Іс шара жоспарының орындалуы талқыланды

Кеше Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары, «Отандастар Қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Қазақ диаспорасымен жұмыс департаментінің басқарушы директоры Әділбек Ыбырайымұлы 2021 жылға арналған іс-шаралар жоспарының орындалуы жайын қандастармен бірге талқылады.

Жиынға «Төртінші билік» Республикалық қоғамдық-саяси апталық газетінің бас редакторы Төлемырза Темірбекұлы, Қауымдастық Орталық аппаратының кеңесшілері Қарлығаш Бекпатшақызы, Лятифа Кучембаева және Ақмола, Қарағанды облыстарының филиал жетекшілері, сондай-ақ, өзге де жауапты адамдар қатысты.

Кеңес барысында қандастармен келген қазынаның ұлттық құндылыққа қосылған баға жетпес байлық екені айтылып, осы ұшан-теңіз дүниені рухани жаңғыру аясында туған топыраққа сіңіру жайы қаралды. Қазақы тәлім-тәрбие мен қолөнер шеберлерінің мектебі, ұлттық тағам аспаздарының құпиясы, саяткерлік салт-дәстүрдің сақталуына жете мән берілуіне тоқталды. Сонымен қатар, теріскейдегі табиғат ерекшелігіне сәйкес сәуір айының соңында тал отырғызу, табиғат-ананы аялау тәрізді шараны өткізуді жоспарлады.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ