Әділет АХМЕТҰЛЫ

Әділет АХМЕТҰЛЫ 1986 жылы 25 қыркүйекте Қытай Халық Республикасы, Алтай аймағы, Бурылтоғай ауданы, Қармағай ауылы, Таңбалы қыстағында дүниеге келген.

2012 жылы Пекиндегі орталық ұлттар университетін Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша тамамдап, Шынжаңдағы «Мұра» журналында тілші және редактор болып қызмет атқарған. 2014 жылы Атажұртқа оралған.

Қытайдағы және еліміздегі мерзімді басылымдарда шығармалары жарияланып тұрады. Бірнеше реткі республикалық, халықаралық жыр мүшәйраларының жүлдегері. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы өткізген «Алматы – тәуелсіздіктің алтын бесігі» атты халықаралық мүшайраның жеңімпазы.

 

 

Бастау

Бастармын мынау көркем жылды қалай,

Жылдардың жыбырымен жылжыған ай.

Менің көргім келгені – шуақты күн,

Тұманынан айыққан, тұнжырамай.

 

Айтайын мен ғаламның сыйына сыр,

Құзар арман түлетті биік ақыл.

Жарты сағат тыныштық керек маған,

Басқаларды қазірше сиыра тұр.

 

Осалдығым көп оны бекемдеймін,

Текті, рухты жерлерді мекендеймін.

Мені төрге сүйреген онерімнің

маңдайы жарқыраса екен деймін.

 

Үлгі алсам деп ұлт деген ұлы еменнен,

Өзім жайлы тіл қатпай жүре бергем.

Мен бастайын жап-жаңа жарқын таңды,

Жамағатқа жағымды бір өлеңмен.

 

Ол өлеңім ғұмырдың күй, думаны,

Мен отырмын осыны сый қылғалы.

Ақ сұңқардай арманның елесі сол,

Хас тұлпардай өрілген құйрық жалы.

 

Махаббат

Қу түлкідей бұлаңдап қырда қашқан,

Уақыт бізді асырды мырза жастан.

Кеше мен бір балаға сәлем бердім,

Жасымның үлкендігін бұлдамастан.

 

Сәлемімді естіді, көрді мені,

Тым ақылсыз жан емес, жөн біледі.

Кете берді мұнымды елеместен,

Енді менің жаныма тоң кіреді.

 

Әуелі, сөздің басы – аман сәлем,

Көп ескерем осыны адамша мен.

Себебі, біз өскенбіз ніл жұқтырып,

Ежелден тектілігі бар өлкеден.

 

Мен соны көргім келді жас алаштан,

Жақсылыққа құшағын ашады аспан.

Күл паршасы шығады күллі әлемнің,

Айырлған күні адамдар махаббаттан.

 

Ал, махаббат қайнары амандықта,

Махаббатсыз айналар ғалам жұтқа.

Жаратқанға махаббат жасыл шарды

Жібермейді қашанда жамандыққа.

 

Адам

Бақытты күн өшпесін бал жаласқан,

Зәмзәміңді төге бер заңғар аспан.

Адамзаттың титтей ақ құндылығы,

Тинәмдай махаббатқа орналасқан.

 

Ал өзгесі тек қана өмір үшін,

Тек Тәңірден болады төл ырысың.

Жақсылыққа балап жүр ақымақ жұрт,

Жалт-жұлт еткен жалғанның көрінісін.

 

Қозғалтып оны былай, мұны былай,

Араласып кеткені ай тұнық, ылай.

«Бұл ғұмырды адамша кештің бе?» деп,

Соны ғана сұрайды ұлы Құдай .

 

Ал, ажалдың көкжалы торығанда,

Ендігәрыіжүрмейді өмір алға.

Адам емес пендауи тірлік етсең,

Тозаққа төлқұжатың толық онда.

 

Бақытты күн өшпесін бал жаласқан,

Зәмзаміңді төге бер заңғар аспан.

Адамзаттың титтей ақ құндылығы,

Тинәмдай махаббатқа орналасқан.

 

Аңсау

Сәбидің дауысындай іңгәлаған,

Жаныма керек боп жүр бір ғажап ан.

Кәусардан тұнық болса сол бір әуен,

Заманның зар дауысы былғамаған.

 

Аңсаумен, күтуменен сол әуенді,

Жаныма жалын кірді, жалау енді.

Жадырата алмай-ақ келемін мен,

Жалғандыққа алданған жадау елді.

 

Әр жүректі сол бір ән тазаласа,

Тазалап, тар пейілді жазаласа.

Қазан асып күллі жұрт мейірленсе,

Наурызға нәр берген әз анаша.

 

Оу, шіркін шаттанар ек онда қандай,

Тәңірі тәмам елді қолдағандай.

Ел көшсе қара тауға сол әуенмен,

Арық-тұрақ, ақсақ мал жолда қалмай.

 

Қаратау тұрса сонда қолды бұлғап,

Аналар шашу шасса жолды ырымдап.

Қашан бір құйылады көкірекке,

Қайғыдан құтқаратын сол бір ырғақ.

 

Көңілге шер байланған, көзге шемен,

Боз адыр боза берген боз кесемен.

Сол әуенді қосар деп сазгер дала,

Көп болды жазып жүрмін өзгеше өлең.

 

Сәбидің дауысындай іңгәлаған,

Жаныма керек боп жүр бір ғажап ан.

Зәмзәмнан тұнық болса сол бір әуен,

Заманның зар дауысы былғамаған.

 

Күйіс

Көктемдегі өміршең көктей өнген,

Көк беткейді қуалап көп қой өрген.

Қалтарыста қаншама күй қалды екен,

Мынау ессіз ғасырға жетпей өлген.

 

Бұл ғасыр сұрқы жаман ессіз ғасыр,

Еркегінде айбат жоқ, тексіз, масыл.

Қос ішегі үзілген күй – домбыра,

Кемерінде кертаудың өксіп жатыр.

 

Күйден ел кешегісін танығандай,

Күйдің ғана өлмейтін жаны бардай.

Қай қапталда қалды екен, қай аңғарда,

Қаншама есіл күйлердің бағы жанбай.

 

Сенің бабаң шерткен күй қай аңғарда?

Құлағыңнан сүйді ме ойанғанда?

Күйді тауып алар ем бабам шерткен,

Әттең уақыт артқа сәл аяңдар ма,

Тым болмаса аз ғана аялдар ма ?

 

Уақыттың зымырау – бар білгені,

Баянсыз бағзы заман барды ілгері.

Қай бұлақтың қалды екен ағынында,

Домбырамның ғажайып зарлы ілгегі?!

 

Заманның жалғандығын, қиындығын,

Құйғытқан күйге жазып құйын күнін.

Күйдің тілін білмейтін адамдармен

Сойлесем деп кетті ғой күйім бүгін.

 

Күй – қазақтың шертетін күй мен жайын,

Күй қазақтың өсірген би мен байын.

Домбыраның дауысын сағыныпты,

Тамырынан талаурап күйген қайың.

 

Сарпалдаң ауыр күннен күй іздеймін,

Күйімнің келісінше жиі іздеймін.

Кешегім жайлы әңгіме айтар болсам,

Бұл жұртқа артық шыққан мүйіздеймін.

 

Сөйле, сөйле, домбыра, төк шеріңді,

Өткенімді тірілтші, кеткенімді.

Күйісін қайтара алмай шаһарстан,

Күйісіз өмір жанымды жеп кемірді.

 

Төзуің керек

Төзуің керек

Көп керістерге, өтпелі істерге,

Жаның ауырып, өкпең іскенде,

Тірліктегі көп тексерістерге,

Көшедегі көп кептелістерге!

 

Төзуің керек

Қыңыр өмірде қиындықтарға,

Қара лашықты құйын жыққанда.

Қу кедейліктің күйін құшқанда,

Бауырың қалса қиыр жұрттарда.

 

Төзуің керек

Ойлаған ісің қырсыға берсе,

Жалғанның өмір ырқына көнсе,

Асау арманың тұншыға берсе,

Құлазып қалса сыңсыған өлке.

 

Төзуің керек, төзбесең өлдің,

Тағдырдың оғы көздесе көндің.

Талқаның барда талпынбай болмас,

Біреуін тауып өзгеше жолдың.

 

Құдайды ойлаймыз құласақ қана,

Жамандық көріп жыласақ қана.

Ең мықты әрі бақытты адам –

Төзе білгендер рахатқа да,

Төзе білгендер ұлы атаққа да.

 

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ