Сіламхат Сейтхамзаұлы. Тарғыл таумен тамырым бір соғады

Сіламхат Сейтхамзаұлы, ақын.
1952 жылы 15-қарашада ҚХР Алтай аймағы, Қаба ауданы, Алқабек ауылында дүниеге келген.
1973 жылы Алтай аймақтық педогогикалық колледжін бітірген.
1973-1983 жылы орта мектептерде мұғалімдік қызмет атқарған.
1985 жылы Іле педогогикалық университетін бітірген.
1983-1998 жылыдары ҚХР ШҰАР, Іле автономиялық облыстық білім мекемесінде кеңсе меңгерушісі, саяси кадрлар басқармасының бастығы, «Іле ағарту» журналының бас редокторы болған.
Өлең толғаулары «Дала дабылы», «Алтай аясында», «Бәйшешек» атты ұжымдық жинаққа енген. «Ақ жайқын» атты жыр жинағының авторы.
2003 жылы Т.Жолдыұлының 100 жылдық мерей тойына орай Алматыда өткен халықаралық жыр мүшайрасында 2-орын иеленген. Қазақстан жазушылар одағының мүшесі.

Тілің тиіп кетпесін, түкір жерге

Жақсылық та, жәннат та біздің жерде,
Тілің тиіп кетпесін, түкір жерге.
Осы жердің ұрпағы болу бақыт,
Қақылымыз, туысқан, шүкір деуге.

Астау-астау алтынды күредіңдер,
Кепиеті атпай ма киелі жер?
Бабаң берген байлықты берік күзет,
Таңың атар сенің де, үзбе күдер.

Не іздейсің, бәрі бар біздің елде,
Күпір қылма, таза бол, шіркін кеуде.
Баспанасы бұзылып ауған құстар,
Сабылысып жатады біздің елде.
Сайран салып жатады біздің көлге.

Адам түгіл киік те паналаған,
Қандайсың деп түріңе қарамаған.
Киесіне қалады қаралық қып,
Қазағымның көңілін жаралаған.
1988 ж.

Сағыныштан ботадай боздап келем

Өкпем де жоқ, ойым жоқ алабөтен,
Қақылымын жоқтауға, балаң екем.
Сағыныштан ботадай боздап келем,
Бабамның басы қалған қара мекен.

Өзіңе арнайтұғын айта берсең,
Өлең сөз таусылмайды, байтақ өлкем.
Алтынтау – асыл ана, құтты мекен,
Уілдеп сағыныштан ән сап келем.
Шашайын өлеңімді оңды-солды,
Көрімдік сұрағанға қарсы ап менен.

Далам, тауым, өзіңдей көңілім бар,
Сыйыса алмас ешқашан пейілі тар.
Дарханмын туған елдей, туған жердей,
Ойым – өзен, жаным – жаз, сезімім – бал.

Аңқылдап-ақ кетейін дүниеден,
Туған Отан, өзіңді сүйіп ерен.
Сенен өзге жоқ әсте жұбанышым,
Өлсемдағы өзіңді сүйіп өлем…
1990 ж.

Тарғыл таумен тамырым бір соғады

Келеді ғұмырымды тауда кешкім,
Басса-дағы төбемнен таудай көшкін.
Тарғыл таумен тамырым бір соғады,
Өйткені мен ұлы алып – тауда өстім.
Тау ажары мәңгілік болмайды өшкін,
Тау мамасын ембеген жоқ-ау ешкім.
Тауға тартқан пейілім таудай дархан,
Тар пиғыл тағылықпен қандай өшпін.
Келеді зұлымдықты талдай кескім,
Ақкөңіл адалдықпен балдай доспын.
Қаныма сіңіп кеткен тау рухы,
Жатсам-тұрсам әніме талмай қостым.

Тауды көрсем еркіндік түседі еске,
Бостандықты сүйеді құс екеш те.
Тау жаныған қанатын түз қыраны,
Шыдаймысың шындыққа – түс егеске!
Шыдай алсаң шындықтан жалтармауға,
Тау атылса жеңімпаз күш емес пе?!

Тау ұлымын – жүрегім таудай үлкен,
Содан болар, келеді талмай жүйкем.
Тау ұлымын, тау – менің сүйенішім,
Қиялымды ұштайды шалғай жүрсем.

Тау ұлымын, жасаймын таудай болып,
Ақ дидарым алаулы таңдай болып.
Қайда жүрсем қас болып арманыма,
Бір бұралқы ит жүргені-ай қалмай еріп.

Оған бола күрсініп не қыламын,
Жиырмамда жықпаған жеп уайым,
Енді бүгін орданы бұзар жаста
Қайтады екен қалайша менің әлім?
Туған дала, туған тау, туған халық,
Сенің арқаң жаңғырса менің әнім.
1991 ж.

Жайлау мынау, тау мынау

Жайлау мынау, дала мынау, тау мынау,
Жасаңға аунап бір жадырап қалдым-ау.
Жайлау деген – шалқып жатқан жәннат – қой,
Жасыл манат, күміс өзен, сал-жырау.

Бал қарағай, балауса гүл, ну орман,
Ақын жігіт, шабыт шақыр, жыр ойлан.
Тауда есіме келді таудың тағысы,
Тағы болған жақсы екен-ау бір ойдан.

Сұлу мүсін суретің тым хикмет,
Қатпарында жатыр қандай сыр түнеп.
Қарағайды қалың қолға ұқсаттым,
Жауын қуып бара жатқан дүркіреп.

Тағдыр жомарт пішіп беріп молынан,
Жаратты екен қай шебердің қолынан.
Сенің осы толықсыған тұлғаңды,
Табар екем қай сұлудың бойынан.

Ей, ағайын! Рахаттан ән сал да,
Ырымдаймыз, таңқалма да тамсанба!
Сезіледі туған жерім сияқты,
Қазағымның қай тауына барсам да.

Өмір деген күнде жаңа, ойлашы,
Асқақтама болғаныңа онбасы.
Қонақ боп қайт, ақыл сатпа, бірақ та,
Өтпейді оның бір тиынға тоннасы.

Тауға тартқан тау мінезі адаммын,
Неге құмар тауға тұман – маған мұң?
Биіктіктің, білгендіктің белгісі ол –
Бақытымды мен осыдан табармын.

Құтылады тағдыр жазса қашып кім?
Қадыры жоқ сор сіңбеген бақыттың.
Күн жарықтық нұрын төгіп тұрғанда,
Мұң жастанған шағымызда бақыт тым.

Қара жерге шықпастай ғып көмген соң,
Нағыз бағаң беріледі өлген соң.
Ажырғыдай азаптайды басыңды,
Біреу саған өз қолымен берген шен.

Білсем-дағы жақпайтынын тураның,
Қисық емес, қиып түсер турамын.
Бірақ осы мінезімді біреуге,
Сап алтынға саудалауға қимадым.

Қалыспашы, қайран халқым, қатардан,
Сезесің бе, сел келеді, қаһарлан!
Жаны сірі, көңілі ұлпа халықпыз,
Тағдырымыз қара тауға маталған.

Мақтанайын ата-бабам екен ер,
Ел қарызы азаматпен өтелер.
Таудай үлкен азапты да бақытты,
Тау сықылды халық қана көтерер.

Ұлы істерден туа бермес ұлылық,
Тіршіліктің мәнін зертте, сырын ұқ.
Жұртқа таныс арзан шындық емес пе,
Алтын құмда жататыны тығылып.

Шындық деген удай ащы білгенге,
Болмайды оны бояуға да түрлеуге.
Қалпағыңды аспанға ат, бауырым,
Мешеу жүйе – мешел күйі күйреуде.

Ұлытаудың ұшарында жүр ұлар,
Тау қадірін бізден артық кім ұғар?!
Ұрпағымыз тау жастанған халықтың,
Тарихымды тарғыл таудан ұғып ал.

Бізді өзгелер байлығы мол ел дейді,
Жеріміз де, көңліміз де кең, мейлі.
Атом бомба жасау оңай дегенмен,
Тырнақтай жер жасау қолдан келмейді.

Ата-бабам берген жерді еншіге,
Көрінгенге кесіп беріп кеңсіме.
Қазақ үшін жаратылған жәннат бұл,
Енді осыны меңгеретін ер тіле.

Қарапайым менің момын халқымды,
Ел өсекке қосады екен сан түрлі.
Қайтейін-ай, қасіретім үдеп жүр,
Асырам деп қасиетіңді, даңқыңды.

Жылы ұшырап тұратын бұл бет қандай,
Байырғы бір көне таныс, дос жандай.
Қайдан көрсем аңқылдаған, ақ жайқын,
Қазақ біткен бір қалыпқа соққандай.

Қазақ біткен арманшыл да батагөй,
Кеудесінде теңіз болып жатады ой.
Садаға кет менің сабаз халқымнан,
Таласпаймын, менен ассаң аса ғой.

Ізгі халық көкірегі толғар кең,
Қазақ жайлы қайта бастан ойлан сен.
Алдыменен бізден үйрен ұятты,
Жерім көркем, жаным сұлу болған соң.

Бір шарапат қонғандай боп осыдан,
Көңіл-күйім күркірейді тасыған.
Заңғар – заңғар шоқыларға қарап-ап,
Неге екені өзіме де белгісіз,
Бір мақсатқа – бір сапарға асығап.
1992 ж.

Малта тасқа қына болып көктедім

Көргенім де, кешкенім де көп менің,
Жаутаңкөз боп, жасқау көріп өскемін.
Жауларымды жалыныммен қарыдым,
Мұхитыңа батырса да өшпедім.
Айта берсек таусылмайды өткен күн,
Сұлтан едім, ұлтан болсам деп келдім.
Жаутаңдадық қабағына біреудің,
Бірі деп біл мені азап шеккеннің.

Ой-хой, қазақ! Елім менің, Отаным,
Отан үшін жанымды оққа тосамын.
Жайшылықта діңі қатты көңілім,
Бүгін неге соншалықты босадың?!

Еріксізден ерік бердім сезімге,
Білмей тұрмын түсім бе, әлде, өңім бе.
Бақыт кейде жалғыз тамшы жас екен,
Іркіліп тұр кірпігімде, көзімде.

Өшіремін десе-дағы өшпедім,
Малта тасқа қына болып көктедім.
Қапастағы шер-көкірек бұлбұл ем,
Еркіндікті сайрасам деп көкседім.
…………………………………………………
Сол арманым орындалды дәл қазір,
Ал, ендеше, өрт тигендей мазда бір!..
1993 ж.

Бір ақын жүр алматы қаласында

Елеусіз қалың топтың арасында,
Бір ақын жүр Алматы қаласында.
Атын да, ақынын да білмейді ешкім,
Танымайтын біреуге қарасын ба…

Жас та емес, жапырағы өсер кеңіп,
Қонақ та емес, бір күнгі кетер қонып.
Орта жаста ортаға сіңу қиын,
Көрсетеді біреулер бөтен кейіп.

Құрбы да жоқ қуантар жалбыз болып,
Күлдіретін қу да жоқ балдыз болып.
Сырласатын бірде-бір дос таба алмай,
Отырады бақшаға жалғыз келіп.

Ел бастаймын демейді көсем болып,
Риза еді өтуге көсеу болып.
Қазақшаны білмейтін быдық біреу,
Күйдіреді ақынды шешен болып.

Ер жеткен өр Алтайдың даласында,
Ерке өскен өз халқының арасында.
Алаштың азаттығын мақтаныш қып,
Бір ақын жүр Алматы қаласында.
1998 ж.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ