Қандастарымыздың мұңы – біздің мұңымыз

«Egemen Qazaqstan» газетінің биылғы 17 наурыздағы санында жарық көрген «Халық санын қандастар көшінің есебінен көбейте аламыз ба?» атты мақала өте өзекті мәселені қозғапты. Көлемді мақалада қандастар­дың мәселесі жан-жақты терең талданып, жүйелі ұсыныстар жасалған.
Шынында халық санын қандастар көшінің есебінен көбейте аламыз ба? Қазірдің өзінде бір миллиондай қандасымыз алпауыт Ресей халық­тарының арасына із-түзсіз сіңіп кетеді деген қауіп бар. Олардың айтуына қарағанда, орыстану қаупі бар және қандастарымыз әртүрлі қыспақ та көреді екен. Ал Ресей бас­шылығы басқа елдердегі орыстарды өз жеріне үлкен жеңілдіктермен кө­шіріп алуға белсене кіріскені белгілі. Әрине, шетелден келген қан­дас­тарымызды ең алдымен баспа­на мәселесі алаңдатады. Бұл жағдайда екі ­жаққа да ұтымды жолы: Қазақстан және Ресей тұрғындары арасында жеке үй не пәтерлер айырбастау интер­н­еттік базасын құру дұрыс болар еді. Сонда іс алға басатыны сөзсіз. Ол үшін екі ел арасында келі­сім­шарт жасалуы тиіс. Тағы бір айта кетер жайт, қандастардың басым көп­шілігі оңтүстік өңірлерге көшіп келуде. Бұл әрине, түсінікті, бірақ қандастарымызды солтүстік аймақ­тарға орнықтыруға да зор көңіл бөлі­нуі қажет. Бұл мәселеде шағын қала­лардың мүмкіндіктерін тиімді пайдалану қажет. Ондай қалашықтар саны елі­мізде аз емес. Сондай-ақ солтүстік об­лыс­тарда қаншама ауылдар бос қалған.

Тағы бір ой. Солтүстік облыс­тарда қандастарымыз уақытша тұра­тын жатақханалар салу ісі қолға алын­са. Жатақханалар ешқашан артық болмайды. Жалпы алғанда қан­дастардың хал-ахуалын қада­ғалау, мұң-мұқтажына көңіл аудару, көмек көрсету тек Үкіметтің ғана емес, бар­шамыздың міндетіміз.

Нақыпбек СӘДУАҚАСОВ, заңгер

ПІКІР ҚАЛДЫРУ