Астанада моңғолиялық қазақ ақынының кеші өтті

Сонау Бай Өлкеде жатып асыл сөздің алауын жағып, жырдың тұлпарын ерттеп мінген сұрапыл өлең иесі ақын Сұраған Рахметұлының жыр кеші Астана төрінде өтті.

«Поэзия өміршең, тірегі – саналы халық. Поэзия туралы жөнсіздеу болса да ой айтқанның бәрі жанашыр. Біздің дәуірдің ақындары сіреңкенің шырпысындай біркелкі ойлайды демейміз. Олардың ішкі зердесі, пайымы әрқилы болуы заңдылық» – дейді Сұраған Рахметұлы.

60 -тың асқар биігіне шығып отырған ақын кешін елордада ұйымдастыруға мұрындық болған Астана қаласының әкімдігі мен Қазақстанның жазушылар одағы. Мұнғыл елінде жүріп, отты жырларымен әлем қазақтарына аты мәшһүр болған ақынның талай өлеңдері баспа бетін көрді. Кітап болып басылды, талай елдің тіліне аударылды. Тіпті қазақ поэзиясының жарқын жұлдызы Фариза Оңғарсынова кезінде Сұрағанның сұрапыл жырларын іздеп жүріп оқып, оның насихатталуына, оның қазақстан баспаларына үзбей жарияланып тұруына септігі тиген болған.

Хош. Астанадағы «Жастар» театрында басталған жыр кешіне алыс – жақындағы ақындар да ақынның өмірдегі, өлеңдегі достары да көп жиналды. Бір қуантарлығы жиналғандар санының басым бөлігі жастар. Отты өлеңдерден рух алып өздерін келешек ақын ретінде елесететтін жастар кезекпен шығып аққынның ойлы өлеңдерін кезектесе оқыды. Мәнерлеп оқылған мәнді жырдың тәтті болатындығы, оның жүрекке тез әрі тебіренген кейіпте жететіндігі жиналғандарды жыр тұңғиығына тартып әкетіп, теңіз бетіндегі жағасын толқын шайқаған жыр аралына әкеліп жайғастырғандай күйге бөледі.

Алғашқылардың бірі болып сахнаға көтерілген, Қазақстанға еңбегі сіңген әртіс, әнші Нұрлан Өнербаев өзінің Сұрағанның ақынның жыр әлеміне қалай тап болғандығы жөніндегі естелігімен бөлісті. Ән өнерін тағдырымен тоғыстырған сонау тоқсаныншы жылдың басындағы жарық көрген «Қазақ әдебиеті» газетінің бетінен оқыған бір шумақ өлең әншінің ақынға деген құрметін бір сәттен ақ асқақтатып жіберген екен. «Әрқашан, тіпті үнемі Сұрағанды сұрап жүретін күй кештім. Тіпті әр басылымның бетерін паралап жырларын күтуші едім. Мен ең алғашқы ән кешімді Сұрағанның өлеңімен бастағаным есімде.

Сарарқаның төсіне операция жасатқандарға,
Салқын қымызбен қоса, сасыған ест асатқандарға.
Талайдың басын әңкі – тәнкі етке сұм сұмдықтармен,
Тағдыр таразысына тасадан оқ атқандарға зауал», – деп сол бір жылдары тәуелсіздіктің туын тіккен Қазақ еліне кесапат жасағандарға ашынған ақынның өлеңінен жыр оқып шығармашылықтағы шалқар досы үшін тамаша ән орындады.

Кешті тізгіндеп, ресмиліктен жалпақтыққа, жайлылыққа жалпы айтқанда қазақтыққа қарата тарта қайырып, кәдімгі бір арқалы, алқалы отырыс жасауды міндеті деп санаған ақын, айтыскер ақын қазақстан жазушылары одағының Астана фильиялының төрағасы Дәулеткерей Кәпұлы болды. Күйден маржан төгіліп жырдан шуақ шашылған кеште талай естеліктер айтылды. Жыр айдынында жүзген ақын достары көп болды. Тіпті ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытбек Сымағұлда ақын үшін арнайы келгендігін жеткізді.

Сахын төріне көтеріліп тұрып, «Елінің еркіндігіне ен салдырмаған, халқының намысына күйе жұқтырмаған өр рухты Бауыржан батыр атындығы төс белгіні осы сенің елім дек соққан жүрегіңнің дүрсілін сонау жүз жасқа дейін апарсын», деп Қазақстан ардагерлері қауымдастығының атынан ақын кеудесіне жарқыратып орден тақты.

Ақын мен батырды табыстырған сол баяғы өлең, сол баяғы Бай Өлке болып шықты. Мұны біз Бақытбек Сымағұлдың одан кейінгі естеліктерінен білдік. Бай Өлкеге сапарлай барған бауырын құшақ жая қарсы алып, кеңдік танытқандардың алғашқысы да ақын Сұраған екендігін жасырмады. Кеш барысында не бір естеліктер айтылды. Тіпті көзге жас алғызып, көңіл қылын тербеткен талай естеліктер ақын жүрегінің соншалықты нәзік екендігін нақтылай түскендей. Жыр жаза жүріп аудармамен, одан қалды ғылыми жұмыспен айналысып ғалым атану парасаттылықтың биігі. Депутат Бақытбек Сымағұлша айтқанда «Отызға келіп орда бұзбай, қырыққа келіп қыр аспай, елуге келіп ері мойынына кетіп, алпысқа келгенде жалаңаяқ түгі жоқ мола жаққа бет түзеген», талайлардың қасында ақын жүректі Сұрағанды сұрайтын жан баршылық.

Бесбоғданың (Бес тәңірі тауы) етегінде туып кіндігін жырмен кескен ақын Сұраған тебіреніп тұрып сөз алды. Сөз алғанда жөн алды.

Ол өз сөзінде, «Қадірлі ағайын, мен Алтайдың ала топырағында өстім. Өскен жерім Көксерке. Ол өте биік тау. Тау басында жыр оқып тау төрінде өлең жаздым. Алдымен жиналған жастардың отты көздерінен тұмса жырдың тұңғиығын байқадым. Поэзияның парасатын көрдім. Мені ақын деп аспанға көтерген еліме, күллі қазақ еліне мың алғыс! Достарыма қошемет. Дос іздесем жақсы іздедім, жақсы іздесем нақ іздедім. Поэзияның құдыреттілігі тағы мені шабыттандырды.» деп өзінің тыңдармандарына алғыс айтты.

Сұраған Рахметұлы «Жан жүрегім Раушан» атты мерейтойлық жыр кешін қойынындағы жыр жауһармен қорытындылады.

Baq.kz 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ