Мағиза Құнапияқызы. Өр Алтаймен қоштастым да, Алатауға жеттім мен

Мағиза Құнапияқызы 1972-жылы 15-қарашада Қытайдың  Алтай аймағы, Буыршын ауданы, Шұңқыр ауылында туған.
Қытайдың “Тұлпар” әдеби сыйлығының иегері.
2000-жылы Қытай қазақтары арасында тұңғыш рет өткен жыр мүшәйрасының 1-орын жеңімпазы.
2000- жылы Қазақстанға бір жолата көшіп келген.
Таңжарық Жолдыұлы атындығы, Артығали Ыбыраев атындағы, Сәкен Иманасов атындағы, «Ару қала Алматы», «Жадыра жайна Астана» қатарлы бірнеше мүшайраның жүлдегері.
«Жас толқын», «Талбесік» қатарлы жинақтарға өлеңдері енген.
«Қызыл Шолпы», «Ай жүзіне көп қарап», «Қызыл қайың» қатарлы жыр жинақтарының авторы.
Ерен еңбегі үшін медалінің иегері.
Қазақстан жазушылар одағының мүшесі

Қызыл қайың

Қатар-қатар қайың өскен, аяқ жағы ауылдың,
Еске алсам сол мекенді сағыныштан ауырдым.
Балтырынан басқа жерге жасыл дүрия киінген,
Шие тере барған сайын сәлем беріп иілген.

Ақ қайыңды сырып қойып ақындардан бата алған,
Елден ерек осы тоғай қызыл қайың аталған.
Ханшайымдай түске жақын ұйқысынан оянған,
Күз келгенде бар жапырақ қызыл түске боялған.

Ин ағашпен суға барам тұрса да үйім кезеңде,
-Тау суынан ішейік! -, деп жұмсайды анам өзенге.
Жартастарға шашыраған тамшыларға сыр тұнып,
Қарсы бетте қызыл қайың, ағады өзен бұлқынып.

Тамсанам да табиғатқа апам салған өрнектей,
Қайта кері қайтатынмын жақын жерден қол жетпей.
Басы Ертістің неге сонша асау десем өзгеден,
Соңғы жетер нысанасы мұқит екен көздеген.

Тастай суық таудың суын анама әкеп беремін,
Қызыл қайыңды көру үшін күнде өзенге келемін.
Өзімменен бірге есейді бала кезгі арманым,
Тағы жетті қоңырқай күз туған жерге бармадым.

Шын сағынса жетер адам отыра сап ұшаққа,
Алақандай қайран ауыл симайсың ғой құшаққа.
Өр Алтаймен қоштастым да, Алатауға жеттім мен,
Қызыл қайың сағынышын бөлісе алман ешкіммен!

Таусыз жерде тұра алман

Сисам таудың құшағына сиярмын,
Жүйріктігін қарасаңшы қиялдың.
Тез жетем деп отырғанмен ұшаққа,
Тау үстінен өткен кезде ұялдым.

Барлығына төтеп беріп мұз-қардың,
Селт етпеген өткеніне ызғардың.
Жабыла кеп үймелеген басына ,
Ақша бұлттан тауларымды қызғандым.

Сәлем десем ояна кеп ақтаңда,
Қуанышты, мұңға толы шақтарда.
Сәлем десем елге келсем алдымен,
Қоштасамын кетіп бара жатқанда.

Ақ бас шыңы түнде бірдей шырақпен,
Жете алмассың бір күн жортып құр атпен.
Тауға менің бар жоқтығым белгісіз,
Таусыз жерде тұра алмаймын бірақ мен.

Тым биікке қол созғаным не теңім?!
Таудан кетсем беймаза күй кешемін.
Бара жатып зымыраған көлікпен,
Терезеден бір үңіліп өтемін.

Арқасымен желді қалай тосқанын,
Қарағайдың басын қалай қосқанын,
Көрер едім. Досым менен зеріксең,
Еш ойланбай тауға апарып тастағын!..

Анама хат

Қырда гүлім көктеді деп қуандың,
Жайқалтам деп шақырымнан су алдың.
Қас-қабағын бақтың желдің жаңбырдың.
Ол шөлдесе бірге қаңсып қуардың.

Гүлің ем ғой тым жайқалып өстім бе?
Сендей азап шекпеген- ау ешкім де.
Соншалықты ризамын анашым,
Сен болған соң мынау жалған бес күнге.

Қайсар болдың бор кеміп боп иленбей,
Сүймес ешкім ана ұрпағын сүйгендей.
Әке жоғын сездірмеуге тырыстың,
Жетім сөзі сыртта қалды үйге енбей.

Тоңса тәнім менмен бірге дір етіп,
Күлгенімді жүргенімді жыр етіп.
Балапанды аламын деп түлетіп,
Иен үйді қалдың тағы күзетіп.

Сан кешірген, сан тұрғызып жебеген,
Құдіретке теңемейін неге мен.
Төбемді бір көрсетуге зар қылып,
Кеттім алыс, қатігез ем недеген?!

Жүрегің- күн, тұлғаң болса дара шың,
Сені ешкімге теңемеймін анашым.
Ана біткен болу үшін бақытты,
Тәңір аман сақтай гөрші баласын!!

Әке

Көрмеген соң көсеуге де таң қалып,
Көп ұмтылдым биіктерге қарманып.
Әке сенмен бірге кеткен бақытты,
Мына өмірден көп іздедім сандалып.

Сақтадым көп айта бермей елге сыр,
Өзің жоқсың портіретің төрде тұр.
Жұрт көзіне қайсар болып көрінем,
Оңашада төккен жасым көл-көсір.

Жібек көңіл ширатылды желінді,
Жемір уақыт жалмап бітті, жоқ үлгі.
Сені құдай бір күнде алып кеткен соң,
Бетегенің бәрі тау боп көрінді…

Бұл күйімді білер кімдер, білмес кім?
Қай пендеге тұрақтапты бұл бес күн.
Жылы жүзбен күле қарап өткеннің,
Барлығына қарыздар боп күн кештім….

Ағып келіп тоқтап тұнған көлдеймін,
Соғып барып тына қалған желдеймін.
Ағындауым асау шабыт шығар сол,
Тоқтайтыным- сенсіз тірлік, сенбеймін.

Біреу бар ма өмір дейтін жолды ұққан?
Біреуге бақ, біреулерге ол мыстан.
Сағынбаймын келмейтұғын болған соң,
Шарасызбын…
Жылайтыным сондықтан!!

Ауылым

Тауға қарап елестетем тау ұлын,
Кербез жота- маңғаз мүсін бауырым.
Ағайынның пейіліндей тап- таза,
Тұнық еді ауа, суың, жауының.

Шың басына барып қонған ауылым,
Далам гүлге қарық болған ауылым.
Аяз дейтін мұз сандықтың ішінде,
Ала қыстай қалып қалған ауылым.

Алыс кетсем өзек тескен ауылым,
Бұлт пен тұман кезек көшкен ауылым.
Адам түгіл бір ит үрсе қалған ит,
Қоса үріп көмектескен ауылым.

Тайы озса мақтан қылған ауылым,
Азғындықтан сақтандырған ауылым.
Қаралы үйге шақырыусыз жиылып,
Ақ өлімді аттандырған ауылым.

Күн түскенде сая берген ауылым,
Кең құшағын жая берген ауылым.
Жүрегімді жібекжіпке арқандап,
Бара ғой! Деп қоя берген ауылым.

Қайран ауыл қиялымнан қалыспа,
Ұсақ- түйек мұңдарымдыи жанышта.
Күнде көрсем көзім үйір боп кетер,
Жырлайын деп кетіп қалдым алысқа!!

Алтайға есек келген күн

(1900 жылдың басында Өр Алтайдың Қаба өңіріне, Алқабек Білезік өзенінің жағасына бір топ ұйғыр 10 есекке шай-пұл тиеп әкеп сатқан екен)
/Автор/

Келді ауылға бір керуен киімдері шұбартқан,
Жаяу-жалпы шұбырынған он есекке жүк артқан.
Алыс жолдан арып келген ештеңе жоқ ойында,
Есектерін суарды әкеп Білезіктің бойында.

Асқақ Алтай паңданады басынан құс ұшырмай,
Мынау байтақ кең даланың айбары мен сұсындай.
Жаралғаннан табиғаттың төл баласы секілді,
Қоңыр қазақ мекен еткен күн кешетін қысылмай.

Мына баса –көктеушілік ел ағасын таң қылды,
Жіберді де шабарманын керуенбасын алдырды:
-Бүлінбеген бүтін елміз лайламаған тұнығын,
Баса көктеп суға түстің қай басынған қылығың?!

-Кешір тақсыр бұл өңірдің салт-дәстүрін білмедік,
Шаршап келдік алыс жолдан арып-ашып кірледік.
Бір білместік бізден кетті айтқаныңа көнейік,
Бағалаңыз бұның нарқын айыпты да төлейік.

-Есек дейтін хайуанды алмаймыз біз есепке,
Күнәсі ауыр жанды ғана мінгіземіз есекке.
Келіп қапсың саудаңды қыл ырыздығың қашпасын,
Бұдан кейін есектерің мына маңды баспасын!

Бес есек жүк бассыздықтың бодауына алынсын,
Елсіз жерден есекке арнап бөлек құдық қазылсын!
Он күн бойы төменгі ауыл өзеннен су ішпесін,
Бала-шаға Білезікке шомылуға түспесін!

Ел ағасы айтқан жарлық қайтпас сөздің дауылы,
Хабарланды төменгі ел – Абдолла төре ауылы.
Азан-қазан керуеннің десі солай басылды,
Ел ішерге Алқабектен апталап су тасыды…

Өткен шақтар енді ешқашан оралмайтын қиялым,
Шекерден де шырын едің сені қалай қиямын?!
Алмас жүзді қайран ерлер қасиетіңнен айналдым,
Доңыз түгіл есектердің жолатпаған тұяғын!

ПІКІР ҚАЛДЫРУ