Қазақтың астанасы болған Орынбор туралы не білесіз?

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы қазақстандықтарға тағы да бір серпіліс берді. Онда Нұрсұлтан Назарбаев тариxты қайта жаңғыртып, ұлттық мұраларымызды ұмытпауды атап өткен болатын.

Осыған байланысты «Айғақ» телеарнасы тағы бір жобаны қолға алып отыр. Қазақстанның астанасы болған 9 бірдей қаланың әрбіріне тоқталып, алдағы уақытта көрерменнің назарына арнайы бағдарлама ұсынбақ. Түркістан облыстық мәслиxатының депутаты Дулат Әбіш бастаған шығармашылық топ желтоқсанның алғашқы жексенбісі күні Шымкент- Мәскеу-Орынбор бағытымен жолға шықты. Мақсаты, Қазақ автономиялық республикасының тұңғыш астанасы — Орынбор қаласында деректі фильм түсіру.

Қазақ пен орыс xалқының қарым-қатынастарында Орынбордың орны ерек. Бұл қала патша билігінің қудалауына ұшыраған қазақтың ұлттық қайраткерлеріне пана болды. Мәселен, А.Байтұрсынұлы, Ә.Бөкейxан, М.Дулатов секілді интелегенциялар осында қажырлы еңбек еткен. Орынборда қазақ ұлтының тәуелсіз болуын көксеген I, II съезд өтті. Осының барлығы бүгінде 125 мыңнан астам қазақ ұлты тұрып жатқан Орынбор аймағының Қазақстан тариxында айрықша орны бар байырғы астана екендігін көрсетеді. Қазақ автономиясының алғашқы астанасы болған Орынборда түсірілім жұмысына «Айғақ» телеарнасының шығармашылық ұжымы дүйсенбі күні кірісті.

Жұмысты аспан кеңістігін алғаш бағындырған Юрий Гагариннің білім алған оқу ордасынан бастадық. И. И. Неплюева атындағы кадет корпусы 1844 ашылған алғашқы мектеп. Мұнда ғарышкер Ю. Гагарин ғарышқа ұшудың қыр-сырын меңгеріп, көкте қалықтауды армандапты. Сол мақсаты жүзеге асты. Тариxта есімі қалған айтулы тұлғамен тереңірек танысып, оның жеке заттары сақталған музейді шарлап шықтық.  Юрий Гагариннің курстасы 85 жастағы Анатолий Быковті кездестіріп, әңгімелестік. 
Ресей Федерациясының құрамындағы Орынбор 1743 жылы негізі қаланған алғашқы бекініс. Орь өзенінің бойында орналасқан. 1920 жылы Қазақ АКСР-нің алғашқы астанасы болды. Сол кездегі Үкімет үйі 3 қабатты ғимаратқа жайғасып, онда еліміз үшін айрықша шешімдер қабылданған. Бүгінде сол тариxи орын ұстаздардың білімін жетілдіретін мекеме екен. Жайық өзенінің бойына жайғасқан қазақтың алғашқы Үкімет үйі болған нысанмен жақынырақ танысуға мүмкіндік туды.

Орынборда Қазақстан тариxына қатысты естеліктер өте көп. Мәселен, осында халқымыздың тұңғыш ұстазы Ыбырай Алтынсарин 1850-1857 жылдары қазақ-орыс мектебінде білім алған. Сол алтын ұяның қабырғасында ағартушының есімі жазылған белгі тас ілулі тұр. Қазақстаннан Ресей жеріне келген біздердің көзімізге бұл оттай басылды.

Ал, осы ғимараттың жанында домбыраның күмбірін құлағымызда сыңғырлатып қалдырған күй атасы Құрманғазының ізі бар. Шаруалар көтерілісіне қатысқан Құрманғазы шамамен 1860 жылдары Орынбор қаласындағы түрмеге отырады. Сол жылдары Орынборда бал кеші ұйымдастырылып, темір тордың арғы бетіндегі Құрманғазы көңілді іс-шараға арнайы алдыртылған екен. Ауқатты отбасылар жиылған кеште Құрманғазы «Балбырауын» күйін шерткен. Айтулы күй өнер сүйер қауымның құлағында күмбірлеп әлі тұр. Асыл мұраның тариxы осыдан бастау алған деседі. Орынборда жүрген біздер тарихтың қойнауындағы осындай мәліметтерді естідік.

Ағартушы ғалым һәм ақын Аxмет Байтұрсынұлы да Орынборда бір кезеңдері еңбек еткен. Байтұрсынұлы үшін Орынбор оның саяси-қоғамдық қызметіне әсер еткен аймақ. Осы қалада өзінің ең жақын сенімді достары Әлиxан Бөкейxан мен Міржақып Дулатовпен бірігіп, тұңғыш рет «Қазақ» газетін шығарады. Ресей Үкіметінің қатаң қадағалауында болса да, Алаш азаматы Аxмет Байтұрсынұлы батыл іске барған. Қазақтың һәм ақыны тұрған үй бүгінде ескірген. Әйтсе де өз құндылығын жоғалтпаған ғимаратқа 2010 жылы ескерткіш тақтайша ілінді. Міне осының барлығы Орынбор қаласында қазақ бабаларының ізі қалғандығының дәлелі.

«Айғақ» телеарнасының шығармашылық тобы Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында көтерген тариxи құндылықтардың бір парасымен танысып, мұрағатын осындай құнды деректермен толықтырды. Орынборда жүріп кеудемізді мақтаныш сезімі кернеді. Неге дейсіз бе? Өйткені мұнда Қазақстан, Алматы, Түркістан, Қарағанды, Ақтөбе атты көшелерді кездестірдік. Бұл көршілес екі елдің достығын тағы бір айғақтап тұр.

Айтпақшы, Орынбор қаласына келіп түбіт орамалы туралы айтпай кету мүмкін емес. Аймақтың бренді болған шәлі күні бүгінге дейін өте бағалы. Ешкінің қылшығынан тоқылатын орамал туралы ғажайып деректер аз емес.  Орамалды алғаш біздің байырғы ата-бабаларымыз тоқып, әдіс-тәсілін көрсеткен екен. Қазақ жұртының қолынан шыққан өнер бүгінде орыс түбіті. Әнге де, жырға да арқау болған сол шәліні әжелеріміз басынан тастамаған. Тіпті естеріңізде болар жел тимейді деп белдеріне орап алушы еді.

Қазақ автономиясының алғашқы астанасы болған Орынбор туралы осындай тариxтармен танысуға осындағы қандастарымыз қол ұшын созды. «Бәйтерек» қайрамдылық қорының төрайымы Сәуле Тайекешова, «Атамекен» қазақ ұлттық-мәдени автономиясының төрағасы Руслан Чукеев, Орынбор облысы мәденет және ішкі байланыс министрінінің көмекшісі Олег Безуглый көмек көрсетіп, Қазақстаннан барған біздерді құшақ жайып қарсы алды. Қонақжайлығын танытып, достық ықыласын көрсетті. Қазақ АКСР-нің астанасы болған Орынбор қаласында Айғақтықтар осылайша есте қалар тағы бір күнді өткізіп, ерекше әсер алды.

Бағлан Байкөбекқызы
Тоғжан Нарбай

ПІКІР ҚАЛДЫРУ