Елдің қамын ер ойлар

«Ерім дейтін ер болмаса, елім дейтін ер қайдан болсын» демекші, қай заманда да қазақ ерлерден кенде болмаған. Бүгінгі таңда алға шығып тұрған күрделі мәселенің бірі – еліміздің солтүстік аймақтарына көшуге ниет білдірген қандастарымызды оңтайлы орналастыру. Мемлекеттік деңгейде көтеріліп, көші-қон саясатын жетілдіру мәселелері бойынша ұсыныстар әзірлеу жөнінде жұмыс тобы құрылып, өз жұмысын атқаруда.

Осы жұмыс тобының мүшесі ретінде мен де өз ұсынысымды дайындау үстіндемін.

Біз ұлт болып ұйысып,  жұмыс күші артық өңірлерден жұмыс күші тапшы өңірлерге қоныс аударуды ынталандырудың мемлекеттік шараларды жетілдіру  мақсатында саналы түрде жұмылып жұмыс жасауымыз керек. Себебі, солтүстік аймақтарға қазақтан басқа ұлт өкілдері белсенді түрде көшіп барады деу қиын. Көшіп барып жатқан өзге этникалық топтардың өкілдері де байқалып отырған жоқ. Туған жерге туыңды тік, кіндік қаның тамған жерге күш қайратың барда қасық қаның қалғанша дамуына өз үлесіңді қос! Бұл нағыз азаматқа тән қасиет болса керек. Осындай азаматтар жоқ та емес, олармен мақтансақ болмас па.

Солтүстік аймақтардың жан саны жыл өткен сайын кеміп, демографиялық апатты жағдайдың тереңдеп бара жатқаны жасырын емес. Ауылдар азып-тозып , түгін тартсаң майы шығатын шұрайлы мекендер елсіз далаға айналып, құлазып барады.

Осындай жағдай «менің ауылымда да болмасын, қайтсек ауылымды сақтап қаламын, бәріміз бірдей ауылға ат басын бұрмай кетсек не болады» деп, жаны күйіп, шалғай да болса ата жұртына ат басын бұрғандар арасынан ағайынды Игібаевтар әулетін айтқым келеді.

Келешекте ауылын туризмнің орталығына айналдыру, жаңадан мектеп, мешіт, мұражай салып, алыстан көшіп келетін ағайындарды елге тарту   мақсатында олар өзара ағайындасып жұмыс атқаруда. Тарихты терең зерттей отырып, ауылға жаңа ат берейік деген ұсынысты да алға тартты. Ол жәй ат емес, Шыңғыс ханды тарих сахнасына алып шыққан, қазақтың ханы Тұғырыл хан атын өз ауылына беру.

Осыған орай,   Ақмола облысы Біржан сал ауданының «Қызылұйым» ауылының атауын «Тұғырыл хан» атына өзгерту туралы ұсыныспен  ауыл тұрғындары бас қосқан  жиын өтті. Жиналысқа аудан әкімі Сыздықов Ермек, аудандық мәслихат депутаты Даулетбаев Медет, ішкі саясат бөлімі басшысы Бермағанбетов Самат, мәслихат хатшысы Шауенов Серәк, «Тұғырыл хан – Он хан» корпоративтик қорының директоры Игібаев Асылхан, мектеп директоры Калубекова Ақбаян, Тұғырыл хан – Он хан қорының  атқарушы директоры Жади Шакенұлы, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы Астана және Ақмола филиалының басшысы Хожамұрат Қарлығаш қатысты. Ауыл тұрғындары өз ойларын ортаға салды. Жиын соңында арнайы осы жиынға Игібаев Асылханның ұйымдастыруымен келген ҚР еңбегі сіңірген өнер қайраткерлері, ерлі зайыпты Құрманбек пен Риза өз өнерімен ауыл тұрғындарын тамсантса, жақында ғана Қытай Халық Республикасынан көшіп келген көрнекті ақын, әнші, композитор Серік Әбілұлы домбырамен әуелетіп ән салды. Асылхан мырза  арнайы шақырған  қонақтарға дастархан жайып, қазақы салт-дәстүрмен сый-сияпат жасады.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жанынан құрылған, Көші-қон саясатын жетілдіру мәселелері бойынша ұсыныстар әзірлеу жөніндегі жұмысшы тобының мүшесі ретінде осындай игі бастамаларды өз ұсынысыма қоссам деген ойдамын.

Ауылдан шыққан қалталы әрбір азамат Игібаевтар әулеті сияқты, туған ауылдарын көркейтуге күш салса, құлазыған елді мекендер қайтадан жанданып, ауыл тұрғындары да еңселерін көтеріп қалар еді. Еліміздің өркендеуіне елулі үлес қосылар еді.

Сөзімнің соңында «ауылға аттан, ағайын!» дегім келеді.

Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы

Астана және Ақмола облысы

филиалының басшысы Қ.Хожамұрат.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ