«Ана тілім – ардағым» халықаралық байқауы

21-ақпан – «Халықаралық ана тілі» күні. Осы атаулы күнге орай мемлекеттік тілдің мерейін асырып, ана тілімізді ардақтау мақсатында «Отандастар қоры» мен бірлесе отырып, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы алыс-жақын шет елдердегі этникалық қазақ балалары арасында «АНА ТІЛІМ – АРДАҒЫМ» халықаралық байқауын жарялаған болатын, деп хабарлайды ДҚҚ баспасөз қызметі
Бүгін байқауға шығарма қабылдаудың межелі мерзімі аяқталады, сондықтан жазған шағын шығармаңызды бүгін бізге жолдап үлгеріңіздер. Шығарма қабылдаудың соңғы күнінде мүмкіндікті мүлт жіберіп алмаңыз, қапы қалмаңыз!
Байқау шарттары:
– Байқау талабына сай жазылған шығармалар «Отандастар» қорына электронды пошта арқылы жолданады. Электронды адрес: info@oq.qov.kz; serik_abduali@mail.ru
– Байқауға алыс-жақын шет елдердегі этникалық қазақ балалары (8-11 сынып оқушылары) – қандас ұл-қыздар қатыса алады;
– Байқауға қатысуға талапкер оқушылар «Отандастар» қорына «Шығыстың Аристотелі» атанған ғұлама ойшыл Әбу-Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығы және ұлтымыздың ұлы ақыны, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы, философ Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына арнап өзінің ой-толғамын шағын шығарма етіп жазуы тиіс. Ұлтымыздың ұлы тұлғаларын ұлықтап, олардың өнегелі өмір жолы мен өміршең туындылары туралы шығарманы қара сөзбен немесе өлең жанрында жазуға болады. Көлемі А4 форматындағы 2 беттен аспауы керек;
– Шығарма авторы өзінің аты-жөні, туған жылы, айы, күні, тұрғылықты мекен-жайы және жеке басына қатысты мәліметтерді жеке парақта, бөлек жазуы тиіс;
– Байқауға жолданатын шығармаларды қабылдаудың межелі мерзімі: 1 ақпан – 17 ақпан аралығы;
– Байқауға жолданған шығармаларды білікті тіл-әдебиет мамандарынан құрылған қазылар алқасы іріктеп-сұрыптап, ең үздік деп танылған 6 (алты) туындының авторы жүлдегерлер деп танылады.
– Жүлделі орындар: I орын – біреу; II орын – екеу; III орын – үшеу, барлығы 6 жүлде.
– I орын – «Туған елге саяхат» туристік пойызына 1 (бір) жолдама;
– II орын – Бурабайдағы «Балдәурен» балалар лагеріне 2 (екі) жолдама;
– III орын – НЗМ (НИШ) лагеріне 3 (үш) жолдама (Нұр-Сұлтан қаласы).
– Жүлдегерлердің Қазақстанға келіп-кету жолақысы және күтіп алу-шығарып салу шығыны «Отандастар» қоры есебінен төленеді.
– Жеңімпаз бен жүлдегерлер 20 ақпанға дейін анықталып, үздік үштікке енгендердің есімі 21 ақпан – Халықаралық Ана тілі күнінде жария етіледі және ДҚҚ мен Қор сайты мен әлеуметтік желілерде жазылады.
– Байқау туралы ақпараттық материалдар «Отандастар» сайтына және oq-bilim.kz, сондай-ақ әлеуметтік желілерде орналастырылады.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ