Шетелде тұратын 300-ге жуық қазақ баласы демалу үшін Бурабайға келді

БУРАБАЙ. ҚазАқпарат – Бурабайдағы «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығында 300-ге жуық мектеп оқушыларының басын қосқан кезекті 10-шы ауысымның ашылуы рәсімі өтті. Ауысымыға жиналған балалардың арасында әлемнің көптеген елдерінен келген қазақ диаспорасының өкілдері де бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Туған жер – алтын бесік» тақырыбымен ашылған халықаралық балалар құрылтайына Ресей, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан сияқты көрші мемлекеттердегі қазақ диаспораларынан барлығы 288 бала келген. Демалушылардың дені – өз ортасында оқу озаты және түрлі дарын иесі. Ауысымның ашылуында сөз сөйлеген Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Марат Әзілханов шетелдегі қазақ балаларының Қазақстанға келіп, демалуына және ана тілін үйренуіне барлық жағдай жасалып жатқанын атап өтті.

«Биыл осымен оныншы жыл қатарынан «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығында шетелдегі қазақ диаспораларының балалары келіп демалуда. Бұл жолы 300-ге жуық шетелдегі қазақ балаларын қабылдап отырмыз. Олардың демалуына барлық жағдай жасалған. «Балдәуреннің» бір ауысымда 600 баланы қабылдауға мүмкіндігі бар. Сондықтан, келер жылы сырттан келетін қазақ балаларының санын одан әрі арттыру жоспарлап отырмыз», – деп атап өтті вице-министр. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы өкілдерінің айтуынша, бұл жұмыс ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен шетелдегі қазақ диспорларын қолдау мақсатында қолға алынып, ондағы жеткіншектерге ана тілін үйретуді көздейді.

«Еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында шетелдегі ағайынды Атамекенді ұмытпай, оны әрдайым құрмет тұтуға шақыра отырып, осы жолда шетелдегі қандастарымызға қолдау көрсетудің тетіктерін анықтауды тапсырған болатын. Осы бағыттағы шаралар аясында Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы мен «Отандастар» қоры ҚР Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен шет елдерде тұратын қазақ диаспорасы өкілдерінің жас жеткіншектеріне арнап арнайы балалар орталығын ұйымдастыруда», деп атап өтті маусымының ашылуында Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары Арғын Оспанов. Сонымен қатар, шарада «Отандастар» қорының вице-президенті Мағауия Сарбасов пен Ресей Федерациясының Қазақстандағы елшілік кеңесшісі Кирилл Тиллябев халықаралық балалар құрылтайының тиімді тұстарына тоқталды.

https://www.inform.kz/kz/shetelde-turatyn-300-ge-zhuyk-kazak-balasy-demalu-ushin-burabayga-keldi_a3552919?fbclid=IwAR0iRqqyjrDNWU2UYrxsz_pg9n_8V_P8NgM-AFEJI-aPK8oBZ7vGjyfwmg8

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ