Атажұртқа келетін қандастарды жұмыспен, баспанамен қамтамасыз етуді көздеуіміз керек

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жүргізген сындарлы саясатының арқасында тәуелсіздік алған жылдардан бері елімізге бір миллионнан астам қандасымыз оралды. Олар осы жылдар ішінде атамекенінде шаңырақ көтеріп, уық тігіп, үй болып көбейе түсті.

Елім деп еңіреп келген оралмандар­дың көп­шілігі қоғамда өз орнын тауып, еліміз­дің өркендеуіне өз үлестерін қосып жүргені анық. Әйтсе де, бірқатар қандас­тары­мыздың үйсіз-күйсіз жүргені белгілі. Осы мәселелерді шешіп, оларды үймен, жұмыспен қамтамасыз ету мақсатында Н.Ә.Назарбаев төрағалық ететін Дүние­жүзі қазақтарының қауымдастығы (әрі қарай – ДҚҚ) және таяу арада құрыл­ған «Отан­дастар» қоры бірлесе отырып, бас­тапқы екі жобаны жүзеге асыру жұмыс­тарын жүргізуде. Екі жыл бойы жұ­мыс істеп келе жатқан алғашқы жоба Ақмола облысының Аршалы ауданында Шым­кент қаласында жасалған «Асар» жоба­сы сияқты, бірақ «Тұрғын үй және жұмыс» жаңа форматында жүзеге асуда. Нұр-Сұлтан қаласынан 10 шақырым жерде 42-ші разъездің қасынан ауыл шаруашылығына арналған 196 гектар жерді сатып алып, оның барлық қажетті құжаттарын дайындадық. Бұл жер телімдерін 1282 отбасы иеленді. Олар­дың барлығы ЭКСПО-2017 құры­лы­сына оңтүстік өңірлерден келіп, Қазақ­станда өткен әлемдік деңгейдегі көрменің құрылысына еңбек сіңіріп, өзін­дік қолтаңба қалдырған, енді елдің сол­түстігінде тұрақтап қалғысы келген оралман отбасылары. Қазіргі кезде олар қалада пәтер жалдап тұрады, көп­шілігі уақытша жазғы сарайларда тұрақ­тауға мәжбүр. Олар үшін әлеуметтік инфра­құрылымы бар, жайлы пәтерлер мен үй­лер­ден тұратын шағын ауданның құры­лысын жоспарлап отырмыз. Осы агр­оқалашықта 3500 адамға арналған жұмыс орындары ашылады: 300 га жерге жылыжай саламыз, ауылшаруашылық өнімдерін сататын көтерме базар және жылқы өсіретін орталықтарды құрамыз. Ал жылқылар кезекшілік әдіспен далада жайылады. Көтерме сауда базарына ауылшаруашылық өнімдері алдын ала келісім бойынша Қазақстанның оңтүстік өңірінен тасымалданады. Мұның өзі де қосымша жұмыс орындарының ашылуына жағдай жасайды. Нұр-Сұлтан қаласы тағы бір арзан отандық ауылшаруа­шылық өнімдерімен қамтамасыз ететін кәсіп иелерімен толығатын болады.

Қазақстан-Қытай арасындағы 51 ин­вестициялық жобасына кірген жағдайда іске асырылатын жоғары технологиялық тұрғын үй құрылысы модульдерін жасайтын Қытайдың «Broad Homes Industrial» компаниясымен келісім жүргіздік. Бұл арада зауыт пен тұрғын үй құрылысы сол үйлердің болашақ иелерінің араласуымен «асар» тәсілімен салынбақ. Өйткені олардың барлығы Халықаралық көрме құрылысына қатысқан құрылысшылар. Жұмысты осылай ұйымдастырудың арқасында тұрғын үй құрылысының шаршы метрі шамамен 300 АҚШ долларына тең болады. Сонымен бірге агро­қалашықтың инфрақұрылымы құры­лысына Қытайдың «СМЕС» мем­лекеттік компаниясымен жылдық па­йы­зы 1-3% болатын инвес­тиция тарту тура­лы келісіміміз бар. Ол салымды «Нұр­лы жол» бағдарламасы арқылы 10 жыл­дың ішінде қайтарамыз. Болашақта осындай агроқалашық құрылыстарын Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыс­тарында жүргізуді жоспарлап отырмыз. Қазақстанның оңтүстік өңіріндегі көптеген тұрғындар солтүстік аймақтарға қоныс аударудың осындай бастамаларын қызу қолдап отыр. Солтүстік аймақтарда салынған осындай жайлы орындарға туыс-жақындарымен бірге қоныс аударып, өз кәсіптерін өркендеткісі келеді.

Оңтүстік Қазақстанда әкім болып қызмет еткен жылдары Шымкент қала­сында белгілі кәсіпкер Ибадулла Қали­беков мырзамен бірлесе отырып Өзбекстаннан келген 20 мың оралманды тұрғынжаймен қамтамасыз етуге арналған «Асар» жобасын жүзеге асырдық. Бүгінгі күні олардың әр отбасы ауласында салынған жылыжайларынан 10-12 мың АҚШ долларына дейін пайда табады. Бұл әр отбасы үшін қомақты қаржы. Осы Шымкенттегі жүзеге асырылған жоба дер кезінде қолға алынған игі бастама болды. Бұл жобада бірқатар кемшілік орын алды. Өйткені үйлер бірыңғай оралмандарға ғана берілді. «Көш жүре түзеледі» дегендей, келесі салынатын қалашықтарда тұрғын үйлерді оралмандармен бірге, жергілікті мұғалімдерге, дәрігерлерге, мемлекеттік қызметкерлерге, құқық қорғау органдары өкілдеріне араластыра беруді жоспарлап отырмыз. Орналастырудың мұндай тәсілі оралмандардың жергілікті жағдайға жылдам қалыптасуына, үйренуіне септігін тигізеді. Қытайда, Ресейде, Өзбекстанда және Моңғолияда тұрып жатқан этностық қазақтардың жағдайларын ескере келе, жүйелі мемлекеттік қолдауға ие болған жағдайда тарихи Отанына әлі де миллион қандасымызды көшіріп әкелу­ге болады. Бұл үшін азаматтық алу жағ­дай­ларын жеңілдетумен бірге жас мамандарды тұрғын үй және жұмыспен қамтамасыз етуге кепілдік бере отырып шақырғанымыз жөн болар еді.

Таяу арада Сарыағаш ауданында Отанына келгісі келетін қандастарымыз үшін 400 гектар жерге агроқалашық салуды жоспарлау ойымызда бар. Гео­графиялық сәйкестіктерге байланысты Ташкент маңында Қазақстан жағында өзбек кәсіпкерлермен бірлескен ет-сүт өн­діру, мал жемдеу, жеміс-жидекті израиль­дік технологиямен өңдейтін бір­леск­ен кәсіпорын құру мүмкіншілігі де бар. Жергілікті ауыл шаруашылығы кәсіп­кер­лері келісім бойынша мал бордақылауға жем-шөп дайындайды, сүт өнімдерін өндіреді. Мұның өзі де қосымша жұмыс орындарын ашады. Жоба бойынша осындай жерлерге арнаулы білімі бар 35 жасқа дейінгі оралмандарды шақыруды жоспарлап отырмыз. Болашақта Өзбекстаннан келген қандастарымызды Түркістан об­лы­сының Сарыағаш, Келес, Шардара, Қазығұрт аудандарында арнайы салынған агроқалашықтарда орналастыруға болады. Түркістан қаласы ішкі және сыртқы көші-қонның орталығына айналады. Осы, біз ұсынған жобалар Елбасының тапсырмасында және Президенттің қазақстандықтардың тұрғын үй мәселесін шешу, жұмыс орындарын ашу туралы көтерген мәселелеріне сәйкес келсе де, осы жұмыстарды орындауда жер­гі­лікті басшылық тарапынан қолдау көре алмай отырмыз. Мысалға, Ақмола об­лы­сының Аршалы ауданында біздің инф­рақұрылымдық жобамыз бойынша жобалық-сметалық құжаттарға 9 ай бұрын байқау жарияланса да, әлі күнге дейін оны қаржыландыру мәселесі шешілмей келеді. Бұл жерде бар-жоғы бөлінетін 35 миллион теңге туралы әңгіме болып отыр. Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігінде тұрғын үй құрылысына ар­­налған модульдік зауыттарды 51 Қа­зақ­­стан-Қытай инвестициялық жоба­сы­на кір­­гізу мәселесі жыл бойына шешіл­мей ке­леді. Барлығы да бұл жобаны қолдай­тын сияқты, бірақ іске келгенде нәтиже жоқ.

Қазіргі кезде шетелдерде тұратын этностық қазақтардың тілі мен ділін, ұлттық нышаны мен мәдениетін жоғалту қаупі бар екені белгілі. 2018 жылдың желтоқсанында Омбы қаласында ДҚҚ «Отандастар» қорымен бірлесе отырып Ресейде тұратын қазақтардың кіші құрылтайын өткізді. Форумға қатысу­шылар қазақ тілі мен мәдениетінің, әсіресе жастар арасында сақталуына алаң­дау­шылық білдіретінін айтты және Қазақ­стан жағына осы мәселені бірлесе қолға алуды ұсынды. Біз Ресейдегі қазақ­тар­дың тілі мен ділінің сақталуына көмек ретінде жаңа жоба жасау туралы шешім қабылдадық. Бұл мәселе терең талданып жүйелі жұмыс жасауды қажет етеді. Шетелдердегі қазақтар шо­ғыр­ланған жерлерде қазақтың мәде­ни-іс­керлік орталықтарын құру жұмыс­тарын қолға алуымыз керек. Қазақ мек­тептерінің бірқатар елдерде жабылуы­на байланысты біз, өз елімізде шетелдер­де тұратын қазақтарға тіл үйрететін білім орталықтарын дамытуымыз керек. Бұл бағыттағы жұмыс, әсіресе жас буын­ды оқытуға бағытталуы тиіс. Бұл тұрғы­сын­да қазақ диаспораларының балаларын ана тіліне оқытуға еліміздің интеллек­туалды мектептері мен жоғары оқу орын­дары­ның зор мүмкіндігі бар. Осыған орай біз жазғы демалыс кезінде осы жылдан бастап шет елдерден келетін 4000 бала­ға арналған қазақ тілін, тарихын, дәс­түрін үйрететін жазғы лагерьлерін ұйым­дас­тыруды қолға алдық. Жыл са­йын «Бал­дәурен» лагерінде қазақ диас­по­ра­лары­ның 150 баласы демалысын өт­кізіп жүр. Осы жерде шетелдерде қазақ тілін оқы­та­тын мұғалімдерді даярлау, не болмаса, қазақ тілі мамандығына даяр­лау мүм­кін­діктерін қарастыру керек. Диас­пора балалары арасында тіл мен мәде­ниетті үйрету үшін жаңа әдісте­ме­лік­тер қажет. Балалардың жасына сай қазақ тілін үйрететін интерактивтік әдістемеліктерді жетілдіру керек. Мысалға, біз «Қастерлі қалам» жобасын ұсындық. Бұл инте­рак­тив­тік қызығушылық тудыратын фор­мада әріптерді, сөз тіркестерін, сөй­лем­дерді үйретеді. Сонымен қатар қазақ тілін­дегі ертегілер мен өлеңдерді тың­дауға мүм­кіндік береді.

Ақпарат және қоғамдық даму министр­лігімен бірлесе отырып, Қытайдағы және Ресейдегі қазақ диаспораларының өтініші бойынша қазақ халқының салт-дәстүрі мен атақты тарихи тұлғалары туралы арнаулы роликтерді шығара бастадық. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен шетелдерде тұратын танымал қазақтар туралы «Алыстағы ағайын» циклді фильмдер топтамасын түсіру жұмыстары басталды.

2018-2022 жылдарға арналған шет­ел­­дер­­дегі этностық қазақтарды қолдау шара­­лары туралы Қазақстан Үкіметі бекіт­­­­кен қаулысына (18.05.2018) сәйкес, соны­­­мен қатар шетелде тұратын қазақ диас­­по­ра­ларының өтініші бойынша қазақ мәде­ни орталықтарын ұлттық киім, музыка аспап­тарымен, ұлттық нақыштағы бұ­йым­­дар­мен, қолөнер туындыларымен қамт­а­ма­сыз ету жұмыстары жүргізілуде. Осы­ған орай ДҚҚ «Отандастар» қорымен бір­лесе оты­рып «Дәстүрлі қоржын» атты жоба­ны іске асыруды жоспарлап отыр. Бұл жоба бойынша шетелдердегі қазақ мә­де­ни орталықтары мен бірлестіктері ұлт­тық киім, музыка аспаптары және ұлт­тық бұ­йым­­дармен қамтамасыз етіледі. Жоға­р­ы­да­ғы аталған жобалар мен бастамалар Ел­ба­сы­­ның алға қойған «Рухани жаңғы­ру» бағ­­дар­­ламасына өзінің қомақты үле­сін қо­сып, әлем қоғамдастығының алдын­да қазақ ұлтының бірлігін көрсетеді, мем­­ле­­ке­ті­міздің шетелдерде тұратын қазақ диас­­по­ра­ларына жасап отырған қол­дауы мен қамқорлығын айқындайды деп есептеймін.

Зауытбек ТҰРЫСБЕКОВ, 
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төрағасының бірінші орынбасары

“Егемен Қазақстан” Түпнұсқадағы тақырып өзгертілді

ПІКІР ҚАЛДЫРУ