Азаматтық алу мәселесі жіті бақылауда Бейсенбі күні Осакаров ауданына Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Қарағанды филиалының жетекшісі Меруеш Башай, Қарағанды облысының Ішкі істер департаменті Көші-қон полициясы басқармасының бас маманы Роза Мансуровна жұмыс сапарымен келіп, шет елден келген қандастармен кездесу өткізді.

2018 жылы Елбасы төрағалық ететін Дүниежүзі Қазақтары Қауымдастығының Қарағанды облысында филиалы ашылып, туған еліме туымды тіксем деген ниетпен келген қандастырымыздың азаматтық алу  мәселесіне құқықтық көмек көрсетуде. Сонымен қатар өңірлік филиал шет елден оралған ағайындарға білім, мәдениет, басқа да салада қолдап,  мәдени қайраткерлердің өнер кештерін ұйымдастырып, шығармашылығын насихаттау шараларын да жүргізуде.

Кездесуде Меруеш Башай 2018 жылы облыс бойынша 1600 адам азаматтықа өтініш тапсырғанын, соның ішінде 600 адамға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың оралмандар мәртебесін жеңілдетілген тәртіппен 2019 жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзарту туралы 16 наурыздағы 21 Жарлығына сәйкес азаматтық берілгенін айтты.

– Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы отанға оралғандар арасындағы барлық қиындықтарды шешуге жұмыс жасауда. Біз барынша облыстағы аудан, қалаларды аралап, барлық мәселемен танысудамыз,- деді ДҚҚ өңірлік филиалының жетекшісі.

Кездесу барысында Көші-қон полициясы басқармасының бас маманы Роза Мансуровна қатысушылардың сұрақтарына жауап беріп, мәртебесі кешіктірілген жандардың оны ұзарту және қазақстандық азаматтығын алу үшін ішкі істер органдарына құжаттарды оңайлатылған тәртіппен беру  үшін жергілікті атқарушы органдарға жүгіне алатынын тілге тиек етті.

Осакаров ауданында 46 азаматтығы жоқ (186 адам) қандастар отбасы тұрады. Бүгінгі таңда  25 адам әртүрлі ЖШС-де және шаруа қожалықтарында жұмыс істейді, 6 адам мемлекеттік секторда (білім беру ұйымдарында) қызмет етуде.  41 адам жеке қосалқы шаруашылықтарында өзін-өзі жұмыспен қамтып, 8 адам әртүрлі жоғары және орта арнаулы оқу орындарында білім алуда. Ал  8 нәзік жанды 3 жасқа дейінгі  бала тарбиесімен айналысуда.

Отанына оралған отбасылар  кепілдендірілген ақысыз медициналық көмекпен қамтамасыз етіліп,  мектеп жасындағы балалар білім ошақтарында оқыса,  9 бала мектепке дейінгі ұйымдарда тәрбиеленуде. Көп балалы және аз қамтылған отбасы балалары мектепте тегін тамақтанады. Отбасылардың  негізгі бөлігі баспанамен қамтамасыз етілген, тұрғын үй кезегінде 1 отбасы тұр.

Аудан әкімінің орынбасары Алма Шалабаева:

– Жат елден келген жандардың  жұмыспен қамтылуын және бейімделуін қамтамасыз ету мақсатында Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мамандары кенттер және ауылдық округ әкімдіктерінің мамандарымен бірлесіп, мемлекеттік қызмет алу үшін құжаттарды рәсімдеу және Қазақстан Республикасының азаматтығын алу үшін құжаттарды рәсімдеу мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын тұрақты негізде жүргізілуде.  2018 жылы 43 адам азаматтық алса, 2019 жылы 87-сі ҚР азаматы құжатын алды. 46 адамның құжаттары көші-қон басқармасында қаралуда,- деді.

2018 жылы Жұмыспен қамту орталығына  жүгінген 17 адамның 10-ы тұрақты жұмысқа орналастырылды, 1 адам шаштараз мамандығы бойынша оқытылып, 6 адам қоғамдық қызметке жіберілген. Ал үстіміздегі жылы жұмыс іздеп келген 2 азамт  тұрақты жұмысқа орналастырылған.

2018 жылы атаулы әлеуметтік көмек 9 отбасына (53 адам) 1603,6 мың теңге сомасында, 2019 жылы 17861,5 мың теңге сомасында 19 отбасына (112 адам) көрсетілді.

Ағымдағы жылы «Еңбек» өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша азаматтығын қабылдаған 41 адам жаңа бизнес идеяларын іске асыру үшін мемлекеттік грантқа ие болса, 24 адам «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы жеке ісін ашуға несие алды.

Кездесу соңында Алма Қабыкенқызы Отанға оралып, елім-жерім деп келген қандастардың азаматтық алуына, құқықтық және әлеуметтік мәселелері бойынша көмек көрсетіліп жатқанын, әрі бұл сұрақтардың Осакаров ауданының құзырлы органдарының жіті бақылауында екенін айтты.

Гүлім Сембай

ПІКІР ҚАЛДЫРУ