Ресейдегі қандастарымыз қазақ тілін оқи бастады

Екатеринбург қаласындағы қандастар арасында облыстық «Евразия-Қазақстан» аймақтық қоғамдық ұйымының вице-президенті Ғалия Аманжолованың бастамасымен қазақ тілі курсы жүре бастады. Оған тілек білдірушілер жас ерекшеліктеріне қарамай қатыса алады. Қазір заңгер Никита Кутейников, 9 сынып оқушысы Әділбек Тоқбаев, медицина қызметкері Сұлушаш Бейсембаева, кадрлар бөлімінің инспекторы Марина Сейдахметова, құрылысшы Дәурен Сейдахметов, тағы басқалар курсқа келіп жүр.

«Бізде қазақ тілінің маманы жоқ. Сондықтан қазақ тілін жақсы білетін кісілердің үйреткенін қанағат тұтамыз. Мұның өзі Қостанай облыстық тілдерді дамыту басқармасы мамандары көмегінің арқасында мүмкін болды. Атамекеннің мұндай көмегіне алғысымыз шексіз. Екатеринбург қаласында тұратын Гүлден Қараева мен Эльмира Алдамжарова қазақ тілін жетік біледі, олар Төлеутай Жұманиязға көмектесіп, ынта танытқандарға қазақ тілін үйретеді » дейді Ғалия Бақытқызы.

Қостанай облыстық Тілдерді дамыту басқармасының және Тіл үйрету орталығының мамандары Ресейдің Қостанайға іргелес Челябі облысындағы қазақтарға тіл үйренудің оңай, жеңіл бағдарламасын, басқа да әдістемелік құралдар беріп тұрады. Сонымен қатар тіл үйретуге белсенділік көрсеткен ресейлік қазақтарды жыл сайын бір апта оқытып, сертификат тапсырады. Енді олар Свердлов облысындағы қазақтарға да көмек қолын созып отыр.

«Біз Екатеринбургтегі қандастарымызға қазақ тілін оқытуға арналған әдістемелер, оқу құралдары және сөздіктер, «тілашарлар» бердік. Келесі жылы қазақ тілін үйрету жұмысында челябіліктермен қатар Свердлов облысындағы қазақтарды да қамтитын боламыз. Олардан да қазақ тілін жақсы білетін белсенділерді шақырып немесе өзіміздің мамандарды сонда жіберіп, қазақ тілін оқытудың әдістемелерін үйрететін боламыз» дейді Облыстық тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы Бақытгүл Сүлейменова.

Қостанайлық мамандар алдағы жылдан бастап Ресейдің көрші облыстарындағы қандастарға латын графикасындағы әліпбиді де үйрететін болады.

Нәзира Жәрімбет, «Егемен Қазақстан»

ПІКІР ҚАЛДЫРУ