Анталияда Абай атындағы саябақ ашылды

3 қыркүйекте Түркияның Анталия қаласында Абай атындағы саябақ ашылды, деп хабарлайды ДҚҚ – баспасөз қызметі.

Абайдың 175 жылдық мерейтойын мерекелеу шеңберінде Қазақстан Түркиядағы Елшілігі, Анталиядағы Консулдығы, Қазақстан және Еуразия халықтарының достық пен мәдениет қауымдастығының бастамасымен Анталия қаласында орналасқан саябаққа Абай Құнанбайұлы есімі берілген болатын.

Саябақта Абайдың мәрмермен қапталған еcкерткіш тақтасы орнатылып, ашылу салтанатына Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы, Анталия қаласы Мұратпаша ауданының мэрі Үміт Уйсал, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы мен «Отандастар» қорының атынан Лятифа Кучембаева, Қарлығаш Қожамұратова, Қожа Ахмет Яссауи университеті Өкілетті кеңесінің Төраға кеңесшісі, профессор Фырат Пурташ, Республикалық Халық партиясының Анталиядағы төрағасы Нусрет Баяр және орынбасары Рафет Зейбек, Қазақстан және Еуразия халықтарының достық пен мәдениет қауымдастығы мүшелері, жергілікті қонақтар мен БАҚ өкілдері қатысты.

Алқалы жиын барысында Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбековтің құттықтау хатын Қарлығаш Бекпатшақызы тапсырып, Түбі бір Түркі халқы үшін үлкен мереке екенін атап өтті.

Сонымен қатар, шағын концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, Абай шығармашылығынан белгілі өлендері оқылып, ән-күйі шырқалып, кітаптары сыйға тартылды.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ