Алтын Мәденқызы, Халифа Алтай атындағы арнайы жүлдені Жанат Боқашұлы, Асқар Татанайұлы атындағы жүлдені Соян Мұсаұлы, Сұлтанбек Қожанұлы атындағы жүлдені Өзбекстаннан келген Наурызбай Жарбосынұлы, Қожаберген Жәнібекұлы атындағы жүлдені Иран елінен келген ақын Фейзу Бәли (суретте), Ермұрат Зейіпхан атындағы жүлдені ақын Үзбен Құрманбайұлы, Шерубай Ұнатұлы атындағы жүлдені әнші Бағынұр Әбілезұлы, Мағауия Баймұхамедұлы атындағы жүлдені Уатхан Шаттық, Дәркембай Шоқпарұлы атындағы жүлдені қолөнер шебері Гаухарай Құрманова еншіледі.

«Қасиетті қазақ елі» халықаралық өнер фестивалі сыйлығының жалпы жүлде қоры 3 миллион теңгені құрады. Жүлдегерлерге арнайы кубоктар мен дипломдардан бөлек қаржылай сыйлықтар табысталды. Бас жүлде иегерінен бөлек, 1 орын иегерлеріне – 250 мың теңгеден, 2 орын иегерлеріне – 150 мың теңгеден, үшінші орын иегерлеріне – 100 мың теңгеден және ынталандыру сыйлығы иегерлеріне – 50 мың теңгеден берілді.

Салтанатты марапаттау рәсімі фестиваль жеңімпаздары мен қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен гала-концертке ұласты.

ДҚҚ Баспасөз орталығы

ПІКІР ҚАЛДЫРУ