Болат Зауытұлы: Елорданың атын Нұр-Сұлтан деп атау – өте орынды

«Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігі Павлодар облыстық филиалының төрағасы Болат Зауытұлы елоданың атауын өзгертуге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Елбасы – Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өз өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатқаны тосын жағдай болды. Елбасы – əлемдік саясаттағы орны бөлек  беделді тұлға, бүкіл түрік əлемінің мақтанышы еді. Осы тəуелсіздік жылдары қазақтың Қазақстан деген елі бар екенін əлемге танытып, мойындатқан ұлы саясаткер, ұлтжанды дара тұлға ретінде біздің есімізде қалады. Елімізге жасаған қызметі өте көп. Мысал келтірсем, сонау 1991 жылы Қазақстан Республикасы Тəуелсіздігін алған бетте сол жылы  жаңа жыл қарсаңында сөз сөйлеп, алыста жүрген қандастарға арнап «Алыстағы ағайынға ақ тілек» атты əйгілі хаты жарияланды. Тағдыр айдап шетелде өмір сүріп жатқан қандастарды елге шақырды. Ол хатта «Атамекенге келемін деушілерге жол ашық» деген-ді. Бүгінде тəуелсіз елімізде 1,3 миллионнан астам қандастарымыз көшіп келіп, ел дамуына үлес қосып жүр. Сол жылдары туған балалар бүгін қазақ елінің жоғарғы оқу орындарын бітіріп, əртүрлі мамандықты игеріп, ел экономикасын өркендетуге өз үлестерін қосып жүргенін мақтан етеміз», – дейді Болат Зауытұлы.

«Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы» филиалы төрағасының сөзінше,  2017 жылы маусым айында Астана қаласында өткен V құрылтайда Елбасы шетелдегі қандастардың жағдайына қолдау білдіріп, оларға жан-жақты көмектесуді үкіметке тапсырған. Осылайша, өмірге «Отандастар» қоры келді. Осы қор Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығымен бірлесіп, қандастарға жан-жақты қолдау көрсету, қазақ көшінің мəселелерін шешу,  алыстағы ағайынмен тұрақты байланыс жасау, шетелдегі қазақ балаларының Қазақстанда білім алуына мемлекеттік грант бөлу, оқушыларды елге шақырып гүлденген ел ордасы Астанамен таныстыру сияқты  жұмыстарды іске асырып жатыр.

«Осының барлығы – Елбасының тікелей ұлтқа деген қамқорлығы екенін шеттегі қандастарымыз біледі. Олар Президенттің ерен еңбегін бағалап, оны тек қазақстандықтар ғана емес, əлемдегі барша қазақтың Ұлт көшбасшысы деп танитынын айтқым келеді. Сондықтан Елбасы-Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жылдар бойы атқарған адал еңбегі үшін елорданың атын Нұр-Сұлтан деп атау – өте орынды. Елбасы бұл құрметке лайық», – дейді «Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы» РҚБ Павлодар облыстық филиалының төрағасы Болат Зауытұлы.

inform.kz 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ