Тұрысбеков: Шетелдегі қазақтарды қазақша оқытуымыз керек

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков осылай деді.

«Тағы бір мәселе – тіл жөнінде. Өзбекстанда мәселе жоқ, екі тілді бірдей біледі. Моңғолияда да проблема жоқ. Қазір тек Қытай мен Ресейде бар. Қытай мен Ресейде бұрын қазақтар қазақ тілінде оқитын. Керек болса, қытайлар қазақ мектептерін бітірген. Қазір мүлдем жағдай басқа, бүгін бәрі қытайша, орысша оқып жатыр. Сол себептен олармен ақылдасып, не істеуіміз қажет дегенде, волонтерлерді дайындау керек деген әңгіме болды. Еріктілерді елде де, ол жақта да дайындап, сөйтіп балаға екі жастан бастап ана тілін үйрету қажет. Ана тілін білген адам әлі қазақ емес, оның намысы, ары болу керек. Сол себептен қазақтың бойына осы қасиеттерді сіңіру қажет», – деді Тұрысбеков ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында.

Зауытбек Тұрысбеков қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын кеңінен насихаттау мақсатында арнайы үш минуттық бейнероликтер жасалып жатқанын айтты. Алқа отырысында осындай екі бейнеролик көрсетілді.

«Аналарды, волонтерлерді іске қосуымыз керек. Бізге, келешекке сол қазақтар қажет болса, оған мемлекет қаржы бөлуі тиіс. Біз бұл жұмысты әрі қарай атқаруымыз керек», – деді Зауытбек Тұрысбеков.

BAQ.KZ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ