«Балдәуренге» қош келдіңіздер!

Еліміздің Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Ә.Назарбаев Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында шетелдегі ағайынды Атамекенді ұмытпай, оны әрдайым құрмет тұтуға шақыра отырып, осы жолда шетелдердегі қандастарымызға қолдау көрсетудің тетіктерін анықтауды тапсырған болатын.

Осы бағыттағы шаралар аясында Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы мен «Отандастар» Қоры ҚР Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен шет елдерде тұратын қазақ диаспорасы өкілдерінің жас жеткіншектеріне арнап арнайы балалар орталығын ұйымдастыруда.

Екі апталық жазғы демалыс маусымы Ақмола облысындағы «Балдәурен» Республикалық оқу-сауықтыру орталығында 2019 жылғы 28 шілде күні басталды.

«Туған жер – алтын бесік» деген тақырып аясында халықаралық балалар құрылтайы түрінде ұйымдастырылып жатқан осынау іс-шараға қатысу үшін жалпы саны 288 ұл-қыз алғаш рет Атажұртқа аяқ басып отыр. Орталыққа келген балалар қандастарымыз анағұрлым көбірек орналасқан РФ, Моңғолия, ҚХР, Өзбекстан, Қырғызстан, Иран секілді мемлекеттердегі қазақ диаспорасы арасынан келген бүлдіршіндер болып табылады. Айта кетерлік жайт, алыс және жақын шетелде тұратын қандастарымыздың балаларына арнап Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы тарапынан «Балдәуренде» демалыс лагерін ұйымдастыру игі дәстүрге айналды. Демалушылардың дені өз орталарында оқу озаты және түрлі дарын иесі болып табылады. Шараның ресми ашылу салтанатын осы жылғы 01 тамыз күні сағат 12:00-де лагерь аумағында өткізу белгіленіп, осыған орай Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы Төрағасының бірінші орынбасары З.Қ.Тұрысбеков лагерьге келген жас демалушыларға арнайы құттықтау-лебізін білдірмек. Сонымен қатар, салтанатқа қандастарымыз тұратын шет елдердің Қазақстандағы елшілерінің де қатысандығы жоспарланып отыр.

 

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ