Шетелдегі қазақ балалары Елордада

2019 жылдың 23-ші шілдесінде Нұр-Сұлтан қаласындағы «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы базасында шетелдегі қазақ диаспорасы балаларына арналған Жазғы лагерьдің жабылу салтанаты өтті.
Аталмыш іс-шара Елбасымыздың шетелдердегі қазақ диаспорасын қолдау туралы берген тапсырмасы аясында, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығымен бірлесе отырып «Отандастар» Қоры және ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Назарбаев зияткерлік мектептері» секілді мекемелердің қолдауы және тікелей атсалысуы нәтижесінде жүзеге асырылды.
Назарбаев зияткерлік мектебінің Нұр-Сұлтан қаласындағы іргесінде ұйымдастырылған Жазғы лагерьге алыс-жақын шетелдерде (Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркменстан, Тәжікстан, Иран, Моңғолия) тұратын қандастарымыз арасынан келген 12-17 жас аралығындағы 150 бала қатысып, ата жұртты өз көздерімен көріп қайтуға мүмкіндік алды.
Айта кетерлік жайт, лагерьге келген қандас ұл-қыздарымыз өздері тұратын елдерде олимпиада мен түрлі байқауларда олжа салып жүрген озат балалар болып табылады.
Осыншалық ауқымды көлемде тұңғыш мәрте ұйымдастырылған Жазғы лагерьдің мақсаты қазақ халқының мәдени, рухани және ұлттық-тарихи құндылықтарын шетелде тұратын қандастарымыз арасында дәріптеу, өзге елдердегі этникалық қазақтарға Қазақстанның түрлі қырынан таныстыру. Іс-шараның тағы бір келелі міндеті – қазақ диаспорасы жас буын өкілдерінің ана тілін білуі мен білім алуына жағдай жасау, олардың ұлт мәдениеті мен қолөнеріне деген қызығушылығын қолдау, сонымен қатар, ортақ Отанымыз – Қазақстанның іші – сыртында тұратын қандас ұл-қыздарымыздың арасында өзара түсіністік пен достықтың өрбуіне ықпал ету болып табылады.
Жоба шеңберінде қаралған жоспар бойынша, тарихи Отанына алғаш аяқ басқан жас буын қандастарымыз ел астанасының және оның төңірегіндегі тарихи, сәулет нысандарымен, «Бурабай» ұлттық табиғи қорығы секілді көрікті табиғи орындармен танысты.
Екі аптаға созылған Жазғы лагерь мерзімі 23 шілде күні бітіп, осыған орай арнайы ұйымдастырылған қоштасу жиынында сөз алған Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы Төрағасының бірінші орынбасары З.Тұрысбеков мырза келесі жайды айрықша атап өтті.
«Шартарапқа тарыдай шашылған қазақтың бір ғана Отаны бар, ол – Қазақстан» деп, елден жырақ қалған бауырларымызға басым көңіл бөлетін Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың тікелей нұсқауымен осы күнге дейін 1 млн астам қандастарымыз Атамекенге оралып отыр. Қауымдастық тарапынан шетелдегі қандастармызды елге қайтару, отырған жерлерінде өздерін сақтап қалу бағытында қажетті жұмыстар атқарылып жатыр. Осы шаралардың бірі ретінде қазақ балаларының ана тілін 2 жасынан бастап бойына сіңіруі жолында жағдай тудыруды көздеп отырмыз. Ана тілін білу – қазақ болу емес. Оның намысы, ары болу керек. Сол себептен қазақтың бойына ана тіл ғана емес, аталған қасиеттерді де қоса сіңіру қажет»-деді, Зауытбек Тұрысбеков.

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ