«Отандастар» қоры ДҚҚ-мен бірге «Туған жерге тағзым» жобасын бастады

«Отандастар» қоры Дүниежүзі қазақтар қауымдастығымен бірге «Туған жерге тағзым» атты кең ауқымды жобаны бастады – алыс-жақын шетелдерде (Австрия, Англия, Франция, Швеция, Иран, Қытай, Монғолия, Тәжікстан, Ресей, Белорусь, Өзбекстан, Қырғызстан) тұратын қандастарға арнап, Қазақстанның киелі жерлеріне тарихи-танымдық экскурсиялар сериясы ұйымдастырылады. 20-21 қараша күндері өтетін алғашқы экскурсияның орны ретінде түркі әлемінің рухани астанасы – Түркістан таңдалған.

Экскурсия мақсаты – отандастарға Қожа Ахмет Йассауи, Арыстан Баб кесенелері, Түркістанның тарихи мұражайы және өңірдің басқа да көрікті жерлерін таныстыру арқылы қазақ халқының мәдени және рухани құндылықтарын насихаттау.

«Туған жерге тағзым» алғашқы экскурсиясы аясында Қ.А.Йассауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде «Қазақстанның киелі жерлері» тақырыбында дөңгелек үстелдің өткізілуі жоспарланған. Онда ҚР Қоғамдық даму министрі Дархан Қалетаев, Түркістан облысы әкімі Жансейіт Түймебаев, «Отандастар» Қоры» КЕАҚ Президенті Нұртай Әбіқаев және Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков шетелдерден келген отандастарға алғысөздерін арнайды. Сонымен қатар, шараға Қ.А.Йассауи атындағы ХҚТУ Президенті Болатбек Абдрасилов, ҚР Ұлттық мұражайының «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы директорының орынбасары Батырхан Жұмабаев және Мемлекеттік тілді дамыту қорының директоры Азат Шәуеев сынды белгілі сарапшылар қатысады. Олар «Киелі Қазақстан»,  «Мемлекетті тілді дамыту», «Қазақтың салт-дәстүрлері» тақырыптарында баяндамалар оқиды.

«Отандастар» Қоры мен Дүниежүзі қазақтар қауымдастығы алдағы бес жыл ішінде экскурсиялық турларды еліміздің өзге де өңірлерінде жүйелі түрде өткізуді жоспарлап отыр. Келесі ретте жоба Ақтау, Павлодар, Алматы және т.б. қалаларды қамтитын болады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, киелі жерлерді жақыннан танып, жіті зерттеу арқылы шетелдік отандастар тарихи отанының өткеніне үңіліп, еліміздің мәдениетіне, өнеріне және халықтық дәстүрлеріне жақындай түседі.

«Туған жерге тағзым» тарихи-танымдық экскурсиялар жобасы «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы аясында өткізіліп отыр. Жоба бағдарламасына «Қазақстанның киелі жерлер географиясы» көпфункционалды виртуалды картасы нысандарымен танысу кіреді. Аталмыш идея Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа тиесілі. Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында бұл бастаманы басымдық міндеттердің бірі ретінде белгілеген болатын. Қазір Қазақстанның тарихи жерлері тізіміне 185 жалпыұлттық және 500 өңірлік деңгейдегі нысандар енгізілген.

“Отандастар” қоры Баспасөз-орталығы

ПІКІР ҚАЛДЫРУ