Павлодар облысына Моңғолия елінен 14 бала демалуға келді

Жас өрендерді облыс әкімдігі, білім беру басқармасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері қазақы салт-дәстүр бойынша шашу шашып қарсы алды. Республикалық «Батаменен ел көгерер»  байқауының жеңімпазы Балтабай Сыздықов балаларға ақ батасын берді.
Бесінші құрылтайдың шешімі бойынша шетелде тұратын этникалық қазақтарды қолдаудың 2018-2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бекітілді. Қандастарымызды қолдау мақсатында республикалық деңгейде көптеген халықаралық шаралар ұйымдастырылуда. Соның дәлелі ретінде бүгін Моңғолияның үш қаласы мен төрт аймағынан 80-ге жуық бала төрт мұғаліммен бірге біздің атамекенге демалысқа келіп жатыр. Бұл елде болған балалар үйлеріне оралғаннан кейін қазақ елінің шарықтап дамып жеткен жетістіктерін сол елдегі достары мен туыстарына насихаттап жатса, бұл біз үшін үлкен жетістік, – дейді Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы республикалық қоғамдық бірлестігі Павлодар облыстық филиалының басшысы Болат Заутұлы.
Моңғолиядан елімізге жазғы демалысқа келген 80 баланың 65-і үш мұғаліммен Бурабайдағы «Балдәурен» республикалық оқу сауықтыру орталығына және он төрт бала бір мұғаліммен Баянауыл ауданының Жасыбай оқу сауықтыру орталығына демалысқа барады.
Олар күн сайын білікті және білімді ұстаздардан дәріс алып, мәдени-спорттық шараларға қатысады.
Ереже бойынша 11-15 жас аралығында 5-9 сыныпта оқитын дарынды және республикалық, халықаралық байқауларда топ жарып жүрген жүлдегерлер, спорт шеберлері мен көп балалы отбасынан шыққан балалар келген.
Облыстық білім беру басқармасы қосымша білім беру және тәрбие бөлімінің басшысы Гүлнар Ыбыраеваның айтуынша, Баян-Өлгей өлкесінен  Ертіс-Баян өңіріне табан тіреген балалар үшін Мәшһүр Жүсіп кесенесіне, Жасыбай батырдың  басына саяхат ұйымдастырылады.
Сондай-ақ,  Павлодарға Қытай мен Моңғолиядан келіп оқып жатқан қандас студенттермен кездесу жоспарда бар.
– Бүгін жеткіншектер «Ана тілі» орталығында өтетін кездесуге қатысып, ертең таңертең көп салалы мамандандырылған лицей интернатынан Баянауылға жолға шығады. Болашақта біздің балаларды да басқа елге жіберу жоспарда бар. Биылғы жазғы демалысқа біздің облысқа 34 бала Якутиядан келіп кетті. Тереңкөлге 50 бала Ресейден келді, – дейді   бөлім басшысы.

Ақбота Сейсенбаева

Фото: автор

pavlodarnews.kz

 

 

 

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ