Орынборда біз білмейтін деректер көп…

Қазақтың тұңғыш астанасы Орынборда жүрген «Айғақ» телеарнасының шығармашылық ұжымы сапардағы екінші күнінде тариxтың қызықты қырларына кезікті. 

Ростропов атындағы Орынбор мемлекеттік өнер институтында болып, байырғы заманда бал кеші өткен залмен танысты. Бұл зал сізді де қызықтырары сөзсіз. Неге дейсіз бе? Себебі, онда күй атасы Құрманғазы «Балбырауын» күйін шығарған деседі. Құлағымыз шалған бұл мәлімет бізді қызықтырып,  тереңірек зерттеуге кірістік.

Шындығында 1857 жылы сазгер Құрманғазы Сағырбайұлы қазақтың қара домбырасын Орынборда күмбірлетіпті. Нақтырақ тоқталсақ, аймақтағы губернатор бал кешін өткізіп, оған темір тордың арғы шетінде отырған күйшіні арнайы алдыртқан. Алып державаның беделді адамдары жиылған салтанатты сол шарада Құрманғазы бүкіл жұрттың жүрегін күй өнерімен лүпілдеткен екен. Ұйымдастырылған кеш «Бал браун» деп аталғандықтан, шертілген күйдің тарихы осы жерден басталған деген жорамал бар. Бұл ақпаратты Орынбор мемлекеттік өнер институтының профессоры, проректоры Валентина Логинова растап берді. «О Оренбургском искусстве» атты кітапта Құрманғазы Сағырбайұлының Орынборда болғаны жазылып, қазақтың ұлы композиторының аса биік тұлға екенін көрсеткен. Қазақ xалқының ұлы күйшісі туралы естіген осы ақпарат әлі де зерттелуді талап етіп тұр.

125 мыңнан астам қазақ ұлты мекен етіп жатқан Орынборды әрбір қазақ көруі тиіс-ақ! Өйткені бұл шаһарда ұлтымыздың мақтаныштары туралы естеліктер өте көп. Ескі ғимараттары әлі күнге дейін сақталған Орынбор келген туристі өзіне құштарлықпен баурайды. Тіпті қаһаған күннің суығы Қазақстанның оңтүстік өңірінен барған біздерге әсер ете қоймады. Қанша дегенмен алаштың ардақтылары жүрген алғашқы астанамыз ғой. Мұндағы әрбір мұрағат жүрекке жылулық сыйлайды.

Қазақстанмен шекаралас жатқан аймаққа келген біздер қандас бауларымыздың тыныс-тіршілігімен де таныстық. «Бәйтерек» қайырымдылық қорының төрайымы Сәуле Совхозқызымен сұxбаттасудың сәті түсті. Жамбыл облысының тумасы Орынбор қаласына келін. Осында отбасын құрған. 20 жылдай мемлекеттік қызметте еңбек еткен. Өзін әр салада сынап көрген жерлесеміздің алып державадағы жетістігі көңілімізді қуантты. Орынборлық қазақтарды ана тілінде сөйлеуге шақырып, ұлттық салт-дәстүрімізді жаңғыртып жүр екен. Осы ерлігі үшін 2015 жылы Астана қаласында «Тіл жанашыры» марапатына ие болды.

Сондай-ақ, Орынбор облысында шағын кәсібін ұршықша иіріп отырған Жаңабай Балабаевпен де таныстық. Аталған өлкеде туылып, білім алған қандасымыз Ресейдің патриоты. Туған жері ол үшін — байлығы. Әңгімесін осылай деп өрбіткен бауырымыз Қазақстанға бүйрегі бұрып тұратынын жасырмады. Не дегенмен ата-бабасының жері, Отаны емес пе?!

Еңбегімен еленіп, Орынбордан ойып тұрып орын алған қандастарға Қазақстаннан барған біздер сәлемдеме жеткізіп, сый тарту еттік. Яғни, Түркістан облыстық мәслиxатының депутаты Дулат Әбіш еліміздің тариxымен байланысып жатқан құнды «Отырар жәдігерлері», Бақытжан Әшірбаевтың және академик Асма Қалыбекованың қазақтың салт — дәстүрлері насихатталған ағылшын тіліндегі кітаптарын табыс етті.

Осылайша, тағдырдың айдауымен көрші мемлекетте тер төгіп жүрген қазақтарды рухани бір серпілттік. Жылы жүзбен қарсы алған қандастармен кездесу қимастықпен аяқталды. Дүниенің қай жерінде жүрсе де қазақ екенімізді ұмытпағанымыз абзал. Ал Орынбор — біздің қайта оралатын тарихи астанамыз.

Бағлан Байкөбекқызы, aigak.kz (Мақаланың басы мына жерде)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ