Дәрігер: Батыс медицинасы – аурудың белгілерін, халық емі себептерін емдейді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Дәстүрлі терапия деген не? Батыс медицинасы мен халық емінің айырмашылығы неде? Халық емінің қандай артықшылықтары бар? ҚР Денсаулық сақтау министрлігі не себепті халық емін қарқынды дамытуды қолға алмақ? Халық емі төңірегіндегі осы және басқа да өзекті мәселелер бойынша ҚР Президенті Іс Басқармасы Медициналық орталығы ауруханасының дәстүрлі терапия дәрігері (рефлексотерапевт) Айнұр Құрметбек ҚазАқпарат тілшісіне жауап берді.

ЕЛІМІЗДЕГІ ШИПАЖАЙЛАРДА ҚАЗАҚ ХАЛЫҚ ЕМІ ОРТАЛЫҚТАРЫ АШЫЛАДЫ

– Айнұр ханым, дәстүрлі медицина туралы әр адамның түсінігі әртүрлі. Бірі оны батыс медицинасы ретінде қабылдаса, енді бірі халық емі деп түсінеді…

– Қазақстан аумағында «дәстүрлі медицина» деп батыс медицинасын атайды. Ал Қытай, Жапония, Корея сияқты мемлекеттерде «дәстүрлі медицина» деп медикамендозсыз жолмен емдейтін халық емін айтады. Халық еміне инемен емдеу, фитотерапия, массаж түрлері, сүлік салу, тамыр ұстау, хиджама және тағы басқалары жатады.

– Биыл сәуір айында өткен «Шипажай – 2019» IV халықаралық практикалық форумында ҚР Президенті Іс Басқармасы Медициналық орталығының басшысы Алексей Цой «Алдағы уақытта көшпенділер өркениетіндегі емдеу жолдарын жандандырамыз. Көбі қазақтың дәстүрлі медицинасы бар екенін біле бермейді. Әртүрлі шөптермен, шұбат, қымыз сияқты ұлттық сусындармен емдеу де осы салаға кіреді. Мұндай ем түрлерін патенттеп, өзіміздің шипажайларымызда қолданатын боламыз. Әр адамда қандай ем түрін қабылдау керектігі туралы таңдау мүмкіндігі болуы керек керек. Әрине, кез келген халық емін патенттей бермейміз, қандайда бір ем түрін ұсынған адам оның емдік қасиеті бар екенін алдымен ғылыми түрде дәлелдеуі керек» деген еді. Осыған қатысты қандай пікір білдірер едіңіз? – Еліміздегі медицина саласында соңғы он-он бес жылда дәстүрлі медицина, яғни халық емі қарқынды дамып келе жатыр. 1 желтоқсаннан бастап ҚР Президенті Іс Басқармасына қарасты курорт, шипажайларда Қазақ халық емі орталықтары пайда болады. Мұндай орталық ең алдымен Оқжетпестегі шипажайда ашылады. Бұған дейін халық емін дамытатын дәрігерлер болмады. Қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды қалаларындағы Медицина академияларында халық емімен емдейтін мамандарды дайындайтын кафедралар жұмыс жасауда.

ӘЖЕМ ТАУЛАРҒА ШЫҒЫП, ЕМДІК ШӨПТЕРДІ ЖИНАЙТЫН

– Арнайы серитификаты бар емшілер мемлекеттік медициналық мекемелерде жұмыс істей ала ма?

– Оларда міндетті түрде медициналық білім болуы керек, себебі науқасты емдеген кезде оқыс жағдай болса алғашқы медициналық көмек көрсетуді немесе тиісті дәрігерге жіберуді білуі керек. Медициналық білімі жоқ адам қалай жұмыс істей алады?

– Ал өзіңіз осы бағытта ем жүргізу үшін қандай оқу орнында оқыдыңыз?

– Мен 2005-2013 жылдар аралығында «Болашақ» бағдарламасымен Пекин қалалық Қытай халық медицинасы университетінде оқыдым. Одан кейін Шанхайда оқып, халық медицинасымен айналысатын мамандық бойынша білім алдым. Қазір бұл салада жұмыс істейтін мамандар көп.

– Не себепті медицинаның басқа емес, осы саласын таңдадыңыз?

– Мен Моңғолдияда туып-өстім. Әкемнің «Қазақтың шөп емдері», «Булау емдері», «Бұлау емдері» сияқты халық еміне қатысты кітаптары көп болатын. Мен соның бәрін оқыдым. Әкемнің айтуынша, әжеміз Баян-Өлгейдегі тауларға шығып, дертке шипа болатын шөптерді жинап алып келеді екен. Балалары ауырған кезде сол шөптермен ғана емдеген. Жалпы жер бетінде 6 мыңнан астам емдік шөп бар. Осы емдік шөптердің көбі Қазақстанның кең байтақ жерінде бар, бірақ онымен айналысып жатқан үлкен кәсіпорын жоқ. Бұл бағытта істейтін жұмыстар өте көп.

ХАЛЫҚ ЕМІНІҢ ҒЫЛЫМИ НЕГІЗІ БАР

– Халық медицинасына сенбейтіндерге қарсы айтылатын уәж қандай?

– Олар халық медицинасының ғылыми негізі, дәлелдемесі жоқ екенін айтады. Мысалы, тамыр ұстау арқылы дертті анықтағанға да күмәнмен қарайды. Ал шын мәнінде, тамыр ұстаған кезде 28 түрлі пульс жиі кездеседі. Емші әр пульс қай дертке жауап беретінін біледі. Бізді оқытқан кезде осының бәрін үйретті, яғни оның ғылыми дәлелі бар. 1970-1980 жылдары Қытайдың өзінде билік халық медицинасын қолдануға қарсы болған. Сөйтіп бұл сала Қытайда да дамымай қалып, Бразилия, Аргентинада дамып кеткен. Соңғы 40 жылда Қытай халық еміне қайтадан ден қоя бастады. Қазіргі таңда Үрімжі қаласындағы медициналық академияда «Қазақ халық емін зерттеу кафедрасы» бар. Ол жерде біздің қандастарымыз жұмыс істейді. Олар жылына бір-екі рет елімізге келіп, лекция оқып кетеді. Алдағы 10-15 жылда қазақ халық медицинасы тіптен қарқынды дамитын болады деп ойлаймын.

– Халық емі бөлімі еліміздегі медициналық мекемелердің көбінде бар ма?

– 2017 жылы 1 сәуірде ҚР Президент Іс Басқармасы Медициналық Орталығының ауруханасында Шығыс емі бөлімі ресми түрде ашылды. Оның ішіне қазақ халық емі де, тибет, қытай, моңғол, жапон халық емдері кірді. Қазақстан бойынша мемлекеттік медициналық мекемелер ішінде мұндай халық емі жан-жақты, кең көлемде біздің орталықта ғана қолданылады.

ҚЫТАЙДА ДӘСТҮРЛІ МЕДИЦИНА МЕН ХАЛЫҚ ЕМІ БІРІГЕ ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ

– Батыс медицинасы мен халық емінің айырмашылығы неде?

– Мысалы, сіз конъюктивит болып қалсаңыз, батыс медицинасы бойынша жұмыс істейтін маман көзге тамызатын дәрі береді. Сіз көзіңізді осылай емдегенмен, оның пайда болу себебін түсінбейсіз. Ал ондай жағдайда ауру қайталануы мүмкін. Ал халық емімен емделетін болсаңыз, бұл саладағы маман сіздің көзіңізді емдеп қана қоймай, оның пайда болу себебін анықтап, жалпы ағзаңызды тұтастай емдейді. Батыс медицинасы – ауру белгілерін емдесе, халық емі – ауру себептерін емдейді. Мысалы, сіз де, мен де дәрігер алдына бас ауруымен бардық делік. Батыс медицинасы екеумізге де бір диагноз қойып, бірдей жолмен емдейді. Ал халық емі, екеуміздің ауру себебімізді анықтап, екі ем түрін қолданады.

– Халық емі қандай дерт түрлерін емдей алмайды?

– Оқу оқыған кезде мен де профессорларға осы сұрақты қоятынмын. Халық емі арқылы онкологиялық ауруларды түбегейлі емдеу мүмкін болмаса да, ары қарай асқындырмай ұстап, өмір сүру сапасын жақсарта тұруға болады. Қытай медицинасы неліктен дамып кетті деп ойлайсыз? Себебі ол жақта дәстүрлі медицина мен халық медицинасы біріге жұмыс істейді. Біздің елде де осы тәжірибе қолға алынса деп ойлаймын.

ХАЛЫҚ ЕМІ ДЕРТТІҢ АЛДЫН АЛАДЫ

– Халық емінің тағы қандай артықшылықтары бар?

– Халық емі аурудың алдын алады. Мысалы, инемен емделу, сүлік салу, хиджама жасату сияқты халық емі түрлері жүрек-қан тамыры және басқа ауру түрлерінің алдын алады.

Сапалы әрі ұзақ ғұмыр сүру үшін қандай қағидаларды ұстану керек?

– Мен Бейжіңде оқып жүрген кезде менімен бірге 70 жастағы кәріс ата оқыды. Ол оқуын 78 жасында бітірді. Сол кезде одан «Сіз менің атаммен жасты екенсіз. Не үшін оқып жатырсыз?» деп сұрасам, ол өзін қартайған адам сезінбейтінін, медицина саласында енді кем дегенде 20-30 жыл қызмет етемін деп ойлайтынын айтты. Демек, адам ешқашан «болдым, толдым, төрімнен көрім жақын» деп ойлауына болмайды. Ең бастысы – дұрыс тамақтану, күйзеліске түспеу және көп қозғалуға көңіл бөлуі керек. Күнделікті жейтін тамағыңызға мән беріңіздер. Біз таңғы ас ішіп дағдыланбағанбыз. Таңертең бір стақан су немесе бір кесе шәй ішіп, жұмысқа шығып кетеміз. Негізінде тамақ ішуге ең қолайлы, ең дұрыс уақыт – таңғы уақыт. Сосын біз қазіргі уақытта күйзеліске бейімбіз. Күйзеліс болған кезде ағзада ақау пайда болады. Ол миға, сүйекке, буынға, бұлшықетке, тіпті адамның жыныс мүшесінің қызметіне кері әсерін тигізеді. Адам өмірінде қозғалыстың мәні зор. Жұмысқа дейін көлікте отырып, жұмыста орындықта отырып, үйге көлікпен бару, одан кейін диванға жата қалу дұрыс па? Аурудың бәрі қозғалыстың аз болуынан пайда болады.

– Әңгімеңізге үшін рахмет!

 

https://www.kazinform.kz/

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ