Ғалым Мұтанов: “Отандастар” қорын қолдауға әзірміз

“Отандастар” қорының вице-президенті Мәди Манатбек  қоры басшылығының тапсырмасымен Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің ректоры, академик Ғалым Мұтанұлының қабылдауында болды.

“Қордың құрылуына атсалысқан ұстаз, бұдан әрі де университет тарапынан қажетті көмектің жасалатынын айтты. Қандастарымыздың азаматтық алу үшін құжат ресімдеуде туындаған мәселеріне университет заңгерлері тегін кеңес беруге дайын. Қандастарымыздың негізінен Алматы қаласы мен облысында шоғырланғанын ескерсек, бұл маңызды көмек болушы еді. Онымен қоса жаз айларында шетелден келген мектеп жасындағы қазақ балаларын университет жатақханаларында тегін жатқызып, 15 күндік жазғы мектеп ұйымдастыруға әзір” – дейді Мәди Манатбек.

ЖОО басшысының басқа да ұсыныстарымен «Отандастар Қоры» президенті Н. Әбіқаев мырзаға жазған хатынан таныса аласыздар:

Құрметті Нұртай Әбіқайұлы!

Мемлекет басшысының идеясымен құрылған «Отандастар Қоры» сынды дүниежүзіндегі қандастарымызға қолдау көрсетуге бағытталған мәртебелі ұжымды Өзіңіздің қолға алып, жұмысына білек сыбана кірісуіңізбен шын жүректен құттықтаймыз. Еліміздің дамуында ерекше маңызға ие мемлекетқұрушы ұлт – қазақтардың әлемге тарыдай шашылған өз қандастарына қолдау көрсетуі қажетті әрі дер кезінде қолға алынған әрекет деп түсінеміз.
85 жылдық тарихы бар әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде бүгінде Моңғолия, Қытай, Өзбекстан, Ресей, Ауғанстан, Тәжікстан, Иран және Түркіменстаннан келген 361 студент білім алып жатыр.
Төмендегі жобаларды Өздеріңізбен бірлесе отырып жүзеге асыруды ұсынамыз:
1. Университетіміздегі «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығының
күшімен шеттен келген ағайындарға нострификация, Қазақстан Республикасының көші-қон тәртіптеріне байланысты кеңес беру, оқуға түскен шетел студенттеріне визалық қолдау рәсімдеу, оқу визасымен қамтамасыз ету, оқу тіркеуімен қамтамасыз ету, медициналық қызметтер және т.б. заңдық кеңес беруге және осы мәселе бойынша ғылыми-тәжірибелік кеңес құруға;
2. Шетелдегі қазақ диаспорасының мектеп бітіруші түлектеріне арнап
келешекте оқуға түсуіне қолғабыс ету мақсатында, университет базасында 15 күндік жазғы мектеп курсын ұйымдастыруға;
3. Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын «Фараби әлемі» атты
студенттер мен жас ғалымдардың халықаралық ғылыми конференциясына қатысуына;
4. «Мен жастарға сенемін!» атты дәстүрлі республикалық студент жастардың
патриоттар фестиваліне қатысуына;
5. Жас ғалымдарға шетелдегі қазақ диаспорасының тарихы, дүниетанымы,
этнографиялық ерекшеліктері туралы магистрлік, докторлық зерттеу тақырыптарын беруге;
6. Әр елдегі қазақ диаспорасы жастарының қалыптасу, даму тарихы туралы
кешенді зерттеу нәтижесінде Сіздермен бірлесіп деректі фильм түсіруге;
7. Алыстағы ағайындар арасынан шыққан тарихи тұлғалар туралы ғылыми-
тәжірибелік конференциялар, дөңгелек үстелдер ұйымдастыруға, сондай-ақ, Қордың жұмысына мүмкіндігінше жан-жақты қолдау көрсетуге әзір екендігімізді жеткіземіз.

Құрметпен,
Ректор, академик Ғ. Мұтанов

ПІКІР ҚАЛДЫРУ