Дәулеткерей Кәпұлы. Мен – ТӘҢІРІМ шашқан тары едім

Дәулеткерей Кәпұлы, ақын. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
1977 жылы Моңғолияның Баян-Өлгий аймағындағы Баяннуур сұмынында туған.
Қазақ ұлттық университетінің филология факультетін (1999), Еуразия ұлттық университетінің магистратурасын (2002) бітірген. Аталмыш университеттің PhD докторанты.
Халықаралық, республикалық ақындар айтыстарының және жазба ақындар мүшәйраларының жеңімпазы.
ІІІ Халықаралық «Шабыт» жастар фестивалінің Гран-при иегері, Түркі тектес халықтардың еларалық поэзия фестивалінің лауреаты.
«Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері. Жазушылар одағы Астана филиалының директоры.

Аңсар

Толыбай да жоқ заманда Күреңбай да жоқ,
Қазанат тұқым кеттің бе кілең майда боп?
Әбдіғайса шал жасаған ауыздығымен,
Ауылға барсам іздеймін жүген қайда деп?!

Басымнан менің аса алмай бұлт табандасын,
Жүйрік деп өткен бабамның ұрттағам жасын.
Құмарым қанбай қойды бір, тақымым толмай,
Құмарбек шапқан ертоқым жұртта қалғасын.

Елеңдеуменен құлақты еліме түріп,
Сонау жылдарды сағынам шегіне тұрып.
«Халықтың жауы» Құмар шал қатал ед, неткен,
Жез сыбызғысын ап кеткен жеңіне тығып.

Туған жер, сені көп болды жырламағалы,
Көліңнен аққу-қаз әнін тыңдамағалы.
Әке, сен аңғал екенсің, «қожанасырлау»,
Құлынға құда түсетін тумаған әлі.

Еңіреп ерлер жетеді ел деп арманға,
Жүйріктер сүйреп жүйткиді кең даламды алға.
Құрдастарың да есімде, әлі сенбейтін,
Жотасы биік сол құлын жорға болғанға.

Мінем деп талай құлынды өскенде ат қылып,
Бәсірелерді санаушы ем, бас бармақ бүгіп.
Тайқызыл жорға тағдырың қандай болды екен,
Әкеммен бірге жылаған көштен қап тұрып?!

Заманның мынау жеткендей заңды асқарына,
Көшпелі кербез тірліктен мән қашқаны ма?
Сұлу жорғаны әспеттеп сөйлеп қайтейін,
Сұлы дорбаны білмейтін қандастарыма.

Бабын тапсам ба деп едім бабамдай жырдың,
Бүгін де жүйрік мінбедім, соған қайғырдым.
Атам басына барар ем, білмеймін қайда,
Алаяқ аттың басына бара алмай жүрмін!!!

Айналсоқ

Ана бір жылы ауылға барғам,
Ілгері жетелеп ілкімді ой.
Дауылда қалған, жауында қалған,
Жерден таяқ жеген жұртым ғой.

Ауылға барғам, бал күнімді аңсап,
Көзімді сулап көне жұрт.
Бастырмап едің тағдырым жаңсақ,
Көне жұртқа атан шөгеріп.

Қиялым әлпештеп Ертөстігімді,
Шалқұйрық-таймен шаңдатқан.
Көл жағалаған Көрпеш күнімді,
Қозы соңында сандалтқам.

Күрсіне айтып жұртқа жырымды,
Естідім үнін Ұмайдың.
Түркіден қалған түп қазығымды,
Құшақтап тұрып мұңайдым.

Балалығымнан, балғын ғұрпымнан,
Баян таптырар жоқ бейне.
Айналсоқ тауып алдым жұртымнан,
Айналып қайта соқ дей ме?!

Бабамның бағзы күлтөкпесіне,
Айналып қайта соғайын.
Жүрегім сонда бүлк етпесіне,
Сезік келтірме, ағайын?!

Шалдардың соғып күлтөбесіне,
Жамбастап аз-кем жатайын.
Апамның соғып құрт өресіне,
Жарманың дәмін татайын.

Жүгенім қалған желі басында,
Айшықтап ағам зерлеген.
Танымай тұр ма, мені расында,
Осқырынады көк дөнен?!

Шиліөзек бойы – үйшінің моры,
Тұтатқан көңмен маңайын.
-Қыңыр мінезді, қисығым-деді;
Тезге сап сені алайын!

Қазықбаушалған арқаным қалған,
Қылына таңда тұнған шық.
Қайда жеткізер қаңтарулы арман,
Атыңа бүгін ұр қамшы!

Шідерім қалған ши арасында,
Арқар мүйізден бұтағы.
Шайнасып өскен ұяласым да,
Күретамырдан жұтады.

Күрмеп байлаған қыл шылбырымды,
Ат ағашыңда ұмытқам.
Тағдыр айдаған қыршын ғұмырды,
Күнталастырып суытқам.

Апамның «күргей» күбіріменен,
Сам жамыратып, зерлендім.
Шайқалмасын деп тұнығым өлең,
Көгеннен бұршақ тергенмін.

Сарыала қамшым сайда қалған-ды,
Ит міндім, ирек қамшылап.
Қастер тұтпадым қайран арманды,
Сарыуайымнан сансырап.

…Байқамай қазған азап қабірін,
Адасқан ұлға айтарым!
Қайран арманым – Қазақтамырым,
Қастер тұтарым – байтағым.

Баба ғұрпы еді – сарыуайымым;
Салт-санаң болған жарадар.
Тәңірім қылса тағы қайырымын,
Көрінде тыныш бабалар!

Ажалдың өзін жотаңда құшар,
Көкбөрі қораға үрмейді.
Қан-жын аңдыған – қотанға тышар,
Көпек итке өкпе жүрмейді!

Жүрек қашанғы қайғы алып солар,
Тәңірім солай жазып па?!
Арда ұлың болсын, айналып соғар,
Атамыз қаққан қазыққа!

Алтайдан күн көтерілді

Ақ бесік – нұр мекенімді еске сап.
Аманат қылдым кімге төрімді?
Қайқы бас ер мен бірге тебіңгі,
Есіме түсті-ау, ескі ошақ –
Менің айбалта төзімімді төске сап!

Көгеннен қозы ағытқанда,
Бозқырау бозамық таңда ұйқы ашып.
Қозы-лақ таңнан шұбырып,
Көнектен саумал сіміріп,
Кеудемнен қоңыр күй тасып.
Табиғат жатар таңғы мезгілмен ұйқасып!

Сабаны күрпілдеткендей,
Даланы дүрсілдеткендей қарқынмен.
Жотадан жортқан күндерім,
Додадан көкпарды ілгенім –
Самалды жұтқан, салқын дем.
Балалығымды жырлай алам ба бал тілмен?!

Тартпа айыл тартылып қатты,
Асаукер алқынып бақты – тасып қан.
Жүрісін жолға сайлатып,
«Дәй-дәй, дәй, жорғатайлатып»
Кештер-ай, ауылға асыққан.
Тілініп езу, астымдағы асау басыққан.

Алтын күн күңгейден асып,
Қотанда «күргейге» басып- кешкілік.
Түн жайып алып қанатын,
Ұйқыға ел қарық болатын.
Құтпанның даусын сес қылып,
Ырғайлы сайдан байғыздың үні естіліп.

Ұйқыда уыздай ұйып,
Ата мал күйіс қайырып саркідір.
Түсіме көкдөнен кіріп,
Кететін кермеден мініп,
Тәтті елестейсің таңғы бір –
Қайран да менің, балалығым-ай, бал ғұмыр!

… Алтайдан күн құлап келеді,
Алтын жал судырап келеді – бабында.
Емгесін төсіңнен нәрді,
Алтайым, есімде мәңгі-
Жанымды орап жалынға.
Тәңір сыйлаған тақ төбемде Күн барында!

Байырғы жұрттағы Сұраған Рахметұлына

Сұраған аға,
Құлазып жүрмін медиен, құба далада.
Ал, менің анау Алтайым, теріскейімнің,
Жайлауында әлі жыланкөз бұлақ аға ма?!

Сұраған аға,
Жайлауымда әлі жыланкөз бұлақ аға ма?
Қараша келген шақтарда қара өзек бойлап,
Қара суларым қамығып жылап ала ма?!

Босағам еді,
Туған жерді ойлап көңілім босамап еді.
Балаң балтырды қанатқан қарағандары,
Тошала терген сайларым тоса ма мені?!

Іңгәлап қалар,
Сәби-сезімім тек мұңнан пір қанат табар.
Таңдайға тәтті сағыныш татырып кеткен,
Балалығымды жасырған Шырғанақты арал.

Көшімді бөлек,
Әкеткен едім, тұтпаймын есіл күнге кек.
Бардың ба, аға, білдің бе, жағдайын елдің,
Біздің жайлаудың: «Қос көлі қосылды»- деп ед?!

Ойлаған арман,
Ортайып қалмас дәл бүгін бойдағы алаудан.
Санамда мәңгі жаңғырып тұрып алады-ау,
Сарбайпақ терген сәттерім қойқарағаннан.

Зар шегетұғын,
Жас жүрегімнің шығарды қанша ер өкімін.
Көшпенділікке жоқтықтан өшпенділігім,
Жыланқияқты жинап ап қамшы өретінім.

Көбең атпенен,
Қойшы ауылына білмеуші ем, не қалап келем?!
Шарана жырым жүректе сонда жарылған,
Төл тасығанда өрістен кереғаппенен.

Сүйем Алланы,
Себебі қазақтығымнан кием аумады.
Қыз-жігіт әлі жиналып басын қоса ма,
Қызық-думаннан құр қалмай бие баудағы?!

Үмітті алдыма,
Үкілеп едім бабалық ғұрыптарды ұға.
Толғанып айтар ұлтыма ұлағатты ойды,
Толған ырғайды іздейтін жігіт қалды ма?!

Сұраған аға,
Сұрқайы тірлік, сұм ниет мына қалада.
Сағынышыммен жаныңды жылатып алсам,
Кінәламассың ініңді,
… сыраға бола!

Тамыр

Мен Алтайдан аққан Қобдамын,
Арнама асып толғамын.
Дастан да қылған тарихын,
Тастан табылған олжамын.
Алтайдың алтын тасынан,
Бесбоғданың басынан ,
Қауырсын қанат қомдадым.
Айтқан да сайын ағылған,
Табанынан жарылған,
Тайпалған тарлан жорғамын.
Қаламы қатқан уық ем,
Шаңырағына шаншылдым,
Атажұрт – Алтын орданың.
Мен – қаяқая шапқан қарагер,
Шапқан да сайын өрлеген.
Тарланға тарлау жұлдырып,
Шашасын шыққа жудырып,
Тізгінді қағып, делбеген.
Мен – Жәнібек мінген көк дөнен.
Жоңғармен жойқын ұрыста,
Абылай ханның алдына
Тартылған кесе көлденең.
Мен – Күлтегін бабамның,
Моласының тасы едім.
Қазақ деген халқымның,
Тарихының басы едім,
Мың жылдан кейін сөйлеген!

Мен – құранды ердің қапталы ем,
Қайыңнан қақтай шабылған.
Жүгеннің күміс жақтауы ем,
Арғымақ атқа тағылған.
Мен – боз бураның ботасы ем,
Бұйырғынын сағынған.
Аруана жұртым ар жақта,
Тағдырым қаққа жарылған.
Табанына тарланның,
Мен – қағылған Ай таға,
Көшпенділікпен жұқарған.
Мен – сексеуілдің шоғыры ем,
Тағдыр балтаға бұталған.
Солай да сүргін көрсем де,
Рухым жоқ-ты мұқалған.
Күдірге шапқан күлікпін,
Түбірге тұяқ қақпаған
Дүбірге қозған ақтабан!

Алтай мен Қобда арасы,
Абаққа құтты төр еді.
Кеңесін құрған келелі,
Күлтегін, Білге, Тоныкөк –
Бабалар жатқан жер еді.
Ежелгі елдің дерегі,
Орхон да менен Енесай,
Керулен, Толы кемері.
Үлесін беріп нөкерден,
Шыңғысты хан ғып көтерген,
Тарихтың тылсым тереңі.
Тұғырыл ханым ту тіккен,
Толайым жауын үркіткен,
Аруақты ер шапқан бел еді.
Шаңырағым – Шығыс Түркістан,
Еркіндігі үшін қырқысқан,
Оспаным көкжал бөрі еді.
Сұлубайым мен Бүркітбай –
Ұлдар еді ұлттың бегіндей,
Үкінің үлпілдегіндей,
Тұқымым қара көк еді.
Атамыз Алтай ақ бөрік,
Анамыз Ертіс ежелден,
Несібем кімнен кем еді?!
Жапырағым ұшты-ау жан-жаққа,
Шайқалып заман терегі.
Бәлен де түген десең де,
Тәңірдің болар дегені!

Қытайда қалған бабам бар,
Моңғолда қалған атам бар,
Әмірін екі етпеген,
Қай құдайыма кектенем?!
Төс айыл қатты, ер батты,
Тағдырым тоқсан толғақты,
Қай бақытымды жек көрем?
Жайлап та қыстап жүргенде,
Опынтып өмір бір демде,
Шекара сызып шеттегем.
Өкпек жел ұрды-ау өкпеден.
Тәңірі Түркі тегімнен,
Елімнен солай бөлінген,
Ұлыған айға көкбөрі ем.
Асаулығынан қанымның,
Ардақтылығынан арымның,
Шекемнен ешкім шертпеген.
Мен – ТӘҢІРІМ шашқан тары едім,
ӘР ТОПЫРАҚҚА КӨКТЕГЕН!

ПІКІР ҚАЛДЫРУ