Қазақ диаспорасының оқуға келген жастарымен кездесу өтті

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына сәйкес 2019-2020 оқу жылына жоғары оқу орындарының дайындық бөлімінде Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ адамдарды оқытуға 1 000 орын бөлінген.
Үміткерлерден құжаттарды қабылдау биыл 5 тамыз бен 5 қыркүйек аралығында ҚР Білім және ғылым министрлігінің Балон процесі және академиялық ұтқырлық орталығының веб-порталы арқылы онлайн режимде жүргізіледі.
Оқуға тіркелген үміткерлерден тест қабылдау Қазақстанда 10-15 тамыз аралығында оқушылардың таңдаған жоғарғы оқу орындарында өтетін болады. Бүгінге дейін Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін 400-ден астам шәкірт таңдаған. Тіркеу әлі жалғасып жатыр. Алайда, ҚР Білім және ғылым министрлігінің шешімімен Еуразия ұлттық университеті тек 100 үміткерді ғана қабылдай алады.
Шет елдерден елім деп келген қандастарымыздың көбі Нұр-Сұлтанда білім алып, тұрақтағысы келеді. Осындай өтініштерімен университетке келген 50 шақты ата-анамен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының өкілі Қарлығаш Бекпатшақызы және «Отандастар Қорының» білім бағыты бойынша жауапты қызметкері Нұрымжан Қасымұлы кездесіп, олардың талап-тілектерін тыңдады.
Ата-аналарға, дайындық топтары Қазақстанның қай аймағында да бірдей бағдарламамен және балалардың бәрі тегін оқып, жатақханамен, шәкіртақымен қамтылатынын түсіндірді. Сондай-ақ, дайындық топтарын бітірген талапкерлер Ұлттық біріңғай тестілеуден кейін алған сертификаттарымен Қазақстанның кез келген жоғарғы оқу орнына таңдаған мамандығына түсуіне мүмкіндіктері бар екені айтылды.
Сонымен қатар, жыл сайын этникалық қазақтар үшін жалпы Республикалық гранттан 4% квота бөлінетінін еске салды.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ