Моңғолияның талай жарысында топ жарып жүрген марафоншы қазақ баласы

Моңғолияда Абылайхан есімді желаяқ жігіт тұрады. Бала кезінен жүгіру спортына қатты қызыққан ол бүгінде әлемдік деңгейдегі жарыстарға дайындық үстінде. Келесі жылы елімізге келетінін айтады. Tengrinews.kz тілшісі марафоншымен сұхбаттасты.

Абылайхан Бахытнасыр Баян-Өлгий аймағында дүниеге келген. Жасы 19-да. Бүгінде ол – 64, 50, 42, 21 шақырым қашықтыққа жүгіретін кәсіби спортшы.

“Әкемнің есімі Бахытнасыр, ауруханада күзетші болып жұмыс істейді. Ал анасы Кабира – аспаз. Өзіме келсем, бала кезімнен жүгіруге қатты қызығып өстім. 15 жасымнан жеңіл атлетикамен айналыса бастадым. Менің бір жыл ғана бапкерім болды, өз себептерімен ол басқа жұмысқа ауысты. Одан бері үш жыл бойы бапкерсіз, өзім дайындаламын. Интернеттен жаттығуларды көп қараймын”, – дейді марафоншы.

“Менің бір ғана мақсатым бар – қазақтың атын әлемге таныту. Бұл мақсатыма жету үшін көп тер төгіп, еңбектеніп жатырмын. Бұйырса, еңбегімнің жемісін жақында көрермін деген ойдамын”, – деген ол ендігі жоспарын да айтты.

Абылайхан осы төрт жылдың ішінде аймақ, қалалық жарыстарда талай оқ бойы озып, бірінші орындарды бермей келген. Ал былтыр тамызда өткен таулы аймақта 50 шақырым жүгіруден халықаралық жарысында қол медальға қол жеткізген.

Тағы бір жарыста жұп болып жүгіруден олжа еншілепті. Бозбала көз жанарынан айырылған 60 жастағы əжейді 5 шақырым ертіп жүгіріп 1-орын алған.

Ендігі жоспары – биыл Моңғолияда өтетін 225 шақырым қашықтыққа жүгіруден халықаралық марафонға қатысу. Оның ендігі демеушісі де бар екен.

“Маған қаржылық жағынан демеу көрсетіп жүретін Баян-Өлгий аймағының жылу станциясының бастығы Тілеуберді Мұрат ағама алғысым шексіз. Қалалық жарыстарға қолдау көрсетіп отырады”, – дейді ол.

Осы жасында оған халықаралық жарыстарға қатысудан да ұсыныс келе бастаған. Бірде оған Берлин марафонына қатысуға ұсыныс келген, амал не, қаражаттың жоқтығынан сайысқа бара алмаған.

Алайда биылдан бастап ол әлемдік деңгейдегі жарыстарға барамын дейді. Мәселен, Нью-Иорктегі TOP 5 марафонына қатысуды жоспарлап отыр екен.

“Жаттығуымды Ұланбатыр қаласында жасап жатырмын. Нұр-Сұлтан қаласында тұратын Сырымбек Төлеуұлы деген ағамыз мені Қазақстанға келуге шақырған, Қазақстанға келсең осы жақта жаттықтыратын бапкер тауып беремін, қолдау көрсетемін деп айтты. Бұйырса, келесі жылы Қазақстанға келемін”, – деп әңгімеледі Абылайхан.

“Түнде елес кезіп жүреді”. Атақты марафоншы шөл даланың аңызын әңгімеледі

https://tengrinews.kz

ПІКІР ҚАЛДЫРУ